Төленбеген айыппұлдар бюджетке түседі
Бас қалада ақылы тұрақтар көбейгелі темір тұлпарын тегін қоятын жер таппай қиналғандар саны артты. Осыған орай, «Астананың тұрақ кеңістігі» ЖШС қызметіне көңілі толмаған қала билігі компаниямен келісімшартты бұзуы мүмкін. Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихаты барысында қала әкімі Жеңіс Қасымбек мәлімдеді.
Шаһар басшысы алдымен қалалық бюджеттің тұрақ орындарынан тек 25 пайыз алатыны туралы ақпаратты жоққа шығарды.
– Қаладағы ақылы тұрақтардан түсетін алым бар, олар қала бойынша 500 млн теңгені құрайды. Салықтарды төлеу, тұрақтарды күтіп ұстау және онда жұмыс істейтін қызметкерлердің жалақысын шегергенде, шамамен 150-200 млн теңге қалады. Бірақ әлі де төленбеген айыппұлдардың бар екенін ешкім айтпайды. Олар 2 млрд теңгеден асады. Бұл сома толығымен мемлекеттік бюджетке түседі. Автотұрақтардан түсетін қаржы былайша бөлінеді: жалпы 2,2 млрд теңге, ал 2,05 млрд теңге мемлекетке бөлінеді, – деді Жеңіс Қасымбек.
Сонымен бірге елорда әкімдігі алдағы жылдың ақпан айынан бастап құрылыс компанияларын төменгі қабаттарда кіріктірілген паркингті қарастыруға міндеттейтінін айтты. Енді қалада салынып жатқан тұрғын үйлердің барлығында жерасты паркингі болуы керек.
«Автотұрақ мәселесі 2-3 жылдан кейін тіпті шиеленісуі мүмкін, сондықтан біз осындай шешім қабылдадық. Жаңа жылдан бастап қаладағы құрылыс салушы кез келген компания міндетті түрде төменгі қабатта автотұрақ салуы керек. Жаңа ереже бойынша ақпан айынан бастап қалада паркингсіз тұрғын үйлер салынбайды. Құрылыс мерзімі орта есеппен 1,5-2 жылға созылатынын ескерсек, нәтижелер келесі жылдан бастап көрінеді» деді Жеңіс Қасымбек.
Гүлбаршын ӨКЕШҚЫЗЫ