Жаңалықтар

ТӨЛ ТІЛІМІЗДІ ТӨРЛЕТТІ

Жуырда ғана Елбасының өзі салтанатты жағдайда ашқан Құрманғазы ескерткішінің жа­нында «Тағдырым – тілімде, сырым – күйімде» атты думанды-сазды, интерактивті кеш өтті. Қазақстан халқы тілдерінің XIV қалалық фестивалі аясында ұйымдастырылған кештің көрігін көрермендер қыздырды.

Мерекелік басқосуды Парламент Мәжілісінің депутаты, Ауғанстан соғысының ардагері Бақытбек Смағұл ашып, сөз сөйледі. «Ана тіліміздің абы­ройы – бәрімізге ортақ. Оның биіктігі мен кеңдігіне бәріміз мүдделіміз. «Өзге тілдің бәрін білсек те, өз тілімізді құрметтеу» – қай-қайсымызға да парыз, міндет деп білем. Оған барлығымыздың үлесіміз бен жанашырлығымыз керек» деді халық қалаулысы.

Шарада ескерткіш маңына жиналған елордалықтар мен қала қонақтары өзара сынға түсті. Олар тіл туралы мақал-мәтелдер, өлеңдер айтып жарысты, салт-дәстүрлерге байланысты сұрақтарға жауап іздеді. Бұл ойынға қатысқан бүлдіршіндерге «Бал-бала» ойыншықтары, суретті қазақ тілі кітабы тарту етілсе, ересектерге «Сөз сарасы» кітабы, кинотеатрларға билеттер, «Тіл» журналы табыс етілді. Ойында Ғ.Орманов атындағы №7 орта мектептің оқушылары мен ұстаздары белсенділік танытты.

Кеш ән-жырмен жалғасты. Көпшілік эстрада жұлдыздары – Президент оркестрінің әншісі Жанат Шыбықбай, Гүлзира Бөкейхан, Досымжан Таңатаров және Клара Төленбаеваның өнерін тама­шалады. «Серпер» домбырашылар тобы да тыңдаушыларының ыстық ықыласына бөленді. Айтыскер ақын Балғынбек Имашевтың тіл туралы, ұлт туралы толғаулары көпшілікке патриоттық көңіл-күй сыйлады.

Асхат РАЙҚҰЛ

 

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button