Әлеумет

Той жасау оңай ма?

«Той дегенде қу бас домалайды». Қазақ бабам тауып-ақ айтқан. Қазір де солай болып тұр. Бізді өзге ұлттардан ерекшелейтін бір қасиетіміз де тойшылдығымыз, думан­шылдығымыз, сауық­шыл­дығымыз. Рас, қуанышқа дүйім жұртты болмаса да, туған-туыс, жекжас-жұрағат, құда-құдағиды шақыру міндет, бірақ дәл қазақтай жарты ауылды жинайтын той бізде ғана бар. Сол үшін де барымызды шашамыз, той-томалаққа бару керек болса да көңіл, шіркін, «құтты болсынды» көп бергісі келеді-ақ. Қасыңыздағыдан қалыспау керек қой. Міне, осы «қалыспау керек» деген қағидат құртады. Кредиттің «қорасына» кіретіні де сондықтан көп қазақтың.
Қалтасы қалыңдар қа­лай шашылса да жарасады және өздері біледі. Біз әлеуметтік тұрмысы орта деңгейдегі отбасылардағы той шығынын есептеп, екшеп көрген едік…

158799

«БҰЛ ЖОЛ БҰРЫНҒЫ ЖОЛДАН ӨЗГЕРЕК…»
«Қорасы» деп көкиміз-ау, несие болмаса, не істер едік, ал?! «Қарыз ал да, қатын ал» деген мәтелдің жанданып кеткені де сол емес пе? Осы жолмен кімнің жүргенін сұрасаңыз, талай қандасымыз қолын көтереді. Десе де, қайбір есті замандастарымыз кредиттің көмегінсіз той жасауды меңгеріп үлгерген. Мәселен, астаналық Раушан Оразова. «Үлкен ұлым үйленді. Тұңғышымның қолымды ұзартқанына қуандым, әрине. Бірақ, той мәселесі біршама басымды ауыртты. Алайда, жолын таптым. Негізгі туған жеріміз оңтүстік болғандықтан, сол жаққа тарттым да кеттім. Азын-аулақ қаражатым да жоқ емес. Алдымен тойхананың табалдырығын аттадым. Иесіне ойымды айттым. «Дастархан ақысын тойдан кейін беремін» дедім. Келісті. Кейін білсем, мұндай келісім қазір көп жерде бар екен. Өзге шығындардың да жартысын осылай шештім. Біршамасына ағайындар жәрдемдесті, бір­ша­масына әлгі азын-аулақ қаражатымды жұмсадым. Не керек, той ойымдағыдан да думанды өтті. Ең қуаныштысы, тойға түскен қаржы шығындарды емін-еркін жауып кетті» дейді Раушан ана күлімдеп.

«Бұл жол бұрынғы жолдан өзгерек», десе де бір нәрсені ес­керген жөн: егер сіз «Шық бермес Шығайбайдың» өзі болсаңыз, аталған тәсілге аяқ баспағаныңыз абзал. Ал той-томалаққа қолыңыз жомарт па, жолыңыз ашық. Қарыздарыңызды қиналмай қайтарып, қалтаңызда тағы теңге қалары ғажап емес.

00193682_n1

БЕРЕКЕЛІ ДАСТАРХАН – БІР ЖАРЫМ МИЛЛИОН ТЕҢГЕ
Кредит алып, той жасайтын­дардың көптігі соншалық, таңғалмайтын болдық дедік. Көлігін сатып, қуанышын паш еткендерді де көрдік. Ал енді сондай ортанқол тойлардың шығындарын санамалап көрейік­ші. Білетіндер «бірнеше миллионды құрайды» дейді.

Сонымен, орта есеппен жүз адамдық той. Тойханаларға қоңырау шалдық. «Меруерт», «Алтын балық», «Алтын таға» «Жеті қазына», «Тұран», Салтанат сарайы, «Ырысты»… Елордадағы ел білетін думанды ордалар. Бұлардың қатарынан әр қонақ басына төрт-бес мың теңгеге дастархан жайып беретіндерін табу қиын-ақ. Бірақ өзге кішігірім, келбеті келіссіздеу, орны ыңғайсыздау тойханаларды шарқ ұрып шарласаңыз, кездеседі. Ал жоғарыдағы тойханалар әр қонағыңызға 8 мыңнан бастап, 40 мыңға дейінгі теңге көлеміндегі қаражатқа ғана даяшыларын қимылдатып, мәзірін ұсына алады.

Біз сөйлескен «Меруерт» мейрамханасы. Целиноград зама­нын­да ірге қалаған нысан, елорда­лықтарға етене таныс. Өйткені, бас даңғылдардың бірі – Республикада орналасқан. Аптаның әр күнінде төрі қонақтан үзілген емес. Әкімшісі Альфия есімді ару екен. Тұтқаның арғы жағында тұрса да, көңіліңізден шыққысы келіп тұратыны байқалады.

– Сіздер той өткізу үшін адам басына неше теңгеден дастархан жаясыздар?
– Сегіз мың теңгеден басталады, ағасы. Бізден қалаған мәзіріңізді таба аласыз. Бірақ алкоголь, алкогольсіз сусындарды, ет пен жеміс-жидекті өзіңіз әкелесіз. Есесіне, еуропалық, қазақы асханамыз барынша қыз­мет көрсетеді.
– Сіздерде қай ұлттың өкілдері көп той жасайды?
– Әлбетте, қазақтар! Үйлену, қыз ұзату тойлары екі күннің бірін­де өтіп жатады.
– Қазіргі нарықтағы дағдарыс демалыс­тарыңызды көбейтіп жібермеді ме?
– Рас, қазан айының басынан бері клиенттердің сап тыйыл­ғанын айту керек. Бірақ жаз бойы жылдағы кірісімізді сақтадық…

Енді есептелік, қонағыңыздың санын сегіз мыңға еселесек, сегіз жүз мың. Әлгі алкоголь, алкогольсіз сусындардың, ет пен жеміс-жидектің бағасын қосыңыз. Өйткені, бұл ереже көптеген тойханаларда бар. Мұның себебі де жоқ емес. Той иесі мен тойхана арасындағы дау-дамай осындай азық-түліктерден басталатынын өзіңіз де білетін шығарсыз.
Жә, жәй ғана дастарханыңыз­дың құны мил­лион жарым тең­геге шабатынына көз жеткен сияқты.

119541876_2_644x461_toybastar-verblyudy-i-yurty-fotografii_rev001

Аманжол БАЙҒАЗИН, асаба:
Тойдың ақшасын Тұрғын үй банкіне салатындар бар

– Тойдың жағдайын Алладан соң, асабадан артық білетін жан жоқ шығар, Аманжол, қазақ тойларында қонақ саны неше, орыс және өзге ұлт өкілдерінің тойында неше болады шамамен?
– Әр той әртүрлі. Орыс және өзге ұлттардың тойында 8-15 аралығында ғана қонақтар болады. Біздің тойға келетіндердің саны 150-ден кем болмайды ғой. Сүндет той, тілашар, бесікке салу сынды ең кішігірім тойлардың өзінде қырық адамнан көп боламыз. Ал дөкейлердің тойы 200-300 адам және одан да көп қонақпен өтеді. Мәселен, жақында белгілі бір ағамыз қызын ұзатқанда 500-ден артық адам келді.
– Өзің қатарлы асабалар мен «жұлдыз» асабалардың «ставкасы» қанша теңге? Ол «ставка» дағдарыстан кейін түсті ме, әлде ұстап тұрсыңдар ма бұрынғы бағаны?
– Жұлдызды асабалар астанада 3 мың доллармен, орташа деңгейдегі асабалар 150 мың теңгемен той басқарады. Мен 100 мың теңгенің шамасында берсе, шыға беремін.
– Қазір дағдарыс заманы деп жүрміз, той-томалақтың өтуін азайтқан шығар, иә?
– Кейінгі төрт-бес айда той сәл азайды. Есесіне, үйде өтетін құдалық көп, бұл дегеніміз, артық шығынсыз, екі жақ бір-бірімен келісіп, шағын құдалық жасап, алыс-берістерін тапсырады. Ал тойға кететін қаражатты Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне саламыз деп уағдаласатындарды көрдім. Әрине, жастарға баспана алу үшін.
– Міне, ғажап, бұл жақсы бастама ғой!..
– Жақсы бастама ма, әлде, дағдарыс кезіндегі ғана тірлік пе, білмеймін.

118726938_1_1000x700_toybastar-toybastary-almaty_rev007

БҰЛ ШЫҒЫНДАР ДА БІР ТӨБЕ
Той жасағандар біледі, тойдың дастарханынан бөлек шығындары бір төбе. Айталық, тәуірлеу асаба мен музыканттың ең арзаны әрқайсына 70-80 мың теңге, той залын көркемдеушілер кемінде 30-40 мың теңге ұсын­саңыз ғана, ойлана іске кіріседі. Келінді көпшіліктің алдына алып шығатын арнайы шаңырақ та қазір «мода» болып тұр – 20-25 мың теңге шамасында. Жарайды, эстрада жұлдыздарын шақырмай-ақ қойыңыз, олар көк қағазбен ғана есептеседі емес пе? Есесіне, ел ішіндегі әнші, бишілерге бәрібір ақша жұмсау керек. Атақтары жер жармаса да, тойы­ңыздың әрін кір­гізуге жарайтын қыз-жігіттерге жоқ дегенде 50-60 мың теңгеңізді жұмсау қа­жет. Осынша шы­ғын­далып той жа­са­ғанда, неге бей­не­ка­мераға түсірмеске? Ер­теңге естелік үшін деп таспасын жасап беретін опе­ратордың ең арзаны 50 мың теңге екенін қаперіңізге саламыз. Фотографтан жақсы суреттерді алуға да біршама қаражат керек, ал оның «гулянкаға» еріп шығуы үшін құрып қалғанда 25 мың теңге қосып беретініңіз бар.

«Гулянка» демекші, жас­тар­дың той алдындағы сауық-сайранына шығатын көліктер маркасына қарай 15-20 мыңнан бастап шарықтай береді. Ұзындығы үш жылқыдай «Лимузиндерді» жалдаймын» десеңіз, мархабат, 50-60 мың теңге! Қазіргі кезде қалыңдық көйлегін де көпшілік «прокатқа» алып жатады. Ал оның құны «өлді» – 50 мың теңге! Бұл мәліметтердің біршамасын зерттеп білсек, біршамасын Ербол есімді асаба әңгімелеп берген. «Бұрынырақта тақылдап тұрған асабалар өтімді еді, қазіргі жұрт ойынды көп ұйымдастыратын аса­баларды іздейді. Менің білуім­ше, бүгінде белгілі айтыскер Иранғайып Күзембаевты іздейтін тойшыл қазақ көп. Мынау қаладан, анау қалаға ұшып жүр­гені той өткізу үшін» дейді ол.

Айтпақшы, жоғарыдағы шы­ғын­дарды дастарханның бір жа­рым миллионына қосып қойыңыз…

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button