Басты ақпаратМәселе

Тізім бар, түзім жоқ

Астана қаласында «алдын ала 20-30 пайызын төлеп, қалған ақшаны пәтер бітіп, кілтті қолға алған кезде төле» деген жарнамалар көбейіп барады. Оның үстіне, ол үйлердің бағасы BI Group сынды сенімді компания­лардың үйлерімен салыстырғанда әлдеқайда арзан екен. Әсіресе үй ала алмай жүрген жұрт үшін бастапқы жарнасын төлеу өте қиын болғандықтан, «20 пайыз, 30 пайызын төлеп үй ал» десе, әрине, жұрттың көбі қызығады. Алайда сол компаниялар қаншалықты сенімді? Ертең жұрт келіскендей үйін ала алмай тағы шу шығып, қаладағы проб­лемалы құрылыстардың қатарын көбейтпей ме?

2022 жылғы қарашадағы жағдай бойынша қайталама нарықтағы пәтерлердің бағасы 12 айда 26,9%, жаңа тұрғын үй бағасы 17,3% өскен. 2022 жылдың қарашасында көпқабатты тұрғын үй жалдау ақысы өткен жылмен салыстырғанда 48,6% артқан

Жақында бір досымыз үй алатын болып бүкіл қаланы кезіп шықтық. Дайын үйлердің бағасы салыстырмалы түрде айтқанда қымбат болғандықтан, көбінде жаңа салынып жатқан үйлерді жағаладық. Бір байқағанымыз, Астанада 1, 2 бөлмелі пәтерлерге сұраныс жоғары болғандықтан, сатушылар бұл пәтерлердің бағасын аспандатып жіберген. 30-35 шаршы метрлі бір бөлмелі үйлердің бағасының өзі 11-12 миллионнан жоғары. Алды 18-19 миллионға дейін шарықтап кеткен. Ал екі бөлмелі үйлердің бағасы 16 миллионнан басталып, 30 миллионға таяп жығылады. Есесіне 3, 4 бөлмелі үйлердің бағасы салыстырмалы түрде арзандау. «Неге бұлай?» десеңіз, біріншіден, жұрттың көбінің үлкендеу үй алуға шамасы келмейді, екіншіден, бас қалада бір бөлмелі пәтерлерді сатып алып, жалға беру маңызды кіріс көзіне айналған. 10-20, тіпті 30-40 пәтерді жалға беріп табыс тауып отырғандар көп. Міне, бұл – Қазақстанда үй бағасының үздіксіз шарықтап бара жатуындағы жанама себептің бірі.

Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сүйенсек, 2022 жылғы қарашадағы жағдай бойынша қайталама нарықтағы пәтерлердің бағасы 12 айда 26,9%, жаңа тұрғын үй бағасы 17,3% өскен. 2022 жылдың қарашасында көпқабатты тұрғын үй жалдау ақысы өткен жылмен салыстырғанда 48,6% артқан. Демек, үй бағасын қалыпқа түсіреміз десек, бір басында 2-ден артық үй немесе отбасы мүшелерінің атында бірнеше пәтері бар адамдарға жеке мүлік салығын молайтып, пәтерін жалға бергені үшін қосымша табыс салығын еселеп салған орынды секілді.

Тіпті астанадағы ығы-жығы салынған құрылыс­тан бас айналатын күйге жеттік. Құрылыс компаниялары құрылыс салып ақша тапса болды, басқасына бас қатырып жатқан жоқ. Қазірдің өзінде Астанада тұрғын үйлерді сумен, жылумен қамтамасыз ету де күрделі мәселеге айналып барады. Мектеп, балабақша жетіспей жатқан жағдай тағы бар

Бір қызығы, қаладағы бастап­қы төлейтін жарнасын 20-30 пайызға дейін төмендеткен компаниялардың көбі үлескер тартуға рұқсаты жоқ құрылыс компаниялары болып шықты. Өткен жылдың қараша айында Астанада құрылыстың бастапқы сатысында  үлескерлердің ақшасын қабылдауға тиісті рұқсаты жоқ құрылыс ұйымдарының тізімі жарияланған болатын. Бас қалада құрылыс салумен айналысатын 80 компанияның аты көрсетілген бұл тізімнің кіріспесінде  көрсетілуінше, заң бойынша  құрылыстың бастапқы сатысында үлескерлердің ақшасын тарту үшін «Жобалардың мемлекеттік ведомстводан тыс сараптамасы» ШЖҚ РМК оң қорытынды беруі керек. Әкімдік қызметкерлерінің айтуынша, «Үлескерлердің қаражатын рұқсатсыз қабылдауға заңмен тыйым салынады, бұл ретте Қазақстан Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 320-бабы, сондай-ақ Қазақстан Қылмыстық кодексінің 214-бабы бойынша кәсіпкерлік қызметтің тыйым салынған түрімен айналысқаны үшін жаза қарастырылған». Бірақ мұны елеп-ескеріп отырған құрылыс компаниялары жоқ көрінеді. Есесіне ебін тауып, халықтан ақша жинап, саудасын жүргізіп жатыр. Ал оны бақылап отырған құзырлы органның қадай қарап отырғаны белгісіз. Өйткені аталған компанияларға «сіздер Астана қаласы әкімдігі жариялаған үлескер тартуға рұқсаты жоқ құрылыс компанияларының тізімінде тұрсыздар ғой» десек, «олар айта береді, үш ай сайын жариялайды ондай тізімді» деп айылын да жимады. Оның үстіне, ол компаниялардың салып жатқан құрылысының сапасы да тым керемет емес. Тағанын құйып алып, қалған бөлігін кірпіштің өзімен ғана жинап жатыр. Төртбұрышына немесе салмақ түсетін орындарына арматура қойып, бетонмен қатырып жатқаны кемде-кем. Оны бақылап отырған мекеме бар ма, жоқ па – ол жағы белгісіз.

Астанадағы ең маңызды мәселенің бірі – құрылысы ұзаққа созылған нысандардың көптігі. Алды 10 жылға таяған құрылыстар да бар. Бағасының арзандығына қызығып ақшасын салып жіберген талай тұрғын кілтін күтіп, үйін ала алмай жүр. Осы мәселеге байланыс­ты Мемлекет басшысы қала әкімдеріне арнаулы тапсырма беріп, мәселені өз бақылауына алған болатын. Соның нәтижесінде құрылысы тоқтап тұрған бірталай нысан қайта салынып, пайдалануға берілген еді. Ендеше оңына басқан жұмысты жалғастыру үшін бас қалада ендігәрі «сақалды» құрылыстардың салынуына жол бермеу керек. Осы тұрғыдан алғанда, Астана қаласының Қалалық орта сапасы және бақылау басқармасы жария­лаған тізімдегі компания­лардың өз білгенінше жұмыс жүргізіп жатқаны ойлантады. Бұларға бақылау күшеймесе, ертең ол да «сақалды» құрылысқа айналып, тағы да шу шықса, халық айналып келіп әкімдікті табады.

Тағы бір айта кететін мәселе, тұрғын үй саудасының қыза түсуіне байланысты қазір жеке компаниялар қаладан алақандай жер алса, мінгестіріп құрылыс сала беретін болды. Тіпті астанадағы ығы-жығы салынған құрылыстан бас айналатын күйге жеттік. Құрылыс компаниялары құрылыс салып ақша тапса болды, басқасына бас қатырып жатқан жоқ. Қазірдің өзінде Астанада тұрғын үйлерді сумен, жылумен қамтамасыз ету де күрделі мәселеге айналып барады. Мектеп, балабақша жетіспей жатқан жағдай тағы бар. Иін тірескен тұрғын үйлердің арасында тұрғындардың тұрмысына, демалуына қолайлы бақша сияқты демалыс орындары атымен жоқ. Демек, Үкімет тұрғын үй саудасына реттеу жүргізуі керек. Әсіресе, алыпсатарлар мен үйді жалға беріп пайда табатындарға заңды күшейтпей, тұрғын үй мәселесі мүлдем шешілмейді.

Ендігі бір мәселе – «7-20-25» бағдарламасы мен «Отбасы банк» арқылы үй алудың жолын әлі де жетілдіру керек сияқ­ты. Әсіресе «Отбасы банктің» халыққа тиімсіз тұсы өте көп. Мәселен, «Отбасы банктің» қазіргі қарыз беру талабы «жиналған сома келісімшарт сомасынан 50%-дан кем болмауы тиіс, сондай-ақ салым салудың минималды мерзімі 3 жылға толуы шарт». Үлескерлердің ақшасын қабылдауға тиісті рұқсаты жоқ құрылыс ұйымдары осы тетікті жақсы пайдаланып, бастапқы жарнасын 20-30 пайызға дейін төмендету арқылы жұртты алжастырып отыр. Демек, «Отбасы банк» те «жиналған сома келісімшарт сомасынан 50%-дан кем болмауы тиіс» деген талапты өзгертіп, тым құрығанда 30 пайызға төмендетсе, жұрттың көбі «Отбасы банк» арқылы үй алар еді.

Қысқасы, дұрыс тұрғын үй саясаты қалыптаспайынша, тұрғындарды баспанамен қамту, құрылысы ұзаққа созылатын нысандардың мәселесін түбегейлі шешу мүмкін емес. Қалалық орта сапасы және бақылау басқармасының үлескер тартуға рұқсаты жоқ құрылыс компанияларының тізімін жариялап қойып, оны қатаң бақыламай отырғаны да кейін сол құрылыстарға қатыс­ты шу шықса, «біз ескерттік, алданған өзің» деп басын ала қашуға жасап қойған мүмкіндігі сияқты. Тізімге енген компания­лардың ештеңеден жасқанбай, шалқайып отырғаны – соның айғағы.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button