Басты ақпаратЕлорда тынысы

Төңірегі өркендесе, Астана да ажарланады

Астана қаласының төңірегін қоршай орналасқан он шақты елді мекен (ауыл, аудан, қала) бар. Солардың арасында қала мәртебесін алғанына бірнеше жыл ғана болған Қосшы қаласының іргесі тез кеңейіп, халық саны артып келеді. Бас қала іргесіндегі өңірлердің дамуы елорданың сан-салалы шаруашылығының өркендеуіне оң серпін береді. Өйткені өңірлер өркендемей, бас қаланың да басты мәселесі шешілмейді.

Дамуы қарқынды қала

Соңғы жылдары көптің назары Қосшыға ауды. Оған Қосшының еліміздің ең ірі қаласы Астанамен іргелес жатуы, одан бөлек, 2021 жылы Президент Жарлығымен облыстық маңызы бар қала мәртебесі берілуі себеп болды. Қосшы қаласына 290 шақырым қашықта жатқан облыс орталығынан гөрі іргесі тиіп тұрған Астана жақын. Халық саны 54 мыңнан асатын бұл қала тұрғындарының тең жартысына жуығы Астанаға қатынап жұмыс істейді. Қосшыда көкөніс өсіріп, оны Астана базарларына әкеліп сататын кәсіпкерлер де бар. Қосшыдан үй алған астаналықтар да аз емес. Демек, Қосшы Ақмола облысына қарасты болғанмен, оның тыныс-тіршілігі бас қаламен де тығыз байланысты.

Қосшы әлеуметтік-экономикалық көрсеткіш бойынша да облыста үздіктер қатарынан орын алған. 2023 жылдың жартыжылдығының қорытындысы бойынша өнеркәсіп өнімінің көлемі 3,8 млрд теңгені құрап, негізгі капиталға 26 млрд теңге инвестиция тартылған, бөлшек сауда айналымы 3,6 млрд теңгеге жеткен, құрылыс жұмыстарының көлемі 10 млрд теңгеден асқан, 42 мың шаршы метр баспана қолданысқа берілген. Халықтың кәсіпкерлікпен айналысуына жақсы жағдай жасалған. Шаһарда 3070 шағын және орта бизнес субъектілері жұмыс істейді. Ауылдан енді ғана қалаға айналған өңірдің мұндай нәтижеге қол жеткізуін, әрине, оның Астанаға жақын орналасу екені анық.

Қала мәртебесін алудан бұрын Қосшы ауылының мәселелері де аз болған жоқ. Жол, ауыз су, жылу, әлеуметтік жағдай бойынша жергілікті тұрғындар жиі шағымданып, бас қаладағы бұқаралық ақпарат құралдарын да еміс-еміс негізгі тақырыбы болды. Мектеп, емхана мәселесі де өзекті түйін ретінде жиі айтылатын еді. Ауылға қала мәртебесі берілгеннен кейін, осы мәселелердің қысқа ғана уақыт ішінде оң шешім тапқаны қуантады. Қала әкімі Гайдар Қабдоллаұлының айтуынша, қала мәртебесін алғаннан кейін Қосшыда жұмыс, негізінен, мектеп, ауыз су, жол, қоқыс, құрылыс сынды 5 бағыт бо­йынша өрбіген.

– 2021 жылы қалада 3 мектеп болды. Тұрғындар санының жедел өсуіне байланысты мектеп тапшылығы туындап, балаларды үш ауысыммен оқытуға тура келді. Бұл мәселені шешу үшін 2022 жылы 1200 орындық бір мектептің, 2023 жылы тағы екі мектептің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Жаңа мектептердің ашылуы шамадан тыс жүктемені азайтып, үш ауысымдық оқу жүйесі толығымен шешті. Келесі жылы Абай көшесінде 1200 орындық тағы бір мектептің құрылысы аяқталады. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 2024-2025 жылдары 4700 орындық 3 мектеп салу жоспарланған, – дейді қала әкімі.

Ащы түтіннен арыламыз десек…

Күн суытса елорданың аспанын қара түтін басып, қара мұржадан шыққан көк түтіннің қолқаны қабар ысы қала буып кетеді. Тіпті елорданың көк әйнекті жылтыраған зәулім ғимараттарын да ыс басып қалады. Соңғы мәліметтерге сүйенсек, атмосфераның ластану индексі 4,78 бірлікті құрайтын Астана еліміздегі ауасы ластанған қалалар қатарына қосылған. Сосын да қаланы көк түтіннен құтқарып, экология ахуалын жақсарту үшін бас қаланы газдандыру жұмысы соңғы жылдары айрықша қарқын алды. Алайда Астана төңірегіндегі елді мекендердің көмір жағу мәселесі шешілмесе, бас қаланың түтіннен арылуы қиын. Демек, қазір Астана маңындағы ауыл, қалаларды газдандыру ісі де бас қаланың болашағымен тікелей қатысты болып отыр. Бұл ретте Қосшы, Қоянды, Қызылсуат, Жібек жолы сынды өңірлерді газдандыру мәселесі ең алдымен ескерілуі керек болатын. Қала әкімінің айтуынша, Қосшы қаласы бұл мәселені күн тәртібіне жүзеге асыруға кірісіп те кеткен.

Қосшы қаласына 290 шақырым қашықта жатқан облыс орталығынан гөрі іргесі тиіп тұрған Астана жақын. Халық саны 54 мыңнан асады

– Қаланы газбен жабдықтаудың техникалық шартын биыл 23 мамырда Астана қаласынан алдық. Газ желісіне қосылу нүктесін белгіледік, газдың көлемі сағатына 32,8 мың текше метр­ді құрайды. Қазіргі уақытта газ құбырын жобалау жұмысы аяқталып, мемлекеттік сараптамадағы ескертулер түзетілуде, – дейді әкім.

Демек, Қосшы халқы да көмір жаққаннан құтылып, көгілдір отынның игілігін көретін күн алыс емес. Бұл өз кезегінде елорданың оңтүстігінен келетін көк түтінді де көрнекті түрде азайтады.

Астана төңірегіндегі елді мекендердің қоқыс мәселесі де түйт­кілді түйіннің бірі еді. Өйткені бұл өңірлерде қоқысты өңдейтін орындар болмағандықтан далаға төгілетін де, қатты жел соқса ұшып, қаланың ортасын ластайтын. Осы мәселеге байланысты бірнеше жыл бұрын елорда маңындағы ауыл, аудандардың жиналған қоқысын Астанадағы қоқыс өңдеу орнына жеткізу мәселесі көтерілген болатын. Осы түйінге тоқталғанда әкім «2021 жылға дейін Қосшы қаласы бо­йынша қоқыс шығару нормативтері болмады. Тұрмыс­тық қалдықтар Тайтөбе ауылының маңындағы рұқсат етілмеген жерге үйілген. Былтыр бұл полигон жойылып, қоқыс шығарудың тарифі мен нормативі бекітілді. Қазіргі қатты тұрмыстық қалдықтар Астана қаласының полигонына шығарылады. Конкурс арқылы қоқысты шығару бойынша қызмет көрсететін мердігер ұйым анықталып, шарт жасалды. 2021 жылы қала бойынша 178 контейнер болды, қазір олардың саны 500-ге жетті» деді. Қысқасы, астанамыздың экология ортасына жағымсыз әсерін тигізетін екі мәселе де Қосшы қаласында оңтайлы шешілген.

Қосшының да мүмкіндігі мол

Арқа төсінен астана салып, оны азық-түлікпен қамтамасыз ету үшін азық-түлік белдеуін құрғанымызбен, әлі күнге дейін елорда төңірегіндегі елді мекендерді тиімді пайдалана алмай келеміз. 2019 жылы жасалған «Нұр-Сұлтан (қазіргі Астана) қаласына іргелес елді мекендерді әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2023 жылға дейінгі кешенді жоспары» аясында қандай жұмыс атқарылғаны да бізге беймәлім. Президенттің ауылдарды дамытуға бөлген 1 триллион теңгесі бұл елді мекендерге жете ме, жетпей ме, оны да қазір дөп басып айту қиын. Демек, Үкімет пен министрліктер Астананы қамтамасыз ететін азық-түлік белдеуін құру ісінде әлі де құр уәде, бос сөзден аса алмай келеді.

Астана төңірегінде көкөніс өсіруге, жылыжай салуға ыңғайлы жер көп. Бірақ Астана сол мүмкіндікті толық пайдалана алмайды. Жазғытұрым көміп тастап, күзде қазып, дағар-дағар өнім алуға болатын картоптың өзін жан-жақтан, көршілес облыстардан тасимыз. Керек десеңіз, 1,5 миллионға жуық халық тұратын бас қаланың іргесінде ірі мал базары да жоқ. Бұл қала төңірегіндегі шаруалардың малын сатуына қолайсыздық туғызып қана қоймай, ет, сүт өнімдері бағасының күнде құбылып, ұдайы көтерілуіне де мұрындық болып отыр.

Қосшы қаласынан алынған мәліметке сүйенсек, аталған қалаға қарасты 200 гектардан артық егіс алқабы бар. Қазіргі таңда мұның 150 гектарына көкөніс егіледі. 2010 жылдан бастап көлем алып, қазіргі таңда егіс көлемі қайтадан азая бастаған бұл аумақта картоп, сәбіз, қызанақ, қырыққабат, аскөк, қияр, баклажан, бұрыш сияқты көкөністің түр-түрі өседі. Соңғы жылдары Қосшы шаруалары Арқа төсіне қарбыз егіп, одан да мол өнім алып жүр.

Мұрат Оңғарұлы 10 гектар жерге көкөніс егеді. Оның Қосшының құнарлы топырағына қызанақ, қияр, қырыққабат, орамжапырақ, бұрыш сияқты он шақты түрлі көкөністің бірнеше сұрпын өсіріп, нарыққа шығар­ғанына 10 жылдан асыпты.

– 2013 жылы 2 гектар жерге сәбіз, картоп егуді бастағанмын. Қазір 10 гектар жерге көкөніс егіп отырмын. Өзіме тиесілі жер болса, 30-40 гектар жерді игеруге мүмкіндігім бар. Біз көкөніс егіп жүрген жерлер бұрын егіншілікке арналған жерлер болғанмен, қазір тұрғын үй салатын аумаққа ауысып кеткен. Бірнеше жылдан кейін бұл жерлерге де зар болатын сияқ­тымыз. Қатар-қатар салынған үйлер таяп келеді. Бастап­қыда «Астананы көкөніспен қамтамасыз етуге өз үлесімізді қосамыз десек, Үкімет жағынан қолдау бола ма?» деп облысқа дейін барып көрдік. Бірақ одан еш қайыр болмаған соң жерді жалға алып, көкөніс егуді бастадық. Табысымыз жаман емес. Жылына тек Астананың өзіне жүздеген тонна көкөніс сатып отырмыз. Яғни өнімдердің 80 пайызы елордаға жөнелтіледі. Биылдың өзінде бір өзім Астанаға 100 тонна сәбіз, 300 тонна картоп, 200 тонна қызанақ жеткіздім. Бағамыз да нарықтан 50 теңгеге арзан. Демек, Қосшы диқандары елорданы көкөніспен қамтамасыз ету ісіне үлкен үлес қосып жатыр. Жерді жалға алып, суды жоғары бағамен сатып алып отырмыз. Егер өзіміздің жеріміз болса, Үкіметтің түрлі қолдау саясатынан игілік көрсек, елордадағы көкөніс бағасын 100 теңгеге дейін арзандатуға мүмкіндік бар. 10 гектар жерге жылына 3 миллион теңге ақы төлеймін, – дейді ол.

Қосшы төңірегінде көкөніс өсіретіндердің дені – Өзбекстаннан келген ағайындар. Сол елде туып-өсіп, бау-бақша шаруашылығының қыр-сырын әбден меңгерген олар атажұртқа оралғаннан кейін де көкөніс өсірумен айналысуда. Бірақ өздерінде жер болмаған соң, Үкіметтен қосымша қаражат ала алмайды. Бір жағынан олар мұндай қолдауға зәру де емес секілді.

«Бізге керегі – жер. Жер болса, судың, жанармайдың қымбатшылығы мәселе емес. Егер көкөніс егетін жер бөліп берсе, сол алқаптың жиегіне ағаш егіп, бірнеше жылда орманға айналдырып жіберер едік. Астана да алыстан көкөніс тасымас еді» дейді олар.

Астана төңірегінде көкөніс егу жұмысы 15 сәуірде басталып, өнім жинау қарашаның басына дейін созылады. Яғни 6 ай уақыт ішінде ұтымды тәсіл қолданып, ерінбей еңбек етпесең, табыс таппақ түгіл, тақырға отыруың әбден мүмкін. Арқаның құбылмалы ауа райы мен қатты бораны, кездейсоқ жауатын бұршағы да өсіп тұрған көкөніс пен дақылды бір-ақ сағатта тып-типыл қылатын кездері болады.

– Бізге жұмысшы табу да үлкен мәселе. Қазір осы төңіректе көкөніс егумен айналысатын 30-40 адам бар. Олардың әрқайсысы 20-25 адамды жұмыспен қамтып отыр. Беретін жалақысы – 200 мыңның үстінде. Ал ақшасын күнделікті алатындарға 8000 теңге төлейміз, оның сыртында күнделікті жейтін көкөнісі қоса беріледі. Бірақ соның өзінде жұмысшы тапшы, содан амалсыз Өзбекстаннан келген азаматтарды істетеміз, – деді Жеңіс Дарханұлы.

Жұмысшылардың айтуынша, Қосшының жері құнарлы әрі өсімдікке дерт-дербез жолатпайтын қасиетке ие. Оның үстіне, шаруалар егіс алқаптарын суаруда су үнемдейтін осы заманғы ең озық әдіс – тамырдан тамшылатып суару тәсілін қолданады. Бұл да түсім көп, шығын аз болудағы бір үлкен себеп.

Қысқасы, Астананы дамытудың болашақ жоспарын жасауда қала төңірегіндегі өңірлердің жағдайын да назардан тыс қалдырмаған дұрыс. Өйткені бұл өңірлер жер шекарасы жағынан астанадан бөлек болғанмен, ондағы тұрып жатқан халықтың басым бөлігінің өндірісі, тұрмысы Астанамен жалғасып жатыр.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button