Басты ақпарат

ТӨЛЕ БИ ТОЙЫ

(Басы 1-бетте)
Торқалы тойдың алғашқы күні, яғни, бейсенбіде Тараз қаласындағы облыстық Қазақ драма театрында жазушы-драматург Елен Әлімжанның «Төле би» драмасының тұсаукесері өтті. Еліміздің түкпір-түкпірінен жиылған зиялылар, өнер сүйер қауым қойылымға жоғары баға берді. Мерейтойдың мән-маңызы Төле би ескерткішінің ашылуымен арта түсті. Қаланың қақ ортасынан, тура Төле би даңғылының бойынан бой көтерген ескерткіш айрықша кескін-келбетімен алыстан көз тартады.
Дәл осы күні Баласағұн атындағы орталық концерт залында «Төле бидің қасиеттері мен өсиеттері» атты республикалық жыр мүшәйрасының қорытындысы шығарылып, жеңімпаздар мен жүлдегер ақындар марапатталды. Жыр бәйгесінің бас жүлдесін қазақтың арқалы ақыны Маралтай Райымбекұлы қанжығаға байлағанын айта кеткен жөн. Мұнан соң осы зәулім сарайда «Төле би және оның ұлағатты мұралары» тақырыбында республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өз жұмысын бастады. Конференцияны Парламент Сенатының депутаты, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Нұрлан Оразалин жүргізіп отырды. Алқалы басқосуда Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед Елбасы Н.Назарбаевтың құттықтау хатын оқып берді.
Той бұдан әрі орталық стадиондағы салтанатты мереке мен гала-концертпен жалғасты. Ал, сенбі күні Б.Момышұлы атындағы атшабарда қан қыздырып, делебе қоздырған ұлттық ат спорты ойындары байрағын көтерді.
Төле би Әлібекұлының 350 жылдық торқалы тойынан дайындалған мерекелік репортажды газетіміздің келесі санынан оқи аласыздар.

 

Тұрсынбек Сұлтанбек, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

 

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button