Басты ақпаратҚала тіршілігі

ТОЛҒАҚТЫ МӘСЕЛЕЛЕР ТОҒЫСЫ

Өткен сенбіде Конгресс-Холлда әлеуметтік сала мәселелері бойынша Ішкі саясат, Білім, Мәдениет, Туризм, дене шынықтыру және спорт, Денсаулық сақтау басқармаларының жауапты қызметкерлері бірлесіп ашық есік күнін өткізді. Халық пен мемлекеттік қызметкерлердің бейресми кездесуінде қалалықтар көкейінде жүрген көптеген сұрақтарына жауап алды.

– Жалпымемлекеттік қызмет көрсетуде әлеуметтік саланың маңызы өте зор. Қалың бұқараға тікелей қатысты денсаулық, білім беру, мәдениет, спорт секторларының қамту аумағы өте ауқымды. Жыл сайын жаңа заңдық негіздемелер пайда болып, халықтың әл-ауқатын арттыруға арналған бағдарламалар жүзеге асырылу­да. Олардың мән-маңызын айтып, тұрғындарды ақпараттандыру қажет екені түсінікті. Жалпы халық белсенділігінің бір көрінісін қала әкімі сайтына келіп түскен хаттардан да білуге болады. Ондағы өтініш- тілектердің басым бөлігі әлеуметтік мәселелер болып келеді. Бүгінгі халықтың тілек-назын тыңдауға арналған Ашық есік күні халыққа құқықтық ақпарат берумен маңызы ерекше болмақ. Бұл шара дәстүрлі түрде жалғасын табады, – деді Ішкі саясат басқармасының бастығы Болат Тілепов.

Халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған қандай бағдарламалар бар, тұрғындардың тұрмыс- тіршілігін жеңілдетіп, талапқа сай өмір сүру салтын қалыптастыратын нендей шаралар қарастырылған, жеке тұлғаның әлеуметтік құқықтары қалай сақталады? Еңбек қатынастары қалай түзілуде? Бұл көпшіліктің Астана қаласының Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бастығы Алма Алтыбаеваға қойған сұрақтарының ширегі ғана. Басқарма бастығы жұмыспен қамту, аз қамтылған азаматтарға мемлекеттік жәрдем беру тәртібі жөнінде түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Алма Қуандыққызының қолы қалт еткенде осы жөнінде тілдескен едік.

– Біздің басқарманың жұмысы бір ізге салынып, қызмет сапасын біршама арттырдық деуге болады. Азаматтарды жұмыспен қамтуда қолдан келген көмегімізді жасап жа­тырмыз. Бұған қатысты ақпараттар қолжетімді, халықтың қаперінде жүр десе болғандай. Бізге келген азаматтардың тілегі мен мүмкіндігіне қарай түрлі жұмыс орнын ұсынып қана қоймай, қалаға қат кәсіпті меңгеріп кетуіне де бар жағдай жа­саймыз, – деді.

Тағы айтарымыз, мүмкіндігі шектеулі азаматтар мен аз қамтылған отбасыларға мемлекет та­рапынан көрсетілетін көмектер туралы білгісі келген қалалықтар көп болды. Олар өздеріне қажетті ақпаратты әкімдіктің барлық жауап­ты қызметкерлерімен тікелей тілдесу арқылы білу мүмкіндігіне ие болды.

Әдеттегідей дәрігер кабинетінде емес, игілікті шара аясында халықпен кездескен Денсаулық сақтау басқармасының қызметкерлері де жұртшылықпен тілдесудің өзгеше түрін тапты. Ол туралы Денсаулық сақтау басқармасы бастығының орынбасары Гүлнар Төлегенова әңгімелеп берді: «Бүгінгі мақсатымыз алдымызға келген адамның ауруын анықтау емес, ауырмаудың жолын іздеу шараларын жеткізуде болып отыр. Мәліметтер бойынша астаналықтар ас қорыту, жүрек-қан тамырлары және жүйке ауруларына жиі шалдығады екен. Оның басты себебі азаматтардың өз денсаулығына немқұрайлы қарауында жатыр. Дұрыс тамақтанбаудың, көп қозғалмаудың салдары осындай нәтиже береді. Аурудың алдын алған жақсы. Денсаулық сақтау басқармасының ұйымдастыру жұмыстарына қатысты шағымдарын тыңдап қоймай, денсаулық сақтаудың жол­дарын да халыққа жеткізуді жөн санап отырмыз».

Әрине, қалалықтардың, әсіресе ба­лалар мен жасөспірімдердің спорт­пен шынығып өсуіне бар жағдай жасалған. Осы бағытта көптеген спорт мекемелері жұмыс істейді. Ту­ризм, дене шынықтыру және спорт басқармасы ұйымдастырған іс- шаралардың нәтижесін көпшілігіміз көріп-біліп те жүрміз. Айтулы шараға №6 Балалар мен жасөспірімдердің арнайы олимпиадалық резерв спорт мектебі мен «Алау» мұзайдыны са­райы қызметкерлері келіпті. Мекеме басшылары спорт секцияларына қатысуға тілек білдірушілерді тіркеп, қажетті ақпараттармен таныстырды.

Халықты рухани байытуға ат- салысып жүрген кітапханаларға, белгілі өнер ұжымдарына, олардың концерттік бағдарламаларына қатысты сұрақтарға Мәдениет басқармасының қызметкерлері жауап берді.

Жаңа оқу жылы басталған шақта ата-аналардың Білім басқармасына өтініш-тілектері көп болатыны анық. Сәбилерді балабақшаға ор­наластыру бойынша мәселелер де жеткілікті. Халықпен кездесуде басқарма басшылығы балаларды мектепке дейінгі мекемелерге ке­зекке тіркеуден бастап, алты жасқа толған балаларды мектепке дай­ындау, балабақшада тәрбиеленіп жатқан балалар үшін төлемақының мөлшері, тағы басқа сұрақтарға егжей-тегжейлі жауап берді.

Қашанда мемлекеттік қызметкерлерге әлеуметтің сауалы көп болады. Тұрмыс барысындағы түйткілді мәселелердің оңтайлы шешімі осын­дай Ашық есік күні сияқты бейресми кездесуде шешіліп отырса, ешкімнің ұтылмайтыны хақ.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button