Елорда тынысы

Төлем қабілеті мен банкроттық мәселелері талқыланды

Астана қалалық сотында азаматтардың төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және сот банкроттығы туралы заңнаманы қолдану мәселелері талқыланды, деп хабарлайды www.astana-akshamy.kz/

Астана қалалық сотының жұмыс жоспарына сәйкес, 2023 және 2024 жылдың 9 айы кезеңінде азаматтардың төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және сот банкроттығы рәсімін қолдану туралы азаматтық істерді қарау бойынша сот тәжірибесіне қорыту жүргізілді.

Қалыптасқан сот тәжірибесін, өзекті мәселелерді және заңнаманы одан әрі жетілдіру қажеттілігін талқылау мақсатында Астана қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотында судьялардың, ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті, Астана қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер Департаменті өкілдерінің, Қаржы басшыларының қатысуымен дөңгелек үстел өтті.

Астана қалалық сотының судьясы А.Тілеубаева іс-шараға қатысушылармен амандаса отырып, 2024 жылы келіп түскен өтініштер және тиісінше шешім шығарумен аяқталған істер санының ұлғаюын көрсететін статистикалық деректерді келтіріп, осы санаттағы істерді шешу кезінде судьяларда туындайтын мәселелерді атап өтіп, сот төлем қабілеттілігі немесе төлем қабілетсіздігі бойынша дұрыс қорытынды жасау үшін қаржы басқарушыларының назарын борышкердің қаржылық жағдайы туралы қорытындының толықтығын қамтамасыз ету қажеттігіне аударды.

Астана қалалық сотының судьясы А.Рамазанова нақты сот істерінің мысалында қарыз алушыға қатысты соттан тыс банкроттық рәсімі басталғанда берешекті өндіріп алу туралы талаптармен кредиторлар сотқа жүгінген кезде материалдық және іс жүргізу заңнамасын одан әрі жетілдіру қажеттігі туралы баяндады.

Сондай-ақ, судья Г.Әубәкірова қатысушыларға сот тәжірибесі туралы түсіндіре отырып, нақты азаматтық істердің мысалдарын келтіріп, 2024 жылғы 19 маусымда заңға енгізілген өзгерістерді дұрыс түсіндіру мәселелерін, атап айтқанда соттардың берешекті өтеуге қатысты  есептелетін кезең мен төлем сомасын есептеу туралы нормаларды дұрыс айқындау мәселелері туралы атап өтті.

Ары қарай қатысушылар туындаған барлық мәселелерді толыққанды талқылап, заңнаманы одан әрі жетілдіру, борышкерлердің адалдық өлшемдерін айқындау қажеттігін растады.

Б.Кандылда заңның тікелей әзірлеушісі, ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетінің өкілі ретінде соттан тыс банкроттықты қолдану тәртібін көрсетіп, судьялар мен қаржы басқарушыларының Заңның жекелеген ережелерін түсіндіру туралы сұрақтарына жауап берді.

А.Бозаева қатысушылармен қаржы басқарушыларының қызметі және туындайтын мәселелерді талқылап, сот үшін толық ақпарат беру мерзімдерінің заңнамалық шектелуі туралы бөлісті. Қаржы басшылары уәкілетті мемлекеттік органға осы мерзімді ұлғайту мүмкіндігін қарастыруға ұсыныс білдірді. Сонымен қатар, қаржы басшылары заңға қабылданған өзгерістер аясында төлем қабілеттілігін қалпына келтіру туралы өтініштердің өсуіне байланысты азаматтарға тұрақты табыс болғанда және (немесе) меншігінде борышкердің барлық міндеттемелерінің мөлшерінен асатын мүліктің болуы кезінде осы рәсімді қолдануға мүмкіндік беретіндігін еске салды.

Іс-шара қорытындысы бойынша халықты ақпараттандыру және бірыңғай тәжірибені қалыптастыру мақсатында осындай кездесулерді одан әрі өткізудің пайдалылығы туралы жалпы пікірлер айтылып, дөңгелек үстелге қатысушылар ұсыныстар әзірледі.

Іс-шара соңында дөңгелек үстелге қатысушылар кездесуді ұйымдастырғаны және мазмұнды баяндама жасағаны үшін алғыс білдірді.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button