Басты ақпаратМәселе

«Төртінші биліктің» тұрманы түгел ме?

Қазақстанда журналистердің мәртебесі туралы аз айтылған жоқ. Ешқандай әлеу­меттік топқа жатпайтын бұл мамандық иелері билік пен халықтың арасында «алтын көпір» рөлін атқарып, халықтың шер-мұңын, мәселесін биліктің құлағына жеткізіп жүргенмен, өздері әлі күнге дейін не бюджеттік қызметкер, не мемлекеттік қызметкер қатарында жоқ. Себебі елімізде БАҚ туралы заң болғанмен, журналистердің мәртебесі туралы заң жоқ. Мәртебесі айқындалып, белгілі топқа жатқызылмаған соң, Үкімет қызметкерлеріне немесе басқа сала мамандарына үй, түрлі жеңілдік беріліп жатқанда, журналистер «аспаннан киіз жауса да, ұлтарақ бұйырмағанның» кебін киіп, шөміштен қағылып қала береді.

Айта-айта әбден жауыр болған бұл мәселені «Астана ақшамы» газетінің тілшілері де көтеріп, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа сауал да қойған еді. Аталған мәселеге Президент «Бұл – өте өзекті мәселе. Мәселені жақсылап тұрып қарауымыз керек. Егер керек болатын болса, мен Үкіметке тиісті тапсырма беремін. Келешекте журналис­тердің мәртебесі туралы тиісті заңды қабылдаймыз. Я болмаса мен өзім Президент ретінде шешімімді шығарамын» деп жауап берген еді. Содан бері де біраз уақыт өтті. Дегенмен аталған заң шығып, қолданысқа енбесе де, қазіргі таңда ашық талқылауға шығарылды. Әрине, бұл – қуа­нарлық жағдай. Дегенмен бұл заң біз күткен биіктен табыла ма?

БАҚ туралы заң «бабында» ма?

Журналистердің мәртебесі туралы заң қабылданғанмен, бірден дәрежеміз өсіп, рөліміз айқындалып, жолымыз кедергісіз бола қалуы екіталай. Өйткені біздің БАҚ туралы заңымызда да шикіліктер жоқ емес. Сондықтан журналис­тер мәртебесі туралы заң қабылдау­дан бұрын БАҚ туралы заңнаманы қайта қарап шығу қажет деген пікір де жиі айтылып жүр.

Біріншіден, журналистерге қойылған шектеу көп. Нақты ақпаратқа дер кезінде қол жеткізу қиын. Мейлі қандай журналист болса да, белгілі бір БАҚ-тың тілшісі салауатымен, қалаған уақытында, қажет қылған орынға барып, қатысты адамдардан жауап ала алмайды. Жауап алу үшін арнаулы хат жазып, бастықтың қолын қойғызып сұрау жібереді. Ал олар БАҚ туралы заң бойынша «10 жұмыс күні ішінде жауап береді». Сұрау сол мекемеге жауапты бастықтың атына жіберілгенмен, көбінде оның атынан басқалар жауап береді. Яғни жауапты басшымен бетпе-бет отырып, түйткілді мәселеге ауыз екі жауап алу қиын. Оның үстіне көп орынға алдын ала тіркелмесеңіз, қатысты жиналыстарға кіріп, сұрау қою мүмкіндігі де жоқ. Мемлекеттік мекемелерге кірсең, есіктен тілшілерге қажетті барлық құралдарды сыпырып алып қалады. Кәсіби тұрғыдан айтсақ, кәсіби қызметін атқарып жүрген тілшіге мұндай кедергі келтіру – халықты ақпарат алу мүмкіндігінен айыру деген сөз. Көршіміз Ресейдің заңына журналис­тердің кәсіби міндетіне кедергі келтіргендер, журналистерге шабуыл жасағандар 6 жылға дейін түрмеге қамалатын арнайы бап та енгізілген. Бірақ бәрін Ресейден көшіруге құмар біздің билік дәл осы мәселеге келгенде көзіне қамшы тиген аттай шегіншектеумен келеді.

Журналистің дәрежесі төмендеп, биліктегілер журналистерге қол баласындай қодыраңдайтын деңгейге жеттік

Екіншіден, елімізде мемлекеттік мекемелер кейбір бұқаралық ақпарат құралдарын қаржыландырғанмен, «саптыаяққа ас құйып, сабына қарауыл қойып» отырғаны жасырын емес. Яғни мемлекет жағынан қаржыландырылатын БАҚ тілшілері өзін «асырап» отырған мекеменің қазаны мен қабағына жалтақтаумен күн кешеді. Ал өзін-өзі қаржыландыратын газет, журнал, сайт қазір жоқтың қасы, бар болса да, қалт-құлт етіп әрең күн көріп жүргені де өтірік емес. Оның үстіне олардың билік тарапынан шет қақпай көріп, бопсалауға ұшырайтыны тағы бар. Міне, осы тұрғыдан алғанда, біздің елде нағыз «төртінші билік» дейтіндей азуын айға білеген тәуелсіз журналистика бар деп айта алмаймыз. Билік ұзын сызса жүріп, қысқа сызса тұруға мәжбүрміз.

Үшіншіден, елімізде журналистерге қарсы қозғалатын қылмыстық, азаматтық істер даушары молайды. Моральдық шығынды өндіріп беруді сұраған талап-арыздар да жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай көбе­йіп келеді. Бұл журналистердің кәсіптік қысымын арттырып, ауырдың үстімен, жеңілдің астымен кететін жағдайға қарай итермелеп тұр. Оның үстіне Еңбек кодексінде журналистердің мәртебесі мен кепілдіктері туралы ешқандай бап жоқ. БАҚ туралы заңның 20-бабындағы 10 құқығы мен 21-бабындағы 5 міндеті ғана жазылған. Еңбек кодексінде мәртебе жөнінде бір ауыз сөз, тіпті журналистердің еңбек ету құқықтары деген бөлім де жоқ.

Журналист мәртебесі – елдік мәртебесі

Әр мемлекеттегі демократияның жоғары-төмендігін сол елдің бұқаралық ақпарат құралдарына деген көзқарасынан, ұстанымынан аңғаруға болады. Билігі БАҚ өкілдерінен өлердей қорқатын, журналистердің аузына қақпақ, аяғына тұсау салған елдің халқы мен билігі де от пен судай отаспайды. Өйткені тілші жазса, тілші көтерсе, қоғамда қордаланған мәселелер мен қоламталы тақырыптарды қаузайды, халық көңіл бөліп отырған түйткілді мәселелерді биліктің құлағына жеткізеді. Халық пен билік арасындағы осы алтын арқау үзілсе, қоғамда қайшылық асқынып, биліктің сенімі төмендейді.

Аға буын әріптестердің айтуынша, Қазақстан тәуелсіздік алған алғашқы жылдарда журналистің орны да, сөзі де бағаланатын. Қазір аты бар, заты жоқ «төртінші билік» деген сөз де сол кезде шықса керек. Бірақ қазір жағдай ол кезден мүлде өзгеше. Журналистің дәрежесі төмендеп, биліктегілер журналистерге қол баласындай қодыраңдайтын деңгейге жеттік. Әрине, бұл жағдай қоғамның, экономиканың дамуына, саяси тұрақтылықтың сақталуына аса тиімсіз. Кешегі қаңтар оқиғасы да «жанартау боп атылған» халықтың ішіндегі дерті болатын. Әйтпесе сол қанды оқиғаның тууына астар болған әлеуметтік мәселелерді оған дейін тілшілер жазбады, айтпады, күрделі мәселе ретінде көтермеді дейсіз бе?! Бірақ оған билік назар аударған жоқ, тілшілердің тілімен айтылған халықтың мұңын Үкімет естіген жоқ. Демек, біз Жаңа Қазақстан, Әділетті Қазақстан құрамыз, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» боламыз десек, онда ең алдымен тілшінің тізгінін тартпай, тіліне ерік беруіміз керек. Журналистерді биліктің қызметшісі ретінде емес, артық кетсе айтып, кем қалса толықтырып отыратын нағыз «төртінші билік» дәрежесінде қарауымыз шарт.

Көршің неге көш ілгері?

Қазақстанда тілшілердің әлеуметтік жағдайы өте төмен. Тілшілер үшін ешқандай жеңілдік қарастырылмаған. Мәселен, шетелде журналистердің бір жылда табатын табысы 20 мың доллардың үстінде болса, Қазақстан журналистерінің бір жылдық жалақысы 5000 доллар шамасында, тіпті оған да жетпейді. Яғни елімізде журналистер «аш қалмайтын, тоқ қылмайтын» жалақымен жүр.

Түркияда журналистерге бірқатар әлеуметтік жеңілдік бар. Ең кішкентайы тілшілер мінген көлікті автотұрақтарға тегін қойғызады. Ал Қытайда «тілшілер мінген көлік» деген белгі жапсырылған машинаны жол полициясы, құқық қорғау органдарының адамдары беталды тоқтатпайды, автотұрақтар да тегін, кептеліс кезінде шұғыл жағдайға арналған жолақпен жүруіне де рұқсат. Билет сататын орындарда тілшілер мен әскерилер кезексіз билет ала алады, халық та соған бе­йімделген, тілшілік куәлігіңді көрсетіп, кезексіз алға оза беруіңе болады. Сонымен қатар тілшілер мұражайға, саяхат орындарына тегін кіреді. Ал Қазақстанда мұндай жеңілдік атымен жоқ. Керек десеңіз, біздің елде журналистік куәліктің қалыптасқан ортақ үлгісі де жоқ. Әр мекеме өзінің жағда­йына қарай куәліксымақ бірдеңе жасап берген, кейбірінің бір бет қағаздан күні төмен.

Әзербайжан елінде БАҚ-ты мемлекеттік қолдау қоры жұмыс істейді. Жыл сайын журналистерге арнап үй де салынады, ал Ресейде жоғарыда айтып кеткен заң-түзімдермен қатар, Журналистер одағының бастамасымен журналистерге мобильдік байланыс, көлік, қонақ үй, несие алуда жеңілдіктер жасау туралы мәселелер қарастырылып жатыр. Мұндай жағдай Қазақстанда да болған, Шерхан Мұртазаның тұсында журналистерге арнап үй салдырыпты. Неге сол үрдісті қайта жалғастырмасқа?! Сондықтан журналистердің мәртебесін мемлекеттік қызметкерлермен теңестіріп, олардың әлеуметтік бағдарламаларға қатысуына, қоғамдық көлікте тегін жүруіне, ипотекамен пәтер немесе жер учаскесін алуына жеңілдік жасалуы керек. Өйткені тілшінің әлеуметтік жағдайы жақсармай, БАҚ-тың бағы артып, «төртінші биліктің» тұрманы түгенделмейді.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button