Жаңалықтар

Тіркеу аяқталуға таяды

Діни бірлестіктерді қайта тіркеу процесінің нәтижесінде елорда аумағында 47 діни ұйым жұмысын жалғастырады деп болжануда. Сондай-ақ діни мазмұндағы материалдар құзырлы органдармен бекітілген арнайы 55 орында ғана сатылып, таратылатын болады. Бұл туралы Астана қаласы әкімдігі жанындағы Діни бірлестіктермен байланыстар жөніндегі кеңес отырысында мәлім болды.  Бас қаладағы діни ахуал туралы айтылған жиынға елорда әкімінің орынбасары, һәм  кеңес төрағасының орынбасары Аида Балаева қатысты.

Дін істері департаментінің директоры Жорабек Дәуреновтің мәлімдеуінше, жыл басында елорда аумағында 55 діни ұйым (42 бірлестік пен 13 филиал) жұмыс істеген. Бүгінде «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңға сәйкес, 32 діни бірлестік пен 5 филиал қайта тіркеуге құжат тапсырып, дінтану сараптамасының оң қорытындысына ие болып, тіркеуден өтті. Ал  бұрын тіркелген 14 діни ұйымның қызметін тоқтату шаралары жүргізілуде. Сонымен қатар «Әзірет Сұлтан» мен «Төлебай»  мешіттері Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының филиалы ретінде есептік тіркеуге алынып, 4 діни ұйым алғашқы тіркеуден өтіп жатыр. «Сонымен біз қайта тіркеу науқаны нәтижесі бойынша қалада 40 діни бірлестік пен 7 филиал қызметін жалғастырады деп болжап отырмыз. Жыл бойында діни бірлестік өкілдерімен бірнеше кездесулер өткізіліп, қолданыстағы заң талаптарын түсіндіру бойынша жұмыс жүргіздік. Жалпы, Астанадағы діни ахуал тұрақты.

Ендігі меже – діни мазмұндағы материалдарды тарату мәселесін дұрыс жолға қою. Бұл жұмыс төрт кезеңнен тұрады», деді Ж.Дәуренов.

Енді діни бағыттағы кітап, парақшаларды қалаған жерінде сатумен айналысқандар жауапкершілікке тартылады. Мамандар «жазаға тартқаннан алдын алып, түсіндірген жөн» дегенді негізге алып, ақпараттық жұмысқа күш салмақ. Бұған қоса шаһар аумағында жұмыс істеп тұрған 30 құлшылық бөлмесін заң шеңберінде қалыпқа келтіру де жоспарда бар.

Болашақтың болжамымен бөліскен баяндамашы бас ауыртқан өзекті мәселеге де ден қойды. Біріншіден, мұсылман мешіттеріндегі кадр тапшылығы. Екіншіден, жастар арасында әлдебір ұйымдарға «сенушілердің» көбейіп келе жатқандығы алаңдатады. Мамандар көрсеткіштің көбі Көктал, Теміржолшылар және Қосшы кентіне тиесілі деп отыр.  «Деструктивтік ағымдардан зардап шеккендерге көмек көрсету орталығына» түскен ақпаратқа жүгінсек, қалада сот шешімімен тыйым салынған «Ата жолы», «Аль-аят» ұйымдар жұмыс істеп отыр.

Кеңес төрағасының орынбасары Аида Балаева  арандатушылардың арбауынан аман болу үшін алдымен,  насихатты күшейту қажеттігін баса айтты.

– Біз қолданыстағы заңның талаптарын халыққа түсіндіріп, ақпарат беруіміз керек. Ел аумағында жұмыс істеуге тыйым салынған діни ұйымдардың тізімін де жариялау  қажет. Бұл дегеніміз, бізге өз жұмысымызға күш салуымыз керек деген сөз.  Ал, кадр тапшылығына қатысты айтарым, мәселені шешуге атсалысамыз, – деді А.Балаева.

Кеңес барысында белгілі болған тағы бір дерек, елордалықтардың 68 пайызы дінге сенушілер екен. Сондай-ақ Дін істері агенттігі жүргізген статистика 18 мың астаналық ұдайы жұма намазға келетінін көрсетіпті. Бұл қала халқының 2 пайызын құрап отыр.

Айнұр ШОШАЕВА

 

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button