Басты ақпаратЕл тынысы

Төбеме көтерер көк туым

Елін, жерін, мемлекетін сүю қандай қасиетті ұғым болса, сол мемлекеттің маңызды белгісі саналатын мемлекеттік рәміздерді құрметтеу – әрбір азаматтың қасиетті міндеті. Ұрпағын «Туған жерге туыңды тік», қандай қайғы-қасіретке жолықсаң да рухыңды сындырма, туыңды жықпа деп тәрбиелейтін қазақ халқы көтерген туын жанынан артық қорғаған. Ту ұстап, қол бастаған батырларын құрметтеп, төбесіне көтерген. Міне, осы бір қасиет қарапайым қағида ретінде әр қазақтың қанына сіңген.

Мемлекеттік рәміздер – еліміздің егемендігі мен тәуелсіздігін айдай әлемге паш ететін, мемлекетіміздің өткені, бүгіні және болашағы арасындағы сабақтастықтың бөгенайы бөлек маңызды белгісі. 1992 жылы 4 маусым күні тәуелсіз Қазақстанның жаңа мемлекеттік рәміздері бекітілді. Сол күннен бастап бұл күн «мемлекеттік рәміздердің туған күні» ретінде ұлықталып келеді. Бірақ біз бір күнді «рәміздер күні» деп белгілегенімізбен, басқа күндерде сол қастерлі белгілерге қандай құрмет көрсетіп жүрміз? Қазақтың барлық баласы көк туын тік ұстап, көкірегіне басып, ардақтау­ға әзір ме? Байқаймын, біздің елде жас ұрпаққа осы жағындағы тәрбие жүйелі жүргізілмей жатқан тәрізді. Өйткені бізге жас жеткіншектердің мемлекеттік рәміздерге деген түсінігі мен махаббаты солғын сияқты сезіледі.

Шетелде жүрген кезімізде ақсақалдардың Тұңғыш Президенттің суретін көргенде «қазақтың патшасы осы екен ғой» деп сүйінгенін, Қазақстанның көк туын көргенде «аспан түстес асылым, ақыр заман болғанша Алаш аспанында желбіре» деп кемсеңдеп, көзіне жас алып, туды құшырлана иіскегенін талай көрдік. Соны көріп өскен соң ба, жоқ әлде бала күнімізден Қазақстан, көк ту деген ұғым санамызға сіңіп, жүрегімізге жазылып қалған соң ба, көк туды көргенде көзіміз шырадай жанып, айрықша рухтанып кететінбіз. Қытай елінде мемлекет мерекесі кезінде ту шығарып, мемлекеттік рәміздерге құрмет көрсету бұлжымас борышқа айналған. Таң атпай тұрып, ту шығару салтанатына қатысып тұрған кезде «шіркін, қашан Қазақстанға жетіп, көк тудың алдына «Менің Қазақстаным­ды» шырқап тұрар екенмін…» деп талай қиялдаған едім. 2011 жылы Дүниежүзі қазақтарының IV құрылтайына Қытай мемлекетінен келген делегацияның құрамында мен де болдым. Салтанатты жиын басталар алдында әнұран шырқалып, көк туымыз баяу көтерілген сәтте менің тұла бойым шымырлап, көзімнен жас ыршып кеткенін өзім де сезбей қалдым. Әрине, бұл көп адамға күлкілі, асырып айтқан сөз сияқты сезілуі мүмкін. Көк туды күнде көріп жүрген адамдардың мұндай сезімге бөлене бермейтіні де белгілі. Бірақ шетелде жүрген қазақтар үшін Қазақстан деген атаудан киелі, көк тудан қасиетті ештеңе жоқ. Қасиетінен айналайын көк туды көргенде рухтанып кететіні де содан. Бұған дәйекті дәлел ретінде «Көк тудың желбірегені» әнінің сөзін жазған Алмас Ахметбектің мына сөзін келтірсек те жеткілікті секілді:

Төбеңнен елдік нұрын тұрған құйып,

Өмірде ешнәрсе жоқ тудан биік!

Несіпбек АЙТҰЛЫ

«1993 жылы азаттықтың он төртінші айында алғаш рет туған елімнің топырағына табаным тигенде, «Қорғас» бекетінен желбіреген туымызды көрдім. Тудың құдіреті жүрегімді шарпып өткендей болды. Адамдардың асқақ сезімін аспаннан ағыл-тегіл шашып, мемлекеттілігі бар ел екенін меңзеп тұрған талай жұрттың желбіреп тұрған жалауын көріп жүрміз, бірақ сол сәтте көз алдымда тұрған ту мен үшін басқа еді. Ақында аяқасты келетін алақұйын сезім, шалқып келетін шабыт деген болады. Тап сол сәтте ту маған ғана арнап тіл қатып тұрғандай көрінді. Сондай көңіл күйдің әсерімен жазылған өлеңнің алғашқы шумағы:

«Көк тудың желбірегені

Бақыттың елжірегені,

Қиырда қалған қазақтың

Ата жұртына жете алмай

Көзінің мөлдірегені» деп өрілді. Кейін бұл өлеңге ән жазылды».

Бұл – еш бояусыз шындық. Біздің бұған қосарымыз Қытай елінде мемлекеттік рәміздерге құрмет көрсету бала күннен берілген тәрбиемен қонады. Мектеп табалдырығын аттаған күннен бастап туға құрмет көрсету отаншылдықтың басты белгісі ретінде насихатталады. Мемлекеттік рәміздерді құрметтеу жайлы жазылған шығармалар бастауыш мектептердің оқулықтарына дейін енгізіліп, арнаулы сабақ ретінде оқытылады. Тудың суреті басылған нәрселерді аяқтың астына тастамайды. «Қазақстан» маркалы тәтті шоколадтарды жеуін жесек те, қабын аяқтың астына тастағымыз келмей қиналатын әдет бойымызда сол бала кезде қалыптасқан.

Қытайда көк тудың суреті басылған киімдерді кию сәнге айналғанына да 30 жылға таяды. Қазақстанға біреу туысшылап немесе сапарлай барса, сәлемдемеге Қазақстанның туы басылған немесе рәміз түстес спорт киімдерін тапсырушы едік. Алда-жалда көк туы бар бас киім қолымызға түссе, оған балалар түгіл, үлкендер де қызыға қарайтын. Бірақ ол жақта қазір бәрі де өзгерді. Әлемдік жарыс­тарда Қытайдың қызыл туына емес, Қазақстанның көк туына қолдаушы болып, тақым қысып отыратын әдетін де қоя бастады.

Қысқасы, әр елдің азаматтары үшін өз мемлекеттік рәміздерінен қастерлі ештеңе жоқ. Бірақ әңгіме соны қалай сезінуде. Төбеме көтерер туым деп шын жүректен сүйе білмесең, ол да қарапайым нәрсеге айналып, қадір-қасиеті төмендеп кетеді.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button