Басты ақпаратШаһар шаруашылығы

Төтенше жағдайға – ұдайы дайын

Апта ішінде Астана қалалық мәслихатының депутаттары елордадағы Төтенше жағдай департаменті қызметінің түрлі жағдайларға қажетті инфрақұрылыммен қамтылуын зерделеді. Бас қалада орналасқан №3 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімі, Жедел құтқару жасағы, сондай-ақ Өрт сөндіру депосына барып, құтқарушылардың жұмысын көрді, арнайы ұсыныстарын тыңдады.

«Бүгінгі кездесуде өрт сөндірушілерге қажетті барлық құрылғылар таныстырылып, ғимараттағы жөндеу жұмыстарын көрсеттік. Сондай-ақ әкімшіліктен қандай көмек қажеттігі де талқыланды. Ең маңыздысы, біздегі көлік құралдарын жаңарту, жөндеу жұмыстарына қаржы бөлу мәселесі назардан тыс қалған емес. Қазірдің өзінде біздегі жөндеуді қажет ететін екі техникаға қажетті ақша бюджеттен бөлініп отыр. Ал ғимаратты жөндеуге республикалық бюджеттен қаржы бөлініп, үш ай бұрын жаңарту жұмыстары бітті. Ішінде 25 орындық демалыс бөлмесі, асхана, кітапхана, жаттығу залы және моншасы бар. Қазір осы №3 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінде төрт ауысыммен 90-ға жуық қызметкер жұмыс істейді» дейді Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстарын ұйымдастыру басқармасының бастығы Саят Қажымов.
Ал Жедел құтқару жасағында 80-ге жуық адам қызметкер бар. Мұндағы төтеншеліктер тұрғындарды құтқару қызметінің барлық түріне де атсалыса береді.


«Бізде сүңгуірлер де, кинологтар да, альпинистер де бар. Астана қаласындағы кейбір тұрмыстық жағдайда немесе ауа райының бұзылуы, суда, жол апаты, тағы басқа оқыс жағдайларда көмек көрсетеміз. Жұмысымыз соңғы үлгідегі жаңа техникалар, суда жүзу құралдары, жол талғамайтын көліктермен де қамтылған. Сондай-ақ қандай да бір қауіпте даяр болатын құтқарушыларды дайындау ісі де өзімізде жүргізіледі. Үкімет, салалық министрлікпен бірлесе жергілікті әкімдік пен мәслихат біздің салаға қолдауын көрсетіп келеді. Мысалы, өзіңіз көрген су жаңа жеңіл көліктер де жақында ғана берілді. Ендігі ұсыныс бар, ол да депутаттармен кездесуде сөз болды. Яғни қыстың қатал ауа райында қажетті техникаларды сақтау үшін жабық үлгідегі ғимарат керектігі айтылды» дейді Төтенше жағдай департаментіне қарасты Жедел құтқару жасағы бастығының орынбасары Оразхан Дәуітов.

Қалалық мәслихат депутаттарының сөзінше, төтеншеліктердің қызметіне қолдау көрсету – басты назарда болып қала бермек.

«Қаладағы биік ғимараттардың бірі – «Триумф Астана» тұрғын үй кешені жанында орналасқан №3 арнаулы өрт сөндіру бөліміне бөлінген қаржыға жасалған жөндеу жұмыстарын, қарамағындағы техника мен басқа арнаулы құрылғыларды пысықтадық. Өрт сөндірушілермен кездесуде биік ғимараттарда болуы мүмкін өрт сөндіруге арналған екі сатыны жөндеуге қаржы қажеттілігі айтылды. Осындағы екі техникалық көлікке арналған арнаулы сатыға наурызда қаржы бөлгенбіз. Бұл мәселенің де оңтайлы шешімін табамыз. Екіншіден, қазір күн жылып, мұз құрсауы босанып, елордадағы өзендер мен кішігірім көлдер еріп жатыр. Сол мақсатпен Тұран даңғылында орналасқан Жедел құтқарушы жасағының жұмысымен таныстық. Жалпы мәслихат тарапынан халықты төтенше жағдайдан қорғауға арналған шаралар мен құрал-жабдықтарға департаментке көмек беру жүйелі түрде жалғасатын болады» дейді Астана қалалық мәслихатының депутаты, бюджет, экономика, өнеркәсіп және кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі тұрақты комисия төрағасы Кендебай Адамбек.

Астана қаласы мәслихатының төрағасы Табиғат Зейнұлқабден елордадағы төтенше жағдайларға қатысты инфрақұрылыммен қамтамасыз ету деңгейі тұрақты комиссия отырысында жан-жақты қарастырылатын болады.

«Келесі айда Үркер тұрғын алабында жаңа өрт сөндіру депосы ашылады. Осы уақытқа дейін тұрғындардың және мәслихат депутаттарының өтініштерімен өрт сөндіру жұмыстарын Ақмола облысына қарасты Қараөткел елді мекенінде орналасқан ТЖД қызметкерлері елордалық әріптес­терімен бірлесе атқарып келді. Бұл мақсатта өзара іс-қимыл жоспары әзірленіп, жүзеге асырылған болатын. Соның нәтижесінде өрт сөндірушілердің оқиға орнына жету уақыты едәуір қысқарып, қауіпсіздік деңгейі артты. Аталған нысанда тұрғын алаптың белсенді тұрғындарымен кездесіп, бірқатар маңызды мәселелер талқыланды. Сондай-ақ Жедел құтқару жасағы мен №3 өрт сөндіру бөліміне барып, олардың материалдық-техникалық жарақтандырылуы, еңбек жағдайы және қызмет сапасы жөнінде пікір алмастық» дейді қалалық мәслихат төрағасы.

Ержан ҚОЖАС

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button