Басты ақпаратҚала тіршілігі

Тілсіз жаумен арпалысқан

Салақтық пен жа­уапсыздықтың салдары өрттің тууына себеп болып жатады. Мұндайда «101» нөміріне хабарласып, өрт сөндірушілердің көмегіне жүгінуге мәжбүр боламыз. Дегенмен олардың кешігіп келгенін айтып, кінәлап жататын кездеріміз де аз емес. Жалпы алғанда, өрт сөндірушілер кімдер? Қайда тұрады? Қызметі олардан нені талап етеді? Бір күнде «101» нөміріне қанша қоңырау келіп түседі? Біз осы сұрақтарға жауап іздемек мақсатында №3 өрт сөндіру бөлімшесінде болдық.

– Жұмыс уақытымыз таңғы 08:00-ден басталады. Бір тәулікте орташа есеппен алғанда 180 қоңырау түседі. Ал күн суытып, қыс түскенде 200-ден аса адам көмек сұрайтын кез болады. Әлбетте, оның бәрі өрт сөндіруге ғана қатысты емес, апаттық құтқару бойынша да хабарласатындар бар. Ал ең алдымен хабарласушыдан қандай қиындыққа тап болғанын сұрап алғаннан кейін зардап шеккен адам бар ма екенін білеміз. Әрі қарай сол мекенжайға жақын орналасқан бөлімшені жібереміз. Іс толығымен аяқталмайынша жауапты бөлімшемен радиостанса арқылы байланыста боламыз, – дейді бізді қарсы алған диспетчер, азаматтық қорғау старшинасы Құралай Ержанова. Айтуынша, апатты аймақта зардап шегушілер болса, өрт сөндіру бөлімшесінің білікті дәрігерлері бірге аттанады екен. Сондай-ақ диспетчер «103» нөміріне қоңырау шалып, жедел жәрдем мамандарына хабар береді.

Балаңызды жалғыз қалдырмаңыз!

Қиын жағдайға көбіне бүлдір­шіндер тап болады. Құралай Ер­жа­новамен сұхбаттасып отыр­ғанымызда оқыс жағдай көбіне ата-ананың балаларын үйіне қалдырып, сыртынан кілттеп кеткеннен кейін болатынын айтты.
– Бірнәрсені нықтап тұрып айтқым келеді, мектеп жасына жетпеген баланы үйде жалғыз қалдыруға болмайды. Ол терезенің алдына шығып алып, сыртқа шықпақ болады. Соның салдары қайғылы жағдайға әкеп тіреуі мүмкін. Шынымды айтсам, оқыс оқиғада баланың қаза болуы телефонның бер жағында отырған бізге өте ауыр тиеді, – дейді диспетчер маманы.
Қаза болғандар мен зардап шек­кендердің тізімі «101» қызметкерлерінің арнайы дәптерінде жазылып отырады. Сұрап білгенімізде осы жылдың басынан бері 9 адам көз жұмыпты. Олардың бірі тілсіз жаудың құрбаны болса, енді бірі электр сымдарын дұрыс пайдаланбай, қазаға ұшыраған. Төтенше жағдай кезінде ішімдікке сылқия тойып алып, тіл тартпай кететіндері де көптеп кездеседі екен. Биылғы жылдың басынан бері түрлі деңгейде жарақат алғандардың тізімі 37 адамға жеткен.
Оқыс оқиға көбіне жер үйлерде болады. Бұған қоса автокөліктердің де өртенуі жиі болып тұрады екен. Ал өз бетімен қызыл жалынды өшірмек болған адам беті-қолын күйдіріп, зардап шегіп жатады. Диспетчердің айтуынша, қайғылы жағдайдың басым бөлігі кеш хабарласқаннан болады.

Оқиға орнына қанша уақытта жетеді?

Жақында Денсаулық сақтау министрлігі жедел жәрдем қызметкерлерінің жету уақытын науқас­тың жағдайына байланысты төрт деңгейге бөліп, бекіткен. Оған сәйкес, дәрігерлер 10, 15, 30, 60 минут аралығында көмек көрсетіп үлгеруі тиіс. Ал өрт сөндірушілерге мұндай уақыт берілмейді. Хабарлама түскеннен кейін небәрі 10 минуттың ішінде оқиға орнына жетіп, алғашқы көмек көрсетуі талап етіледі. «Өрт тілсіз жау болғаннан кейін ол ешнәрсені күтпейді. Дер кезінде жетіп ауыздықтамаса, соңы жақсылыққа апармайды» дейді азаматтық қорғау старшинасы. Диспетчерлік бөлімнің жұмысымен танысып отырғанымызда шұғыл хабар түсіп, қаладағы дәмханалардың бірінің қоймасы отқа оранғаны белгілі болды. «Өрттен зардап шеккендер жоқ па? Мекенжайыңызға жақын маңдағы бөлімшені аттандырдық» деп диспетчер қыз қысқа да нұсқа жауап берді.
10 минут ішінде оқиға орнына жеткеннен кейін ауладағы көліктердің ретсіз орналасқаны өрт сөндіру машиналарына айтарлықтай кедергі келтіріп тұрғанын байқадық. Артынша полицейлермен байланысып, эвакуаторлармен қозғалтуға тура келді. Осындай жағдайларға байланысты өрт орнына кешігіп жататын сәттер болатынын түйсіндік.
Диспетчерлік бөлімнің жұмысына қарап өрт сөндіру, жедел жәрдем, полицей қызметкерлерінің бір-бірімен тығыз байланыста екенін байқауға болады.
«101» нөмірінің жұмысымен та­нысқаннан кейін ғимарат ішін аралауға кірістік. Бейне бір әскери бөлімге тап болғандай күйде қаласың. Ішінде сарбаздардың жатын орны да, асүйі де бар. Тіпті шынығу үшін жаттығу залы да қарастырылған. Бұдан бөлек, білімдерін жетілдіру үшін күнделікті дәрістер оқытылып, конспект те жаздыратыны белгілі болды. Ал үшінші қабаттың шыға берісінде өрт сөндіру машиналарына тікелей сырғып түсетін шағын орындар қарастырылған. Өрт сөндірушілер арнайы жаттығудан өтпесе, жылдам түсемін деп жазым болуы әбден мүмкін.
Шағын зерттеу жұмысымызды әрі қарай жалғап, өрт сөндіру машиналары орналасқан тұсқа қарай аяңдадық. №3 өрт сөндіру бөлімінің басшысы, азаматтық қорғау майоры Дәурен Жанжұмановтың айтуынша, қазір мұнда 5 көлік бар екен. Ал өрт өте ауқымды болған жағдайда гаражда тұрған қосымша 5 көлік жұмылдырылады. «Қолданыста тұрған көліктер жарау ат секілді. Еш жерінде мін жоқ. Жанармайы таусылып немесе бір жерінің бұзылып тұрғанын көрген емеспін. Шақыртуға барып келгеннен кейін ғимарат ішінде олқылықтары бірден жөндеуден өтеді» дейді бөлім басшысы.

2300 литр суды 7 минутта шашады

Өрт сөндіру көліктерін зерттеу­ді әрі қарай жалғадық. Олардың әрқайсысына 2300 литрден аса су сыяды екен. Ал машинаның күштілігі сондай, небәрі 7 минуттың ішінде соның бәрін шашып үлгереді. Осының салдарынан қосымша көмек шақыртылады екен. Өрт кезінде «су жетпей қалды» деген тұрғындардың ашу-­ызасы осыдан шығатын көрінеді. Мұнда назар аударарлығы, биіктігі 11 қабатқа жетерлік арнайы сатымен қамтамасыз етілген көлік бар. Дегенмен оны да кез келген уақытта пайдалануға болмайды. Астананың боранды немесе аязды күнінде қолдануға жарамайды. Бірақ жоғарыда айтылғандай, үйде жалғыз қалған бүлдіршінді құтқаруда, міне, осы машинаның көмегі тиеді. Сол сияқты көпфункциялы өрт сөндіргіш машинаға мән бердік. Сұрап білгенімізде шақыртулардың көбіне осы техника аттандырылады екен. Өзгелеріне қарағанда атқарар қызметі де көп. Оның үстіне, алыс-жақын қашықтықта тұрып, тілсіз жауды ауыздықтағанға да ыңғайлы көрінеді.

Бірінші кезекте өрт сөндірілмейді

– Өрт сөндіруге барғанда ең ал­дымен адамдарды құтқарамыз. Адам өмірі, яғни олардың зардап шекпегені өте маңызды, сонан кейін бас жоқ, көз жоқ, шлангыны шығарып, су шашпаймыз. Егер от электр желісінен тұтанған болса, өзімізді ток соғып, өліп кетуіміз мүмкін. Сондықтан қысқа уақыттың ішінде бригада басшысының жетекшілігімен электр желісі істен ажыратылады, – деп түсіндірді Жасұлан есімді қызметкер.
Қызыл жалынмен арпалысқан жандардың жұмысы қашанда мақтауға тұрарлық. Дана халқымызда «түрі өрт сөндіргендей» деген сөз жай айтылмайды. Бұл – өмір тәжірибесінен алынып, тұрақталған ұғымның атауы. Шын мәнінде, олардың қызметі – өрттің ішінде. Ажалмен күнделікті бетпе-бет келген сарбаздар өзгенің өмірі үшін өзін құрбан етуге дайын тұруы тиіс.

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button