Мәдениет

Тоғызыншы маусымды түйіндеді

«Астана Балет» театры тоғызыншы театр маусымын аяқтады. Осы театр мау­сымында гастрольдік сапарлар да, қызықты жобалар да жүзеге асырылды. Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен ғаламат премьералар, репертуардағы спектакльдердің көрсетілімі өтті.

[smartslider3 slider=3530]

Биылғы театр маусымында бас дирижер Арман Оразғалиевтың жетекшілігіндегі «Астана Балет» театрының симфониялық оркестрі құрылды.

«Астана Балет» театрының гастрольдік сапарларының географиясы да едәуір кеңейді: астаналық ұжым алғаш рет Орал қаласына барып, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Айгүл Тәтидің авторлық интерпретациясындағы «Ұлы дала мұрасы» дивертисменті мен Рикардо Амарантенің «A Fuego Lento» неоклассикалық балетін паш етті. Сонымен қатар биылғы маусымда Түркістан, Семей және Талдықорған қалаларына да гастрольдік сапар ұйымдастырылып, ұлттық хореографияның үздік туындылары көрсетілді. Театрдың БАӘ алғашқы гастрольдік сапары өтті: Дубай опера сахнасында екі ауқымды спектакль – «Махаббат туралы дастан» және «Бейбарыс сұлтан» туындылары көрсетілді. Алматы қаласына гастрольдік сапар да сәтті өтті. «Almaty Theatre» көпсалалы мәдени кеңістіктің ашылу рәсімі аясында астаналық театр әртістері бір айға жуық уақыт өнер көрсетіп, көрермен қауым назарына репертуарындағы үздік спектакльдер ұсынылды.

Биылғы театр маусымында премьералар да көп болды. Театр репертуарына көптен күткен тағы бес қойылым қосылды. Бұл – И.Стравинский музыкасына Дж.Баланчин қойған «Фортепиано мен оркестрге арналған каприччио», танымал музыкант К.Абдуллинаның либреттосына Мукарам Авахри қойған «Тағдыр бұлтарыстары» бірегей балеті, сонымен қатар, Стивен Райхтың музыкасына заманауи би кемеңгері Иржи Килиан қойған, ал хореограф Стефан Жеромски сахналаған «Жолдан тайғандар» балеті. Бұл, шынымен, бірегей қойылым, себебі бонг аспабындағы солоны «Астана Балет» театры симфониялық оркестрінің әртістері орындады. Ақын Бақыт Қайырбековтің либреттосына Мукарам Авахри қойған «Жібек жолы» авторлық спектаклі де театр репертуарынан тиісті орнын алды. Осындай балет қою идеясын Балет пен ұлттық биді қолдау және дамыту қоры бас серіктесі «Самұрық-Қазына» АҚ және «Астана Балет» театрымен тығыз шығармашылық ынтымақта жүзеге асырды. Ал маусым шымылдығы Кристина Полиннің «Орфей мен Эвридика» балетінің премьерасымен жабылды. Астаналық көрермен назарына көне Грекия мифінің хореографиялық интерпретациясы модерн элементтері бар неоклассика мәнерінде ұсынылды.

Сонымен қатар Людвиг Минкустың музыкасына Мариус Петипа қойған «Баядерка» балетінен Майра Қадырова сахналаған Pas d’action және «HASSAK» этно-фольклорлы ансамблінің музыкасына Айгүл Тәти қойған «Тәңір сыйы – ақ жол» атты хореографиялық миниатюралардың да премьерасы өтті.

Биылғы маусым жүзеге асырылған іс-шаралармен қатар, марапаттарға да кенде болған жоқ: балетмейстер Айгүл Тәти, ұстаз-репетитор Майра Қадырова, симфониялық оркестрдің бас дирижері Арман Оразғалиев «Құрмет» орденіне ие болды. Театр әртістері Айжан Мұқатова, Дарина Қайрашева, Сүндет Сұлтанов, Риза Қанатқызы мен ұстаз-репетитор Әсел Абақаева «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Риза Қанатқызы «Театр» аталымы бойынша «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты атанды. Театрдың жетекші солисті Сүндет Сұлтанов Тұңғыш Президенттің Мемлекеттік стипендиясына ие болды. Жетекші солисттер Дарина Қайрашева мен Сүндет Сұлтанов Тикетон сыйлығымен марапатталды.

Баян Асылбекова

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button