Әлеумет

Төл тауарларымызды қаншалықты тұтынып жүрмiз?

Бiз Ұлыстың ұлы күнi қарсаңында ұлттық киiм-кешек, ойыншықтар, кәдесыйлар, тұрмыстық заттар және тағы басқа төл тауарларымызды қаншалықты тұтынып жүрмiз деген сауалға жауап iздеп көрдiк…

Тұрсынжан ШАПАЙ,
жазушы, әдебиет сыншысы:

– Халықтың ұлттық бұйымдары мәдениет тарихынан ерекше орын алады. Қазiр ұлттық дүниелер жасайтын зергер, шеберлер көп. Бiздiң үйде домбыра, кәдесый-шоқпарлар, киiзден жасалған бұйымдар, қамшы, ағаш ыдыстар, астау бар. Кеңес үкiметi тұсында әдемi тостағандар, ағаш қасықтар болатын. Негiзi, ағаш ыдыстар экологиялық жағынан таза болып келедi. Бiрақ, бұлар кең қолданыста емес. Қазiр ұлттық бұйымдарды пайдалануға ешкiм тыйым салмайды. Ұлттық заттарды ықыласына, за-манға үйлестiре бiлуiне қарай қолдануға болады. Ұлттық өрнекпен әрлен-ген киiмдер киiп, қазақы оюдың өрнегi бар әсемдiк бұйымдарын тағып жүретiндердi байқаймын. Сондай-ақ, қазiр бiздiң дизайнерлер де үлкен iзденiсте. Тiккен киiмдерiнiң iшiнде ұлттық нақыштың белгiлерi көрiнiс берiп отырады.
Ұлттық бұйымдардың жарнамасын, насихатын арттыру арқылы әр қа-зақтың үйiнде тұратындай жағдай жасау керек. Егер насихатын арттырсақ, кәсiпкерлердiң ұлттық бұйымдары да тезiрек өтер едi.
Қазiр кез келген қазақ атқа мiнiп жатқан жоқ. Ат әбзелдерiнен гөрi машинаның саймандарын жақсы бiледi.
Негiзi, ұлттық кәдесыйлар ұлттық мереке мен кешегiдей халықаралық дәрежедегi олимпиадалық ойындар кезiнде ғана көптеп сатылымға түседi. Басқа кезде шетелден келетiн туристер ғана сатып алуы мүмкiн.

Айшагүл ЖҮРКЕНОВА,
Гуманитарлық колледж студентi:

– Қазiр ұлттық бұйымдарға қызығатындар көп. Мен де салпыншақ сырға мен оюланған бiлезiк, жүзiк таққанды қатты жақсы көремiн. Әсiресе, шашы ұзын қыздар шолпы тағып жүрсе, қандай әдемi болар едi.
Ертедегi аруларды жазушылар кiтапта суреттеген кезде, олар маған хор қызындай елестейдi. Сондықтан қазақ қыздары ашық-шашық киiнгеннен гөрi, шаштарын өсiрiп, қыпша белдерiн қынай қазақы белбеу тағып жүрсе, қандай әдемi?! Мен шебердiң қолымен жасалған зергерлiк бұйымдарды жинаймын. Әсiресе, көненiң көзiндей ертедегi заттар маған өте ұнайды.

Күләш САМАЛХАН,
«Алтын алқа» иегерi:

– Қазақтың ұлттық бұйымдары – халықтық қолданбалы өнерiмiздiң ғана емес, бүкiл ұлттық мәдениетiмiздiң асыл қазынасы. Бала кезiмiзде әке-шешемiз мал шаруашылығымен айналысқандықтан, үнемi көшiп-қонып жүретiн едiк. Қонған жерiмiзге киiз үй тiгетiнбiз. Сол киiз үйдi әсемдеу бiзге жүктелетiн. Ал, қазiр жаңа жылда шыршаны жылтырақпен безен-дiрiп, төрге орнату әр отбасында дәстүрге айналды. Оның орнына ең болмағанда, наурыз айында әр үйдiң көрнекi жерiнде ұлттық нақыштағы бұйымдар орын тапса, бұл да болса наурыз мейрамының сәнi болар едi. Жас кезiмiзде бiр аптада екi түскиiз тiгетiнбiз. Анамыз ұнатпаған түскиiздердi сөгiп, қайта тiккiзiп қоятын. Бiз балалықпен ренжитiнбiз. Кейiн соның нәтижесiн көрдiк. Ана тәрбиесiнiң мәнiсiн өзiмiз балалы болғанда жақсы түсiндiк.
Ал, қазiр қалай? Қазiр қолөнерден ада ұрпақ өсiп келедi.
Бүгiнде ел нарығының басым бөлiгiн батыстың тауарлары, атышулы компаниялардың өнiмдерi қамтиды. Шаһарымыздың сауда-саттық саласында да өзге елдiң тауарлары көп. Дегенмен, өзiм ара-тұра құрақ құрап, тақия тiгiп тұрамын. Оларды мерекеге орай, балаларға, туыстарға сыйлаймын.

Ардақ ЖҰМАШЕВА,
«Шебер» салонының сатушысы:

– Бастапқы кезде ұлттық бұйымдар өте ме, өтпей ме, оларды қайдан аламыз деген ой мазалады. Бiрақ, бiз ойлағандай емес, ұлттық нақыштағы дүниелерге жұрттың сұранысы ерекше болып шықты. Айналамызға шеберлер жинала бастады. Олардың қолынан шыққан дүниелердi сатып алдық. Сондай-ақ, сатып алушылардың да талғам-талаптарын ескердiк. Жаңа бұйымдардың пiшiнiн сызып, жасалатын материалын көрсетiп, тапсырыстар беретiн болдық. Тұтынушылардың көпшiлiгi жергiлiктi төл туындыларды сұрайды екен. Сол себептi, бiр бұрышты әр өңiрдiң қолөнер шеберлерi мен суретшiлердiң бұйымдарына арнадық. Бiздiң дүкендегi картиналар, сәндiк табақтар, гобелендер – өзiнше бiр әлем. Түрлi әдiспен жасалған ұлттық бұйымдардың түпнұсқасының бағасы қымбат. Өзiмiзге ұнаған немесе өтедi-ау деген осындай ерекше дүниелердi көрсек, сатып аламыз. Ал, мұндай дүниелер «қымбат» деп сатып алмаса, ол салон сәнi болып тұра бередi. Қалталы қазақтар желмен жарысқан тұлпарлардың, қыпша бел, қолаң шашты арулардың қолдан қашалған мүсiндерiне көптеп тапсырыс бередi. Сондықтан, қазiр ұлттық бұйымдар қолданысқа енiп келедi деуге болады.

Еркежан КӨПТIЛЕУҚЫЗЫ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button