Сұхбат

ЕЛДІК МӘСЕЛЕНІҢ ҰСАҒЫ БОЛМАЙДЫ

толеутай

Төлеутай СҮЛЕЙМЕНОВ, Қазақстанның тұңғыш сыртқы істер министрі:

ЕЛДІК МӘСЕЛЕНІҢ ҰСАҒЫ БОЛМАЙДЫ

– Төлеутай Ысқақұлы, енді ғана тәуелсіздік алып, қадамын әрпіл-тәрпіл басқан мемлекеттің сыртқы саясаттағы сөз ұстайтын серкесі кім болады дегенде, таңдау сізге түсіпті. Өткенге сәл шегініс жасап, еліміздің  алғашқы дипломатиялық қадамдары қалай басталғанын еске алайықшы…

– 1986 жыл. Алматыда Желтоқ­сан көтерілісі болғанда, мен Ау­ған­стандағы консулдықтан оралып,
Мәскеудегі Сыртқы істер ми­нистр­­лігінің орталық аппаратында қыз­мет істеп жүр едім. Кешқұрым жұ­мыстан аяңдап қайтып келе жатсам, бір орыс қапталдаса кетіп: «Сіз Қазақстаннансыз ба?» деді.

– Иә.

– Еліңізде болып жатқан жағдайдан хабардарсыз ба? – деп, үсті-үстіне сұрақ қойып, әңгімені өзі игеріп әкетті. «Дұрыс, қолдаймын. Әр мемлекет өзіне-өзі қожа, өз басшысы болуы керек» деп ағынан жарылды. Әрине, қазақтың қыз-жігіттерін қорлап, тепкінің астына алып жатқанына іштей наразы болдық. Кейін  қазақтың осынау тоқпақ пен торға көндіге алмайтын өр мінезін мақтан тұтатын да сәт туды. Бірде демалыс бабымен Ялтада жүргенімде, көрші үстелде отырған армяндар: «Қазақтар, сендер бізге жақсы өнеге көрсеттіңдер. Енді біз де көтерілеміз, теңдік сұраймыз» деп шын көңілден ризашылық білдіргені есімде. Нұрсұлтан Әбішұлынан шақыртуды 1991 жылы КСРО-ның Тегерандағы елшілігінде жұмыс істеп жүргенде алдым. Ол кезде ұялы байланыс жоқ, елшілікке барып қала телефонымен тілдесеміз. Елбасы Мәскеуде екен. КСРО Сыртқы істер министрі Шеварднадземен сөйлесіп, лайықты үміткер ұсынуын өтініпті. Әрине, мен жалғыз емеспін. Санатта басқалар да болды. Екі іріктеуден кейін таңдау маған түскен.

толеутай-ага212 толеутай-ага-333– Жұмыс қиын болады. Барлығын тақыр жерден бастаймыз. Қазақстанды дүние жүзіне таныту керек, – деп  Президент мәселенің ашығын айтты. «Тас түскен жеріне ауыр», ақыры сеніп тапсырғаннан кейін өзімді сынап көруге бел будым. Президент қабылдаған бойда, Жарлық шығартты. Дәл сол күні Премьер-министр Терещенконың бірінші орынбасары мені бірден Сыртқы істер министрлігіне таныстырды. Оншақты адам. Оның үш-төртеуі ғана дипломат, қалғандары –  әкімшілік басқару қызметкерлері.

Бірден білікті кадрлардың басын біріктіру және баспанамен қамтамасыз ету мәселесін төтесінен қойдым. Тоқаев, Ғизатов,  Құрманғожин, Омаров, Дәненов, Нұрғалиев сынды қа­зақтың елдік мәселеге төселген дип­ломат мамандарын шақыртып, Сырт­қы істер министрлігінің негізгі құрамын жасақтадық. Жасырақ кезіміз, шаруаның ірілі-ұсақтығына қарамай, күні-түні ширығып жұмыс істейміз. Сірә, елдік мәселенің ұсағы болмайды. Қызметке кіріскеннен кейін бірден 13 желтоқсанда Ашхабадтағы бұрынғы КСРО құрамында болған Орта Азия мемлекеттерінің кездесуіне аттанып    кеткеніміз  есімде.  Нұрсұлтан Әбішұлының келешекті күні бұрын болжай білетін, өзгенің ішіндегісін біліп тұратын сұңғыла саясаткерлігін сол жерде анық аңғарған едім. Қырғыз, тәжік, өзбек, түрікмен бауырларға «Славян мемлекеттері өз алдына бірігіп жатыр. Егер, біздер түркі, мұсылман халықтары боп бөлініп алсақ, бір-біріне мүдделері кереғар екі блок қалыптасады, сосын арада тартыс өршиді. Жоқ, біз өйтпейік. Қанша дегенмен, жетпіс жыл бойы бірге болдық. Енді ірге ажыратып, сырт айналу ешкімге абырой әкелмейді. Дербестігімізге нұқсан келтірмей, тең құқылы қарым-қатынас жасайтын бір ұйым құрғанымыз дұрыс. Сондықтан әуелі біз бірінші қарекет жасап, Алматыда кездесейік» деп ақыл тастады. Сөйтіп, араға апта салып, 1991 жылы 21 желтоқсанда  ешқандай мемлекеттен жоғары құрылым боп саналмайтын, тек паритеттік негізде құрылған институттар арқылы қарым-қатынас түзетін Тәуелсіз мемлекеттер достастығының негізі қаланды. Көршілермен уағда байласып алғаннан кейін, бірден шетелдік іссапарларымызды бастап кеттік. БҰҰ, ЕҚЫҰ, Халықаралық валюта қоры сынды беделді ұйымдарға мүше болуға өтініш берерде, хатты бір сызып, бір өшіріп, қайта-қайта жазып, құжаттарды Мәскеудегі ескі таныстар арқылы қалай жөнелткенімізді еске алсам, қазір ертегідей көрінеді.

Шетелдік әріптестерге Қазақ­стан­ның қандай ел екеніне көз жеткізу,  ка­питал салуға көндіру қалпақпен қағып алатындай оңай шаруа болған жоқ.
Бұл тұрғыда, Президенттің кез кел­ген елдің басшысымен салғаннан тең дә­режеде сөз жарастырып, баурай сөй­лейтін қасиеті үлкен рөл атқарғаны рас.

Вашингтондағы бір сәтті жиі еске аламын. 1992 жылғы алғашқы ресми сапардың аясында АҚШ Президенті жоғары лауазымды тұлғаларды, дипкорпусты, Американың бақуатты адамдарын шақырып, салтанатты ас берді. Дастарқан үстінде Елбасымыздан қазақша ән шырқап беруді өтінді. Ондайда тосылмайтын Нұрсұлтан Әбішұлы сәл қарлығыңқы қоңыр даусымен бір әнді бастап кетті. Оған зайыбы Сара Алпысқызы қосылып, екі-үш әннен бір қайырды. Бір уақытта барлығы тік тұрып, дуылдата қол соқты. Содан бері америкалықтардан әр көріскен сайын «осындай мемлекет басшысы бар сіздердің елдеріңіздің бағы басым» деп айтқанына талай мәрте куә болдым.

– Сыртқы саясаттағы бағдарды Конституцияға сай Президент айқындайтыны түсінікті. Бірақ
осы жұмыс сізге сеніп тапсырыл­
ғаннан кейін, жоғарыда айтқандай бірін­шіге арқа сүйемей, жалғыз жортып, өз бетіңізше шешім қа­былдаған кезіңіз болды ма?

– Болды, әрине. Көп кездесті ондай жағдай. Мәселен, Жапонияға ресми сапарымызды сол елде өткелі жатқан Француз клубының басқосуына әдейі орайластырдық. Әлгі ұйымға ірі донор – мемлекеттер мүше. Инвестицияға өтініш беруін бергенмен, іш қыпылдап барады, себебі, «тәтті тоқаш» бәріне бірдей тие бермейді. Қазақстанға кезек келгенде, бірқатар сыртқы істер министрлері «Бұл ел біздің көме­гімізге зәру емес. Пайдалы қаз­балары, мұнайы, газы бар» деген сыңайдағы пікірлерге ере бастады. Бірақ оған да түсіністікпен қарауға болады, шетелдік әріптестерімнің Қазақстан туралы мағлұматы атүс­тілеу еді. Үзіліс кезіндегі бір оңа­ша­лықта Жапонияның Сыртқы істер министрі Ватенабэ «Делегат мүшелері Қазақстанның табиғи байлығының молдығы туралы жөн-жосықсыз айта бермесін, сіздер туралы теріс түсінік туып жатқаны содан» деп кеңес берді. Сөз кезегі маған келгенде, «Иә, рас, табиғи ресурстар жетерлік, бірақ олардың бәрі игерілмей жатыр. Ал, экономикамыз дағдарыста, инфляция деңгейі төрт мәнді көрсеткішке дейін құлдырап кетті. Егер сіздер бүгін бізді демеп жіберсеңіздер, салған қар­жыларыңызды бірнеше есе қылып қай­тара аласыздар» деп сенімдеріне кіре сөйледім. Нәтижесінде, Жапония бізге 550 миллион доллар бөлетін болды. Француз клубына мүше мемлекеттер миллиард екі жүз миллион доллар қаржы көзін қарастырды. Қуанышым кеудеме сыймай, сағаттар айырмашылығына қарамастан түн
жарымында елге қоңырау соғып, жақсы хабарды бөлістім.

Президент шетелдіктермен әр кездесудің алдында ылғи да инвес­тиция тарту міндетін алға қоятын. Мысалы, Теңіз кеніші бойынша америкалық «Шеврон» компаниясымен жасалған ірі келісімшарт көптеген компанияларға Қазақстанға инвестиция салуда із ашып, батыл кірісуге үндегенін айтпай кетуге болмас.

Қазір қоғамда сол кезде шетелдік инвесторларға бекерден-бекер есе жіберіп алдық деген пікірлер айтылып жүр. Оның үстіне кезінде салыстырмалы түрде сутегінге кеткен мұнай-газ кеніштеріндегі үлесімізді Сауат Мыңбаев бастаған жұмысшы топ ұзақ келіссөздер жүргізіп барып, анағұрлым қымбатқа қайтардық емес пе? Оған не дейсіз?

– Айтуға ғана оңай. Ешқандай преференцияң, жеңілдігің жоқ, оңай­лықпен инвестицияны кім беріпті? Олар үшін әлі ой-қырын біл­мейтін нарыққа келу қаншалықты тәуе­келшілдік екенін басы-қасында болғандар жақсы біледі. Мысалы, француздар мұнай компаниясы геологиялық барлауға бірінші болып кіріскендердің бірі еді. Төрт жыл  бұрғылады, нәтиже шықпады. Текке қып-қызыл шығынға батты. Дәл сол «Шеврон» компаниясы Сауд Арабиясында қырық жылдай мұнай өндірді. Қырық миллиард долларға жуық қаржы салып, мұнай өнеркәсібін дамытты, елдің де экономикасы көтерілді. Шыр біткен арабтар активтерін қайтадан сатып ала бастады да, «Шеврон» кетіп тынды. Яғни, тек біз емес, ол әлемде бар тәжірибе. Ол кезде технологиямыз  әлсіз болғанын және ескерейік. «Шеврон» тәжірибелі әрі бұл істің «пионері» еді, солардың арқасында басқа трансұлттық компаниялардың  назары бізге қарай ауа бастады. Әри­не, олар бастапқы кезде ешкімде жоқ шарттар қойды. Дегенмен, жыл өткен сайын бірте-бірте әлеуметтік жауапкершілікке көңіл бөлініп
жатыр. Қазір, Қазақстан шетелдік компаниялардан акцияларды қайта сатып алуға көшті. Акциялардың толық пакетіне иелік ету үшін әлі біршама уақыт қажет. Ал, егер сол кезде созбақтап, есепке салып жүріп алсақ, елдің дамуында сәл кешігушілік болар ма еді. Қазақстан  осынау жылдарда 150 миллиардтай инвестиция тартты.   Бұл аз көрсеткіш емес.

Мұндай жағдай Каспий мұнай құбырының құрылтайшыларын таңдағанда да орын алды. Әуелі КТК-ға 50% үлеспен Оман мұнай компаниясы кірмекші болды. Ресей мен Қазақстандікі – 25%-дан. Бірнеше мемлекетті басып өтетін құбыр құрылысына 50 миллион доллар салу керек. Оман жағы мұнай арқылы есептесуді ұсынды. Қолда тұрған ақша жоқ. Мен ол кезде Қазақ­станның АҚШ-тағы Төтенше және өкілетті елшілігіне ауысқам. «Шеврон» компаниясының басшылары келіп, «Мұнайды біз өндіріп, оның тасымалдануына бақылау жүргізуден шеттеп қалсақ, әділдік болмайды» деп өз көзқарастарын білдірді. Үлескерлердің қатарына кіру үшін қажетті жарнаны төлеуге дайын екендіктерін айтты. Дереу Президентпен кездесу ұйымдастырдым. Жеме-жемге келгенде о баста елуге қол созған Оманға үш пайыздай ғана акция үлесті, біз 25% үлесімізді 19%-ға кеміттік. Ресей де өзгеріс енгізді. Жобаға кейінірек басқа елдер қосылды. Сөйтіп, құбырмен мұнай тасымалдау бірден күш алып кетті.

– Ядролық қарудан бас тартуымыз халықаралық қауымдастық алдында бейбітқатар ел екенімізді танытумен қатар, қиынқыстау шақта экономикалық тынысымызды ашуға септігін тигізгені анық. Ондай көмек әуелі АҚШ тарапынан болғанын білеміз. «Семей-Невада» қозғалысы Лиссабон хаттамасына қол қойғанға дейін бірнеше жыл бұрын болды. Қазір осы тарихи саяси шешімді «қымбатқа өткізуге» егемендік алмай тұрып-ақ дайындық жүргізілді деп айта аламыз ба?

– Әрине, ондай қозғалыс өзінен-өзі туындай қалған жоқ. Жоғарыдан дем берілгені рас. Әуелі бұған халықтың өзі жаппай қарсы екенін  көрсету керек болды. Соның өзінде, оңайлықпен айырылғысы келмеген Мәскеудің, «Сіздер ядролық арсеналды сақтап қалыңдар. Есесіне, біздер Қазақстанға инвестиция құямыз» деп алдарқатқан араб елдерінің кеу-кеулеуіне көнбей,  Лиссабон хаттамасына қол қойған Президенттің тарихи шешімінің салмағын уақыт өткен сайын сезінеміз.

Жә, оның бәрі белгілі жайт. Мен Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың  2009 жылы БҰҰ-ның Бас Ассамблеясының 62-сессиясында қарудың өздігінен жойылуының бақылынбайтын жағдайларын және өнім технологиясын ескере отырып, Ядролық қаруды таратпау туралы келісімшартты қазіргі жағдайға бейімдеуге шақырғанын тағы бір мерейлі сәт дер едім. Өткен жылы Қазақстанға сапары барысында
БҰҰ бас хатшысы Пан Ги Мун көш­басшымыздың осы қайраткерлігін тағы да атап өтті.

Қазақстан Атом энергиясы жө­ніндегі халықаралық агенттіктің талаптарын бұлжытпай орындаумен қатар, осы төңіректегі түйткілдерді шешуге де зор еңбек сіңіріп келеді. Оның айғағы – Иранның ядролық бағдарламасы бойынша Алматыда өткен «E3/EU +3» форматындағы келіссөздер. Билік басына жаңа Президент Хасан Рухани келгелі Иранның сыртқы саясатынан жылдар бойы жібімеген тоң түсті. МАГАТЭ инспекторлары елдің ядролық  өндірістерін тексеруге бірте-бірте мүмкіндік ала бастады. Есесіне 20 миллиард долларға жуық активтері бұғаудан босатылды. Бұл – Иран үшін үлкен көмек. Бір кездері Тегерандағы совет елшілігінде қызмет еткен маман ретінде мен осы­ған Қазақстанның да септігі тиге­нін сеніммен айта аламын. Жалпы, Қазақстанның қауіпсіздік бағытында қалыптастырған саясатының ауқымы кең. Оны біз ЕҚЫҰ, БҰҰ-ның Қауіпсіздік кеңесі, ШЫҰ, АӨСШК, НАТО сияқты ұйымдармен сан-салалы ынтымақтастығынан тани аламыз.

– Халықаралық интеграция, әріптестік дегеннен шығады. Қалай ойлайсыз, Кедендік одақ­тың, одан туындайтын Бірыңғай эко­но­ми­калық кеңістіктің құрылуына «КСРО кезіндегі жоспарлы эко­номикаға қайта алып келеді, экономикалық тәуелсіздігімізден айырылып қаламыз» деген қауіп­пен қарау бекер ме? Кедендік Одаққа мүше болғалы үш жыл. Неден ұттық, неден есе жібердік?

– Алғашқы жылдардағы қиын­шы­лықтарға қарамастан, Кедендік одақ мемлекет­теріміздің дамуы үшін ең тиімді жол екеніне шүбә келтірмеймін. Өндірісті техно­логиялық тұрғыдан жаңғыртып, инвестициялардың жаңа көздерін табудың басқалай төте жолы жоқ. Ешқандай ұлттық, мемлекеттік мүддеге зарарлы үстемдікке жол берілмейтінін Елбасы о бастан кесіп айтты. Өйткені, біз үшін ең тәтті ұғым – тәуелсіздік. Біз оның дәмін сезініп қалдық. Бұрын Кеңес өкіметі кезінде қалай еді? Бар тапқан-таянғанымызды әуелі Орталықтың аузына тосып, сосын жалынып-жалпайып бір бөлігін зорға алатын едік. Ал, қазір еркінбіз, өз байлығымызға өзіміз иелік етіп, кәдеге жарата аламыз. Астананың салынуы, экономикалық қиыншылықтар кезінде Ұлттық қор есебінен тұрақтылықты  ұстап тұруымыз осы тәуелсіздігіміздің арқасы. Біз ештеңені тегін беріп жат­қан жоқпыз. «Сыртқы саясат – мүм­кіншіліктер майданы» деген ұғым бар. Сыртқы саясатта дос та, қас та болмайды, тек ұлттық, мемлекеттік мүдде алда тұрады. Әрине, абсолютті егемендік ешқашан болмайды. Қан­дай да бір меморандумға немесе резолюцияға қол қойдың ба, серік­тесіңмен егемендігіңнің кіш­кентай бір бөлігін бөлістің деген сөз. Жеңіске жету үшін сәл шегініс жасаудың пайдасы зор екенін ұлы тактиктерден қалған тағылым растайды. Мысалы, менің ойымша Ресей Украинаға газ бағасын қасарыспай түсіргенінде, Кедендік Одақтың ауқымы әлдеқайда кең болар ма еді. Ал, қазір, Украина Кедендік Одақтан теріс айналып, Еуроодақ, НАТО жаққа қарай мойын созады.

Рас, шекаралас облыстарда Ресей тауары басып кетіп жатыр. Бірақ, таразының екінші жағында біздің тасымыз басым. Ресейдің қатаң салықтық саясатынан қашқан кәсіпорындардың бізге қарай ойысу үдерісі байқалады. Өйткені, бізде инвестициялық ахуал оңды. Ресейде қосымша құн салығы  18%, әлеуметтік салық – 26%, кіріс салығы – 13 пайыз. Бизнес үшін болмашы жеңілдіктер үлкен рөл ойнайды.

Өткенде Елбасы «Болашақ» түлектерімен кездесу барысында: «Күні-түні ойлайтындарың қазақ елінің тәуелсіздігі болсын» деді.
Рухани  тәуелсіздік туралы айт­
қан­да, алдымен ойға оралатыны – әлі де кейінге ысырылып келе жатқан латын әліппесіне көшу мәселесі. Ол туралы нендей пікірдесіз?

– «Латын әліпбиіне көшуде асы­ғыстық танытудың қажеті жоқ» деп Елбасы айтты. Тіл реформасының ойыншық емес, ойланып барып кірісетін іс екенін ол кісі біліп отыр.

Кеше ғана Семейдегі педагогикалық колледжге барып, әкем, белгілі журналист-аудармашы Ысқақ Сүлейменов атындағы дәріс бөлмесінің ашылуына қатысып қайттым. Тарихы сонау 1903 жылдан басталатын мұғалімдер семинариясында Мұхтар Әуезов, Қаныш Сәтпаев, Әлкей Марғұлан, Жүсіпбек Аймауытов, Ізғұтты Айтықов, Қасым Аманжолов сынды қазақтың сорпа бетіне шығарлары сауат ашқан. Мұғалімдер Томскіден, ішкі Ресейден келіп сабақ берген. Бұдан шығатын қорытынды қандай? Біздің көзімізді орыс халқы ашты. Енді келіп, «ат құйрығын үзісейік» деп атойлау дұрыс емес. Орыс тілі – БҰҰ-да қолданылатын алты тілдің бірі. Орыс тілін білген артық етпейді. Керісінше, әлдеқандай тар заман туа қалса, Қытайдан қорқу керек деп есептеймін. Қазірдің өзінде Шыңжаң аймағындағы аз ұлттарды жұтып жатыр. Сондықтан біз секілді  жері жалпақ, өзі шағын халыққа ұлттық саясатты жүргізгенде, дымқыл жерді аңдап басу керек болады. Тілдік қолданысты кеңейтеміз деп, тізеге салып қыспақ жасай беру қауіпті. Керек кадрлардан айырыламыз, екін­шіден, экономикаға нұқсан келеді. Өйткені, неміс, поляк, ингуш, түрік сияқты шаруаға мәттақым ұлттар  ұстап тұрған өндіріс салалары бар. Кейбір мемлекеттер инвестицияны Қазақстанда тіршілік кешіп жатқан қандастарына қамқорсып салады. Мысалы, Корея, Польша, Германия… Сондықтан тәуелсіздіктің қадірі ел, жер біздікі деп астамшыламай, ауызбіршілікте өмір сүруде жатыр.

 

Сұхбаттасқан
Әділбек ЖАПАҚ

 

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button