Тірек-қимыл аппараты бұзылған балаларға шеберлік сабақ өтті
«Тарлан» мұз айдынында тірек-қимыл аппараты бұзылған балалар үшін парахоккейден шеберлік дәрісі өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Балалар арасындағы парахоккей Ресейдің бейімдік хоккей федерациясымен бірігіп дамытылуда.
«Қазақстан бойынша парахоккей тек 2022 жылы ғана қолға алынып, әлемдік дивизиондарда өнер көрсеткен едік. 2023 жылы алғаш рет Astana 2023 World Championship B-Pool-ды өткізсек, енді балалар секциясын да қолға алғалы жатырмыз. Салыстырмалы түрде біз бірден ересектер сапынан бастап кетіп едік. Енді 8-16 жас аралығындағы балалар парахоккейдің базасын меңгеріп, техникалық шеберліктерін шыңдауға мүмкіндік алады. Жалпы Қазақстан бойынша парахоккейден мұз айдыны Астана мен Талдықорғанда ғана бар. Уақыт өткен сайын жетіле береміз деген сенімдемін», – деді парахоккейден Қазақстан федерациясының бас хатшысы Қайрат Сабиров.
«Спортта жоғары жетістікке жетудің қарапайым өмірде де рөлі өте жоғары. Себебі спорт адам бойындағы ең маңызды қасиеттерінің бірі – ерік-жігерді шыңдайды. Следж-хоккей соңғы жылдары ғана қолға алынғанымен, әлемдік дәрежеде қарқынды түрде дамып жатыр. Бүгін Қазақстан тарапымен біріге отырып, парахоккейді дамытып отырғанымызға қуаныштымыз. Осы орайда өз тарапымыздан 10 шананы сыйға бердік», – деді Ресей Федерациясының Қазақстандағы елшілігінің кеңесшісі Юрий Мельник.
Іс-шара соңында тірек-қимыл аппараты бұзылған 50-ге жуық бала арнайы іріктеуден өтіп, Қазақстан мен Ресей командаларының арасында жолдастық матч ұйымдастырылды.