Басты ақпаратҚоғам

Толеранттылық – үлкен құндылық

Елімізде ұлтаралық татулықтың салтанат құруы – мемлекеттің негізін құрайтын қазақ халқының саяси мәдениетінің биік деңгейге көтерілгенінің нәтижесі дер едік. Сондықтан Жаңа Қазақстан құрудағы басты қағида – ол этносаралық татулықты, бірлікті, сыйластықты берік ұстану.

Қазақстанда толеранттылық – үлкен құндылыққа айналды. Ал толеранттылық дегеніміз – төзімділік, сабырлық, шыдамдылық және имандылыққа негізделген ізгілік жолы. Мұны тәуелсіздікке ие болған отыз жылдан астам уақыттағы жеткен жетістігіміз деп айтуға нақты негіз бар. Осыдан 30 жыл бұрын, яғни, 1995 жылы 1 наурызда Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылды. Ассамблеяның негізгі мақсаты – қазақ халқының топтастырушылық рөлін арқау ете отырып, қазақстандық патриотизм, Қазақстан халқының азаматтық рухани және мәдени ортақтығы негізінде қазақстандық біртұтастықты және бәсекеге қабілетті ұлтты қалыптастыру процесінде республикадағы этносаралық келісімді қамтамасыз ету емес пе?

Бірлік пен тұрақтылық болғанда ғана саяси-экономикалық реформалар жүзеге асатындығын ұмытпағанымыз жөн. Ұлтаралық бірлік – мақсатымызға апаратын төте жол ғана емес, бұл – мемлекеттігіміздің ең басты тірегі. Сондықтан еліміздің тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығы ел бірлігінің мызғымас құндылықтарымен қатар тұруы тиіс. «Отан отбасынан басталады» демекші, татулық пен келісім тек мемлекеттік саясатта ғана емес қоғамда, үйде, ұжымда да дәріптелуі тиіс. Бүгінгі таңда әрбір Қазақстан азаматы елдің бірлігі мен татулығы сияқты мызғымас қағидаға әрдайым адал болуы керек.

Қазақстан халқы Ассамблеясы шын мәнінде мемлекетіміздің іргесін бекітіп тұрған басты институтқа айналды. Сондықтан да Ассамблея қасиетті қазақ жерін мекен еткен барша этностың басын біріктіріп отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ҚХА-ның XXXIII сессиясында «Біз әртүрліміз, бірақ бәріміз теңбіз», «Қазақстанның халқы біртұтас» деген қағидаттар көрініс табуы тиіс.

Бұл – мызғымас әрі берік қағидаттар» деп ерекше атап өткен болатын. Демек, Ассамблея жұмысын еліміздің жаңа гуманитарлық идеологиялық доктринасымен үйлестіре жүргізудің маңызы өте зор. Мемлекет басшысы үшінші Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінде: «Тәуелсіздік және Отаншылдық, Бірлік және Ынтымақ, Әділдік және Жауапкершілік, Заң және Тәртіп, Еңбекқорлық және кәсіби біліктілік. Жасампаздық және жаңашылдық» бұл – біздің саяси идеологиялық тұжырымдамамыздағы басты бағыт-бағдарымыз деп ерекше атап өткен болатын. Бұл тұжырымдаманың мән-мағынасын Астананың этномәдени бірлестіктері және Ассамблея жанындағы қоғамдық ұйымдар терең түсіне отырып, күнделікті атқаратын іс-шаралардың алғышарты ретінде қарастыруда. Мәселен, «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» деген қағида бір-бірінен ажырамайтын егіз ұғымдар. Ассамблея мүшелері осы құндылықты басты негізге алып, мұны ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру жолындағы негізгі бағыт-бағдар деп біледі. Жалпы «Адал азамат» ұғымы астарында қоғамдағы құндылықтардың күре тамыры жатыр. Адалдық бар жерде татулық пен келісім халқымыздың бірлігі жатыр емес пе? Олай болса, азаматтық теңдік, еңбексүйгіштік пен татулықты қастер тұтатын зайырлы ел болып табылатын Қазақстанның алға ұмтылатын мемлекеттің мерейлі межесі – этносаралық татулықты мәңгі сақтап қалу. Астана қалалық Ассамблеясы этносаралық татулықты, бірлікті, сыйластықты берік ұстануға өз үлесін қосып келеді. Өткен 2024 жылы Астана қалалық Ассамблеясының хатшылығы мен Астана әкімшілігі жанындағы «Қоғамдық келісім» ҚМУ және этномәдени бірлестіктерінің қатысуымен 295 іс-шара өткізіліп, оған 76 мыңнан астам адам қатысты. 7 784 адамға әлеуметтік көмек жасалды. Соңғы деректерге көз жүгіртсек, қазіргі күнде Астанада 1 миллион 528 887 адам тұрады. Оның 150 мыңға жуық орыс ағайындар болса, қалғандары – басқа да ұлт өкілдері. Яғни, жергілікті халықтың үлес салмағы – 82 пайыздан асады деген сөз. Жалпы Астана халқының түрғындары ҚХА-ның қызметімен танысқан адамдардың үлес салмағы 135 000 адамды құраған. Бұл – жалпы елорда халқының 9 пайызы. Мәселен, өткен жылы ҚХА-ның оның ішінде этносаралық қарым-қатынасты насихаттауға бағытталған 1784 материалдар әлеуметтік желілер мен БАҚ беттерінде жарияланды. Бұл шығарылымды 60 мыңға жуық адам қараған.

Біз жыл өткен сайын Ассамблеяның институциялық әлеуетін нығайтуға күш салып келеміз. Сонымен қатар, мемлекеттік органдармен қалалық мәслихатпен қарым-қатынасты жақсарта түсуді басты назарда ұстаудамыз. Қалалық Ассамблея хатшылығы түрлі мекемелермен серіктестік орнатып, басқаларға үлгі болуды мақсат етіп отыр. Ассамблея әлеуметтік тұтастық пен отаншылдықты дәріптейтін орталыққа айналды. Оның ішінде отбасы институтын сақтауға және ұлтаралық, мәдениетаралық байланысты нығайту, жастарды рухани-адамгершілік құндылықтарға тәрбиелеп, құқықбұзушылықтың алдын алу бағытында Ассамблея жанындағы Ақсақалдар кеңесі мен Аналар кеңесінің рөлі ерекше екендігін атап өткім келеді. Бүгінгі таңда Ассамблеяның құрамына 23 этномәдени бірлестіктері кіреді. Ақсақалдар мен Аналар алқасы, ғылыми-сараптама және Ассамблеяның баспасөз орталығы, журналистер, блогерлер мен «Мәміле» атты пікірталас клубы тұрақты жұмыс жасайды. Бізде волонтерлердің жұмысына қатысты жаңа жобаларға үнемі қолдау көрсетілуде. Бір сөзбен айтсам, Ассамблея бірегей азаматтық институт ретінде құрмет пен сенімнің қоғамға орныға түсуіне зор үлес қосып келеді.

Астанада 17 этномәдени бірлестігі бар. Олар – орыс, кәріс, неміс, шешен-ингуш, украин, өзбек, армян, қырғыз, татар-башқұрт, болгар, қарақалпақ, ұйғыр, поляк этностары. Жалпы 36 өнер ұжымы жұмыс істейді. Былтыр олардың қатысуымен 4 көркемөнерпаздар фестивалі өтті. Ашығын айтсақ, қазіргі күнде Астанадағы «Достық үйі» Ассамблеяның ауқымды бастамаларын жүзеге асыратын, яғни жалпыұлттық ықпалдастықты нығайтатын орынға айналды. Мемлекет басшысы айтқандай, біз «Достық үйін» этномәдени бірлестіктердің бас қосатын орны ғана емес, қоғамдық кездесулер мен талқылаулар өтетін және тың бастамалар мен идеялар туындайтын сонымен қатар, жергілікті қоғамдық ұйымдардың дамуына жол ашып, жақсы бастамаға тірек болатын, бірлік, жасампаздық, өрлеу сияқты құндылықтарды дәріптейтін орталыққа айналуына мүмкіндік жасаудамыз.

М е м л е к е т б а с ш ы с ы Қасым-Жомарт Тоқаев Атырауда өткен Ұлттық құрылтайда: «Жалпыұлттық доктрина, яғни тұғырнама жетекші қоғамдық институттардың барлығы қолдаса ғана толық жұмыс істей алатындығын ұғынған жөн. Қоғамның қолдауы болмаса, бұл доктрина қағаз жүзінде қалады. Ондағы негізгі қағидаттарды орнықтыру ісіне Ассамблея басты роль атқаруы тиіс» деп ерекше атап өткен болатын. Сондықтан, Президент алдымызға қойып отырған бұл талап-міндетті орындау жауапкершілігін терең түсініп отырмыз.

Нұрдәулет ӘЛМҰХАНОВ, Астана қаласы Ішкі саясат басқармасының басшысы

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button