Жаңалықтар

Тимур МҰРАТОВ, Астана қаласы №2 ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары: СЕРВИСТІҢ ҮЛКЕНІ – СЫРҚАТТАРҒА САПАЛЫ ЕМ ЖАСАУ

Тимур МҰРАТОВ

Бақытжан:
– Ремиссия стадиясындағы оң жақтың созылмалы мезотимпаниті деген диагноз қойылды. Сонымен бірге, құлақ мүкістігінің төртінші деңгейі, сол жақтың адгезивті отиті, кондуктивті құлақ мүкістігінің бірінші деңгейі бар. Бұл ауруларды сіздерде емдете алам ба?
– Мұндай ауруларға барлық жерде консервативті ем қолданылады. Бұл жөнінде лор бөлімшесінің меңгерушісі Ермек Елемесұлы Иманғалиевтен ақылы кеңес алуыңызға болады.

Ақерке:
– Жатақханада тұрамын. Ас-суымды уақытылы ішпеймін, көбіне қуырылған тамақтар жеймін. Асқазаным қыжылдап ауырады. Тамақ ішсем ауырғаны қояды. Сәлден соң тағы бүріп ауырады. Қалай диета ұстауға болады? Не істеуге болады?
– Мұндай сұраққа телефон арқылы жауап беру өте қиын. Сондықтан сізге жергілікті жердегі емханаға барып қаралып, қажетті тексерілулерден өтіп, білікті мамандардан, терапевт дәрі­герден немесе гастроэнтерологтан ақыл-кеңес алған дұрыс болады.

Қанат:
– Қайырлы күн! Мұрным сынып, кейін қисық бітті. Оны сіздің ауруханада түзету мүмкін бе?
– Ол үшін қалалық №2 аурухананың лор бөлімшесіне келіп, дәрігерге көрініңіз. Ондағы дәрігерлер жоғары санатты қызмет көрсетеді. Алдымен сіздің мұрныңызды рентгенге түсіреді. Сосын ринопластика немесе эндоскопиялық әдіспен ота жасау арқылы мұрын ішіндегі шеміршекті түзетіп береді. Егер сіз ақылы түрде қызмет алғыңыз келсе, мүмкіндігінше таңертеңгі уақытта тікелей біздің ауруханадағы ақылы емханаға келіп, маман дәрігерге жазыласыз. Маман сізге кеңес беріп, қажетті анализдерімен рентген суретінің қорытындысы бойынша қай уақытта ота жасау керектігін айтады. Ақылы ем қабылдау үшін біздің ауруханамен келісімшартқа отырасыз. Дәрігерлер қажет деп тапса, сізге сол күні ота жасалады. Егер тегін медициналық көмек алғыңыз келсе, онда жергілікті мекенжайыңыз бойынша өзіңіз тіркелген емханаға барып, лор дәрігеріне қаралыңыз. Ол сізді науқастарды госпитализация порталына тіркейді. Кезегіңіз келген кезде біздің стационарға келіп түсесіз. Мұнда сізге ақысыз медициналық көмек көрсетіледі.

Сәуле Қайыржанова:
– Қалалық №2 ауруханада бүйрек кистасына ота жасала ма?
– Бүйректің кистасы – қатерсіз (доброкачественный) құрылым. Қазіргі кезде оны емдеудің бүкіл әлемде дұрыс деп табылған жолы – эндоскопиялық жолмен кистаны алып тастау. Бүгінгі заман талабына сай емдеу түрі осы. Ота наркоз беру арқылы жасалады және ондай кезде пациенттің еш жеріне пышақ тимейді.

Мақпал Құрмашева:
– Мұрнымның пошымы өзіме ұнамайды. Сіздің ауруханада пластикалық операция жасатуыма бола ма?
– Біз пластикалық операциялар жасамаймыз. Егер мұрныңыздың формасы ұнамаса, Астанада жекеменшік клиникалар көп, соларға хабарласып, ота жасатуыңызға болады.

Бибігүл:
– Сол жақ құлағымның тұсы ауырады және жағым ашылмайды. Қай дәрігерге қаралуым керек?
– Бұл сырқаттың әртүрлі себептері болуы мүмкін. Сондықтан да сізге невропатолог және лор дәрігеріне қаралған жөн. Диагнозыңыз анықталғаннан кейін дәрігер сізге қажетті ем көрсететін мекемеге немесе бөлімшеге жол сілтейді.

Маржан Қыстаубай:
– Бүйректегі және несеп жолындағы ұсақ және орташа өлшемді тастарды пышақтың көмегінсіз, яғни отасыз-ақ бөлшектеуге болатынын естідім. Айтыңызшы, бұл сонда қалай жүзеге асады?
– Зәр шығару жолдарындағы көлемі бір сантиметрден аз тастарды қашықтықтан және эндоскопиялық әдіспен үгіту мүмкіндігі бар. Яғни, бүйректегі тастарды организмге ештеңе енгізбей сыртынан үгітуге болады. Адам ағзасына ешқандай пышақ тигізбей кіші дәрет жүретін жолдар арқылы эндоскопиялық лазерлік литотрипсия көмегімен үгітіп шығаруға да мүмкіндік бар.

Марат Балтабаев:
– Дәрігер маған жүрек каналдарын ауыстыру керектігін айтқан болатын. Үш каналдың біреуі 100 пайызға, бірі 70 және тағы біреуі 30 пайызға толып қалғандықтан шұғыл ота қажет. Қалалық №2 ауруханамен хабарласуға кеңес берді. Сіздерде жүрекке ота жасала ма?
– Сізге аортокоронарлық шунттеу жасау керек шыгар. Ол үшін біздің аурухананың кардиология бөлімшесіне хабарласыңыз. Телефондары мекемеміздің сайтында бар. Егер сізге шұғыл түрде ота жасау керек болса, онда сіз тұрғылықты жеріңіз бойынша жедел жәрдем көмегіне жүгіне аласыз. Жедел жәрдем қызметі сырқатыңыздың ауырлығына байланысты біздің ауруханаға өздері-ақ алып келеді. Ал, басқа қалада тұратын болсаңыз, сол жердегі жергілікті жедел жәрдем қызметіне хабарласқаныңыз жөн.

Талғат:
– Астанада дәрігерлердің тапшы екенінен хабардармыз. Бұл ретте сұрайын дегенім, сіздер мамандарды қалай даярлайсыздар?
– Мамандарды даярлау біздің негізгі қызметімізге жатпайды. Өздеріңізге белгілі, Астананың, Алматының медициналық жоғары оқу орындарында бос орындар жәрмеңкесі ұйымдастырылып тұрады. Сонда барып, қатысып, өзімізге қажетті мамандарды іздеп тауып аламыз.

Дариға:
– Тимур Мұратұлы, мынаны білгім келеді: №2 ауруханада капсульді колоноскопия бар ма?
– Иә, қалалық №2 ауруханада капсульді колоноскапия жасалады. Біз Қазақстанның солтүстік облыстарындағы осындай эндоскопиялық тәсілмен диагностика жасайтын жалғыз мекеме болып табыламыз. Колоноскопияға жазылу үшін ақылы емханамызға хабарласыңыз. Телефоны ауру­хананың www.astanaclinic.kz сайтында көрсетілген.

Сезім Сабырқызы:
– Қалалық №2 ауруханада сервис мәселесі дұрыс жолға қойылмаған. Сіздерге хабарласу мүмкін емес. Алда-жалда біреу телефон тұтқасын көтере қалғанның өзінде мардымды жауап ала алмаймыз. Кейбіреулер тіпті дөрекі сөйлейді. Осыны бір ретке келтіруге болмай ма?
– Сезім, сіздің айтқан өкпе-назыңызды біз, әрине, қабылдаймыз. Егер қажет деп тапсаңыз, маған хабарласыңыз (телефоным – 577228). Біз медициналық көмек көрсету кезінде дөрекілік танытқан қызметкерлер болса, олармен жеке сөйлесіп, шешім қабылдаймыз. Ал, негізінде біздің денсаулық сақтау мекемесін қызмет көрсететін мекемемен салыстыруға келмейді, салыстыруға болмайды да. Мекеменің негізгі функциясы – сервис көрсету емес, денсаулықты сақтау.
Ауруханамыздың қабылдау бөліміне жылына 36 мың науқас келіп қаралады. Соның ішінде 14 мыңы ғана стационарға жатып емделеді. Сонда, байқап отырсаңыздар, біз ауруханамызға келушілердің үштен бірін ғана стационарлық емге жатқызамыз. Қалған 22 мың науқас амбулаторлык деңгейде емделуі тиіс, осы санаттағы науқастарға жұмсалған уақытта басқа ауыр науқастарға сапалы қызмет көрсетуге болар еді. Демек, ауруханамыздың қабылдау бөліміндегілер кішігірім емхананың қызметін, яғни өзімізге қатыссыз жұмысты атқарып отыр. Сондықтан, біздің негізгі міндетіміз тұрғындардың денсаулығын сақтау және нығайту екенін естен шығармасаңыздар екен.

Роза:
– Жұмыссыз жүрмін. Негізгі мамандығым – орта медициналық қызметкер. Сіздерге мейірбикелер қажет емес пе?
– Қазіргі кезде реанимация бөлімшесіне анестезиолог-реаниматолог дәрігерлер қажет. Орта медициналық персоналдарға келсек, сол реанимация бөлімшесіне де мейірбикелер жетіспейді. Сондықтан, сіз мекемеміздің кадр бөліміне 577-220 телефоны арқылы хабарласыңыз немесе түйіндемеңізбен келіп, осы бөлім қызметкерлеріне жолығыңыз.

Қайролла:
– Кейінгі кезде жүрек-қан тамырлары ауруларына шалдыққандар көбейіп кетті. Оның алдын алу үшін не істеуіміз керек?
– Дұрыс айтасыз. Дегенмен, бұл – бір ауыз сөзбен жауап бере салатын сұрақ емес, күрделі мәселе. Қарапайым тілмен айтқанда, адам баласы ең алдымен өзін-өзі сақтауы керек. Ол үшін біріншіден артық салмақтан арылып, темекі, шылым шекпеу керек. Уақытында спортпен шұғылданып, стрестерді болдырмауға тырысуды да есте сақтаңыз. Бұл жөнінде жеке адамның науқасына байланысты консультация алу үшін сізге кардиолог маманға барып қаралыңыз дер едім.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button