Экономика

ТОЛАЙЫМ ТАБЫСТАРЫМЫЗДЫҢ СЕНIМДI КIЛТI

тенге

Бір нәрсе айқын. Көшкен селдей, ескен желдей өмір өтіп жатыр. Яғни, уақыт шіркін бір сәт тоқтар емес. Өз ағынымен барлық тіршілікті алға қарай жетелейді. Міне, әдеттегідей Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына арнаған дәстүрлі Жолдауын жариялады. Шынымды айтсам, маған бұл жолғы Жолдау ерекше көрінді. Біріншіден, осы уақытқа шейін Жолдаулар бұлайша ерте жарияланған емес.

Екіншіден, аталмыш құжат қызметі бүкілхалықтық сипатқа айналған «Нұр Отан» партиясының саяси кеңесі отырысында арнайы таныстырылды. Бұл Үндеудің Ұлттық валюта күні қарсаңында жолдануы да өзгеше бір әсер қалдырды. Меніңше, мұның бәрі әсте кездейсоқ емес. Бүгінде бүкіл әлем жаңа сынақтармен және қатерлермен бетпе-бет келіп отыр. Бұл тұрғысында биылғы Жолдауда былай делінген: «Әлемдік экономика әлі де жаһандық қаржылық-экономикалық дағдарыс салдарынан айыға қойған жоқ. Қазақстан әлемдік экономиканың бір бөлшегі ретінде әрі геосаяси қысымның эпицентріне тікелей жақын орналасқан ел болғандықтан осынау үдерістердің теріс әсерлерін сезінбей қоймайды».

Халықаралық валюта қоры мен Дүниежүзілік банк тарапынан 2014 және одан кейінгі екі жыл бойында әлемдік экономиканың дамуында болжам төмендеу жағына қарай қайта қаралғаны белгілі. Сондықтан, Жолдауда айтылғандай, бізде ырғалып-жырғалуға уақыт жоқ. Біз теріс үрдістердің алдын алу үшін барлық ықтимал шараларды жедел қабылдауға тиіспіз. Осы ретте Президент Қазақстанның «Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясаты туралы ресми жариялағанын және мұны іске асыруда еліміздің қаржылық жүйесінің ықпалы мол болатынын ерекше атап өткен жөн.

Реті келгенде айта кету керек, кезінде түрлі саяси ойыншылардың сыни пікірлеріне қарамастан, біз сыртқы нарықтардағы жағдай оңтайлылығымен ерекшеленіп, мұнай мен біздің экспорттық өнімдерімізге баға айтарлықтай жоғары деңгейде болған жылдары шикізат экспортынан түскен табыстарды Ұлттық қорға бағыттап келдік. Бұл жөнінде биылғы Жолдау­да да айтылады: «Осы жылдардың бәрінде шикізат өндіру мен одан түскен табыстарды біз осы Қорға салып келдік. 10 миллиард долларды біз 2007-2009 жылдардағы дағдарысқа қарсы күреске бағыттадық. Қалған ақшаны ішіп-жеп және жұмсап қойған жоқпыз, сақтадық және көбейттік. Қазір біз осы резервтерді пайдалануға тиіс болатын кезең туындап келеді. Бұл қаржы қиын уақыттарды еңсеріп, экономикамыздың өсімін ынталандыруға көмектесетін болады». Иә, қарап отырсақ, өзіміздің қаржымыздың болғаны бізді неғұрлым сенімді де батыл сезінуге мүмкіндік беріп отыр. Былайша айтқанда,Ұлттық теңгемізді енгізудің арқасында нарықтық сипаттағы экономикамызды орнықтырып келеміз.

Әрине, мұның бәрі бізге оңайға соққан жоқ. Осы ретте өткен ғасырдың 90-ыншы жылдарының басындағы мемлекеттің өміріндегі ең ауыр сындарлы кезеңге бір сәт көз жүгіртіп көрсек. Ол кез қуатты Кеңес Одағы құлап, біз шын мағынасында ұлы империяның үйіндісінің астында қалған жағдайда едік. Кәсіпорындар тоқтап, мыңдаған адамдардың көшеде қалуы, бос сөрелер, шеті мен шегі жоқ кезек, ақшаның құнсыздана түсуі, инфляцияның жылына мыңдаған пайыздарға жетуі сол бір кездердің үйреншікті құбылысы болатын. Жаппай жетіспеушілік. Тіпті, кір сабынның өзі халыққа талонмен берілгені әлі есте. Жұрттың көбі дүкендер сөрелерінде бағасы ұшып тұрса да, тауар болса екен деп армандағанын да ұмыта қойған жоқпыз. Менің бір танысымның көптеген кәсіпорындар тоқтап тұрған сол кезде: «Көшеге шыққанда шіркін зауыт мұржасынан түтін шықса екен деп тілеймін. Адамдар еңбекақысын, қарттар зейнетақысын алар еді, халықтың тұрмысы түзелер еді» дегені бар.

Ресейдің Қазақстанмен және өзге әріптестерімен алдын ала келіспестен ақшаның құнын ырықтандырып жіберуі хал-ахуалдың одан әрі шиеленісуіне әкеліп соқты. Сол тұста ғой, көптеген белгілі саясаткерлердің Қазақстанның жеке мемлекет ретінде қалыптасатынына зор күмәнмен қарайтындары. Мәселен, Кеңес Одағының тұңғыш және соңғы президенті Михаил Горбачев өзінің мемуарында Қазақстан оған еш басқаруға көнбейтін аймақ тәрізді көрінгенін ашық мойындайды. Осы тәріздес пікірдің атақты АҚШ саясаткері Збигнев Бжезинскийдің тарапынан да айтылғаны белгілі.

Міне, осындай күрделі жағдайда төл мемлекетімізге барлығын жаңадан бас­тау керек болды. Сол жаңалықтардың бірегейі тәуелсіз мемлекетіміздің дербес ұлттық валютасын айналымға енгізгеніміз дер едім. Мұның өзі сайып келгенде жеке дара саясат жүргізуге, тиімді экономика жүйесін орнықтыруға бағытталған құрылымдық өзгерістерді тездетуге мүмкіндік берді.

Енді, міне, биыл шынайы эко­номикалық тәуелсіздік пен табысты қаржы реформасының символы ретіндегі төл теңгемізге 21 жыл толып отыр. Осы жылдардың бедерінде республиканың қаржы-несие және экономикалық саясатының жеке дара дамуының шешуші факторы бола білген қазақстандық ақша бірлігі халықаралық деңгейде де толық мойындалып үлгерді. Шетелдік сарапшылар теңгені ТМД және Орталық Азия кеңістігінде ең сенімді және ең тұрақты валюта ретінде бағалайды. Жалпы, теңге бүгінгі күні еркін әлемдік валюта ретінде айналымда болмаса да, ол ұлттық валюта есебінде толықтай қалыптасты. Ең бас­тысы, теңгенің қазақтардың ұлттық сана-сезіміне оң әсері болғанын, жүректеріне қуаныш ұялатқанын ерекше атап өткен жөн.

Қазір өткен жылдар белесінен көз жүгіртсек, өзіміздің төл теңгемізді айналымға шығару туралы шешімнің экономикамыздың дамуының жаңа бір сатысына көтерілуіне ықпал еткен бірегей тарихи шешім болғанын әрі оның дер кезінде қабылданғанын анық аңғарамыз. Ал, әуел баста жағдай өте ауыр болатын. Әлгіде айтқандай, рубль аймағынан шығуға мәжбүр болғандықтан жаңа валютаны дайындау­ды әрі оны тездетіп айналымға енгізуді Нұрсұлтан Назарбаев бастаған арнайы комиссия қолға алды. Кейін мемлекет басшысы өз естеліктерінде жазғандай: «Мемлекетті өзінің валютасыз құру мүмкін емес еді. Сондықтан, ерте ме, кеш пе оны енгізу қажет болатын. Валюта – барлық экономиканың күретамыры іспетті».

Осыларды ескере отырып Қазақстан Республикасы Президенті өзінің ең алғашқы шешімі ретінде ұлттық валютаны енгізуге дайындалу туралы өте құпия түрдегі жарлық шығаруды жөн деп тапты. Осыған орай, суретшілерге ұлттық валютаның көрнекті дизайнын дайындау жөнінде нақты тапсырмалар берілді. Мұның сыртында ұлттық валютаға лайықты атау табу керек болды.  Нұрсұлтан Назарбаев «теңге» деген атауды лайық көрді. Ол негізсіз емес еді. Орта ғасырда қазақтың сайын даласында «тамға» атауымен ақша бірліктері қолданылған болатын. Мысалы, көне Қазақ жерінде VII және VIII ғасырларда Сырдария мен Отырар алқабында түркілер, ал Жетісуда түргештер өздерінің ақшаларын айналымға шығарып отырды. Отырарда арнайы монета сарайы жұмыс жасап тұрды. XIV ғасырдың соңынан бастап Әмір Темірдің ақшалары айналымға енгізілді.

Сонымен, комиссия түрлі жағдаяттарды зерттей отырып жаңа валютаны кенет әрі жедел түрде енгізуді ұйғарды. Сайып келгенде бұл ұйымдық, саяси және экономикалық тұрғыдан алғанда аса кең көлемді операция болды. Тек осыдан кейін ғана барып саяси мәлімдеме жасаудың сәті түсті. 1993 жылғы 12 қарашадағы ҚР Президенті Жарлығына орай Қазақстан Республикасының  түгел аумағында 1993 жылғы 15 қарашадан жергілікті уақыт бойынша 8.00 сағаттан бастап Қазақстан Республикасының ұлттық валютасы – теңге толық айналымға енді. Бұл күн, сөйтіп, ұлттық валютаның туған күні ретінде ресми қабылданды және төл теңгеміз Елтаңба, Ту, Әнұран сияқты мемлекетіміздің басты белгілерінің біріне айналды.

Осылайша, 1993 жылы айналымға 1 теңгеден бастап 100 теңгеге дейін ақшалар шығарыла бастады. Олардың беттеріне тиісінше ғұлама ғалым Әбу Насыр әл-Фараби, халық ақыны Сүйінбай, күйші Құрманғазы, этнограф Шоқан Уәлиханов, ағартушы Абай Құнанбаев, қазақтың көрнекті хандары Әбілқайыр мен Абылай орналастырылды.

1994 жылы айналымға 200 және 500 теңгелік ақшалар енгізілді. 1995 жылғы 14 ақпаннан бастап мың теңгелік ақшалар айналымға түсе бастады. Соңын ала теңгенің жаңа экономикалық мазмұнымен қатар бірнеше рет оның сырт бет-бейнесі де өзгерістерге ұшырады. Осы жылы Қазақстанда банкнот фабрикасы да іске қосылды. 1996 жылы екі мың теңгелік ақша шығарылса, 1998 жылы бес мың теңге, ал 2003 жылы қазіргі ең жоғары сома – 10 мың теңге айналымға енгізілді.

Алғашқы айларда жаңа валюта тұрақсыздыққа ұшырағанымен, тарихи тұрғыдан алғанда теңгені енгізу қоғамға саяси-экономикалық қалыптылықты орнықтырған маңызды жетістік болды. Стратегиялық жағынан Қазақстанның дербестігі мен тәуелсіздігін нығайтуда бұл нағыз батыл қадам еді. Бір сөзбен айтқанда, қазір теңге толыққанды және дағдарысқа төтеп беруші ақша бірлігі ретінде барынша қалыптасып отыр. Сондықтан, небір қиындықтарды еңсере отырып ұлттық экономикамызды қарыштап дамытуға, сөйтіп, «Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясатының басты мақсаты – әлемнің алдыңғы қатарлы 30 елінің құрамына енуге төл теңгеміздің ықпалы мол болады десек, қателесе қоймаймыз.

Сонымен бірге, мына бір жайды да есте ұстаған жөн. Біз тұрақтылықты бағалай білгеніміздің арқасында бүгінгі табыстарға жеттік. Біздің ең басты байлығымыз – Ел бірлігі болуы керек. Өйткені, Ел бірлігі – біздің барша табыстарымыздың кілті.

Кенжеболат ЖОЛДЫБАЙ,
саясаттанушы

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button