Басты ақпарат

Төл теңгенің тағдыры

Өткен ғасырдың соңғы он жылдығында Кеңес жүйесі күйреп, ол отар қылған елдер бірінен соң бірі азаттық алып жатты. Қазақстан да қандықол империяның құрсауынан босап, өз алдына дербес ел болып шықты. Дегенмен тәуелсіз атану мен шын мәнінде тәуелсіз болудың арасы жер мен көктей еді. Әсіресе, экономика саласында жас мемлекет бұрынғы метрополияға кіріптар күйінде қала берді.

Күйреген одақтан құлдыраған экономика, тұралаған өндіріс, шарықтаған инфляция, жаппай жұмыссыздық пен жоқшылықтан басқа еншімізге ештеңе тимеді.
Қаржы саласындағы ахуал да адам айтқысыз күйде болды. «Госбанк» жойылып, оның орнын басатын бірде-бір қаржы құрылымы құрылмады. Ресей бұрынғы одақ мемлекеттерін қаржымен қамтамасыз етіп отырса да, бұл істі күн сайын күрделендіре түсті. Көбіне көп Мәскеудің бұл саясаты экономикалық соғыс сипатында болып, онда Қазақстанның жеңіп шығуы мүмкін емес еді.
Осындай қиын-қыстау кезеңде Мемлекет басшысы рубльдік аймақты сақтап қалуға тырысты. Себебі ортақ ақша кеңістігі сол кездері экономиканы құрдымға кетірмеудің ең ұтымды амалы болатын. Оған қоса Қазақстан өз валютасын енгізуге әлі да­йын емес еді.
«Рубль аймағы кәсіп­орындар мен өнім жеткізушілер арасындағы мыңдаған байланыстарды сақтап қалатын еді және дағдарысты жылдамырақ еңсеруге тигізетін көмегі де үлкен еді. Екіншіден, бізде валютаны енгізудің тәжірибесі болған жоқ, шет елдерде банкноттарды бастырып шығаруға тапсырыс беру үшін де ақша болмады. Сол сияқты өзіміздің банкнот фабрикамыз да болған жоқ» деп Н.Назарбаев өзінің «Қазақстан жолы» кітабында еске алады.
Алайда экономикадағы ахуал күн санап күрделеніп, рубльдің құнсыз­дануы шарықтау шегіне жетті. 1993 жылы бір АҚШ долларының бағамы 990 рубльді құрады. Одан қалды Ресей ескі үлгідегі ақшаларын Қазақстанға қаптатып, елдегі қаржы жүйесінде бейберекетсіздік белең алды. Қалтай Мұхамеджановтың: «Базарда бір кемпір бір кило алмаға екі кило ақша сұрап тұр» дейтіні сол қилы заманнан қалған сөз.
Тұтас елді тығырыққа тіреген бұл жағдайдан шығудың жалғыз жолы – ұлттық валютаны енгізу­ болатын. Осы орайда Н.Назарбаев біртұтас рубль аймағын сақтап қалуға қатыс­ты талпынысымен қатар, төл валютамызды енгізуге де алдын ала қамданды. Тәуелсіздікті жариялағаннан 6 айдан кейін-ақ, яғни, 1992 жыл­дың мамырында ҚР Президенті «Қазақстан Рес­пуб­ликасының Ұлттық мемлекеттік банкінің баспа фабрикасын құру туралы» Жарлыққа қол қойды.


Сонымен қатар Президент ұлттық валютаны енгізудің мүмкіндіктерін қарастыратын құпия комиссия құрады. Комиссия туралы мемлекет басшысының өзін қосқанда небәрі жеті-ақ адам білді. Олардың барлығынан құпияны сақтау туралы қолхат алынды. Жаңа валютаның дизайнын жасау Тимур Сүлейменов бастаған суретшілер тобына жүктелді.
«Бұл міндетті ерекше тебіреніспен қабылдадым. Өзіме Сикстин капелласын салуды жүктегендей болды. Сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Қазақстан үшін жаңа ракета жасап шығатындай күйде бол­дым. Бойымды үрей биледі» деп Тимур Сүлейменов өз естеліктерінде баяндайды.
Теңге авторларының бірі ұлттық валютаның ал­ғашқы эскиздерін жасау үшін бұрынғы Совминнің ауруханасына жатып, сондағы палаталардың бірінде жұмысқа кіріскен.
Шығармашылық топта Тимур Сүлейменовтен өзге танымал полиграфия маманы Меңдібай Әлин, Ағымсалы Дүзелханов жұмыс істеді. Олардың қатарына кейін суретші Досбол Қасымов пен Қайролла Ғабжалилов келіп қосылды. Алғашқы топ қағаз ақша эскиздерін жасауға жауапты болса, монета эскиздерін жасау жұмысы дизайнер, талантты суретші Айрат Исмамбетов пен дизайнер Виктор Ивженкоға жүктелді.
Жаңа ақшаның алғашқы қағазға түскен нұсқалары Алматы іргесінде жалға алынған саяжайлардың бірінде дүниеге келген. Ал бүгінгі теңгеміздің «алтын», «сом», «ақша» атануы да мүмкін еді.
Қазақстанның төл ақшасы қандай болу керек деген мәселе де бірден шешілмеген. «Бізде көптеген серия­лар мен нұсқалар болды, бірақ портреттерді таңдадық. Портреттерді таңдағаны қиын болды. ХІХ ғасыр­ға дейін фотосуреттер болған жоқ, Әбілқайыр, Абылай хандардың суреттерін көне еңбектер мен саяхатшылардың жазбаларынан іздедік. 50 теңге ақша белгісін құру кезінде (онда Әбілқайырдың суреті болған) Клапрота және Аткинсон деген ағылшын саяхатшыларының кітаптарындағы суреттерді қолдандық. Абылай ханның бейнесін орыс саяхатшыларынан таптық» деп Меңдібай Әлин өз естеліктерінде көрген қиындықтары туралы баяндайды. Бұл ретте дизайнерлер тобы ғұндардың жетекшісі Атилладан бастап, Мұхтар Әуезовке дейінгі теңгеге бейнеленетін тарихи тұлғаларды анықтай алмай, әбден қиналған.
Бірнеше айға созылған дайындық жұмыстарынан кейін, 1992 жылдың 27 тамызында, жаңа ақшаның айналымға енуіне бір жыл қалғанда теңгенің алғашқы эскиздері Президентке көрсетіліп, кейін ҚР Ұлттық банкiнде жаңа валютаның үлгiлерi бекiтiлдi. Артынша дизайнерлер тобы Тұманды Альбионға аттанып, тәуелсіз Қазақстанның төл ақшасы Британ елінде басылып шығады.
Лондонға барған қазақ дизайнерлерінің бірі Қайролла Ғабжалилов бір сұхбатында Қазақ дизайнерлерінің елден жасап алып барған кескіндемелері Англияда қоқыс жәшігіне лақтырылғанын айтады. «Бізге қағазбен жұмыс істеу­ді, оның құрамын анықтауды, бояу, мөр технологияларын қайтадан үйретті. Кейін макеттерге суреттер мен өрнектерді қайтадан салдық» дейді ол.
Теңгені Қазақстанға жеткізу жұмысы да көптеген ауыртпалықтармен, арнайы әскери опера­ция­дағыдай өткен. Ұлттық банкі­міздің алғашқы төр­а­ғасы Ғалым Байназаровтың мына бір естелігінен бұл жұмыстың қаншалықты күрделі болғанын аңғарамыз: «Тасымал да оңай болған жоқ. Өйткені ол кезде Лондоннан Алматыға тікелей ұшақ ұшпайтын. Барлық ұшақтар Мәскеу арқылы ғана ұшатын. Біздегі ғарыштық басқару, әуе жолын басқару саласы ол кезде Ресейдегі тиісті орталықтарға бағынышты болды. Ал Мәскеу арқылы тасымалдау қауіпті. Ақыры, жолаушы тасымалдайтын бір ұшақтың орындықтарын жатқызып, оған шағын контейнерлерге салынған ақшаны тиедік, валюта салынған контейнерлерге «Бұл – Үкіметтің қарауындағы жүк! Кедендік тексеруге жатпайды!» деп жаздық. Лондоннан тікелей Алматыға ұшатын жолдың сызбасын дайындадық. Бірден тоқтамай Лондонға бару мүмкін емес болған соң, ұшақ Ақтауға қонып, жанар-жағармай құйып алатын болды. Жүкті қорғау, тасу, күзету деген де үлкен жұмыс болды. Бұл жұмыстар Ұлттық банктің өз қызметкерлерінің күшімен атқарылды. Рейстің бәрі түнде жасалынды. Сөйтіп, бір-екі аптаның ішінде теңгені түгел Таразға тасып алдық».
Төл ақшамызды енгізу жұмыстарының мейлінше құпия жүргізілгеніне қарамастан, ел арасында «ақша ауысады» деген әңгіме жиі-жиі айтыла бастаған. Тіптен бұл мәселе сол кездері мерзімдік басылымдарда да жарық көріп, онсыз да тұрмыс тауқыметін тартып жүрген жұрттың жүйкесін жұқарта түскен. «Еліміздегі мемлекеттік тілдегі және орыс тіліндегі мерзімді баспасөздер беті ақша туралы алып-қашпа әңгімелерге толғалы қашан. Бәзбір «данышпан» қайраткерлер, арандатушылық әрекетке құмарлар, әсіресе, «Панорама», «Караван» сықылды алыпсатарлар апталығы Қазақстанның төл ақшасын бірнеше рет «кіргізіп» үлгергені мәлім. Бір нәрсенің басы ашық: енді өз ұлттық ақшамыз болады және ол көп ұзамай айналымға енгізіледі. Сонымен, мемлекетіміз тәуел­сіздігінің тағы бір бас­ты белгісі жуырда жүзеге аспақшы» делінген «Ана тілі» газетінің 1993 жылы, 11-і қарашада жарық көрген санында.
Басылымдағылардың «сәуегейлігіне» таңғалмасқа амал жоқ. Өйткені газет шыққан күннің ертеңіне, яғни 12 қарашада Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ел тарихындағы бірінші ұлттық валюта – теңгенің айналымға енгізілетінін халыққа теледидар арқылы хабарлады.
1993 жылы 15 қарашада 08.00 сағаттан бастап Қазақстанның территория­сында өзінің ұлттық валютасы – теңге енгізілді. Осылайша небәрі бірнеше жылдың көлемінде жас мемлекет жеке ақшасына қол жеткізді. «Тегінде, дүние жүзінде жаңа ақшаны дәл осылайша тез әрі табысты енгізген басқа ел жоқ та шығар» деп Елбасы «Өмір өткелдері» сұхбат кітабында тағдыршешті таңдаудың әділ бағасын береді.
Асыл бабалардың бей­нелері бедерленген ал­ғашқы теңгелер қолына тигенде жүрегі қазақ деп соққан қауымның балаша қуанғанын бүгінгі қоғам қайдан білсін?!
«Шетелдің жебір валютасына көз сүзбей, өзіңнің қолтума ұлттық ақшаң болуы қандай бақыт десеңші, халқым-ау! Ғасырлар бойы ұлтыңа, үрім-бұтағыңа беймәлім, түнеріп, түксиген әралуан патшалар мен президенттердің, корольдер мен кайзерлердің жат бейнелері салынған сұсты суреті бар ақшаларға табынып келген қазақ халқының өз ақшасы, өз даналарының сүйкімді бейнелері бедерленген валютасы қашан болып еді о заман да, бұ заман!? Міне, осы орасан бақытқа қолымыз бүгін жетті ғой біздің. Тәуба де­йік оған!» деп Қазақстанның халық жазушысы Әзілхан Нұршайықов 1993 жылдың 19 қарашасында «Қазақ әдебиеті» газетінде жариялаған мақаласында ағынан жарылады.
Бүгіндері егемендіктің елең-алаң шағында енгізілген теңгеміз әлем ақшаларының қатарынан лайықты орнын алды. Қазақстанның монета сарайы қазірдің өзінде дүние жүзінде ең озық кәсіп­орындардың бірі деген беделге ие болып отыр.
Әрине, осы күндері орын алып жатқан экономикалық толқулар теңгемізді теңселтіп те тұр. Дегенмен, ұлттық валютамыз ел экономикасының ішкі тірегі, сандық та, сапалық та көрсеткіші болып қала береді.

Жарқын ҚҰЛАН

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button