Толғауы тоқсан Тарази

Осы қыркүйек айында көрнекті жазушы, драматург, киносценарист, Қазақстанның Еңбек Ері, Мемлекеттік сыйлық пен Франц Кафка атындағы халықаралық әдеби сыйлықтың лауреаты, профессор Әкім Тарази 90 жастың төріне шықты. Қаламгер мерейтойы Мәдениет және ақпарат министрлігі, Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен бас қалада кеңінен аталып өтіп, мерейтой шаралары бірнеше күнге жалғасты. Қазақ ұлттық өнер университеті Ұлттық академиялық кітапханада «Әкім Тарази әлемі: әдебиет, театр, кино және педагогика» тақырыбында халықаралық ғылыми-практикалық конференция өткізді. Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық-драма театрында «Толғауы тоқсан Тарази» атты шығармашылық кеш өтті. Ал «Жастар» театрында Әкім Таразидің қаламынан туған «Жолы болғыш жігіт» драмасының премьерасы ұсынылды.
Түркия да мойындады
Қазақ ұлттық өнер университеті конференциядан бұрын Әкім Таразидің сценарийлері бойынша түсірілген «Арман – атаман», «Қараш-Қараш оқиғасы», «Қызжылаған», «Мұстафа Шоқай» көркем фильмдерінің көрсетілімі мен талқылауын өткізді. Ал халықаралық ғылыми-практикалық конференция тізгінін академик Дихан Қамзабекұлы ұстады. Жиында жазушының әдебиетке, театр мен киноға, педагогикаға қосқан үлкен үлесі туралы, адами болмысы, қайраткерлік келбеті жайында жан-жақты айтылды.
Атақты актер, театр режиссері, өнертану кандидаты, профессор, Театр қайраткерлері одағының төрағасы, Қазақстанның Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Тұңғышбай Жаманқұлов тебірене сөйлеп, Әкім Таразидің шығармаларымен мектеп жасында танысқанын айтып, қаламгердің кезінде қара шаңырақ – Мұхтар Әуезов театрында қойылған «Жолы болғыш жігіт» пьесасы қоғамның бар дертін алғаш рет батылдықпен айтқан, қанталап тұрған шығарма болғанын атап өтті.
Қазақ ұлттық өнер университетінің тәрбие жөніндегі проректоры Марат Нүкенов Мәдениет және ақпарат министрлігіне ризашылығын жеткізе отырып, осы оқу орнының ректоры Айман Мұсақожаеваның алғыс хатын тапсырды. Жазушы, драматург, публицист, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Елен Әлімжан Әкім Таразидің кейіпкерлеріне, қаламгер шығармаларының ерекшелігіне тоқталды. Жазушы, публицист, аудармашы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Любовь Шашкова, академик Шерубай Құрманбайұлы, жазушы, драматург, Өзбекстан Жазушылар одағының мүшесі Жавлон Жовлиев, жазушы-ғалым, PhD докторы, аудармашы, Қазақстан «Достық» орденінің иегері Ашур Өздемир, аудармашы, Мысырдағы Асуан университетінің профессоры Мұхаммед Рияд қатысып, баяндама жасады.
Конференцияға онлайн форматта да қонақтар қатысты. Жиын интернет арқылы еліміздің барлық кітапханалары мен шетелдерге таралды. Соның ішінде бауырлас Түркия елінде Әкім Таразидің шығармашылығын зерттеген ғалымдар бар екеніне көз жеткіздік. Атап айтқанда, филология ғылымдарының докторы (PhD), Гази университетінің профессоры Жемиле Қынажы, Хажы Байрам Вели университетінің оқытушысы Ибрахим Атабей мен Анкара Хажы Байрам Вели университетінің магистранты Мелике Йыландил жылы лебізін жеткізді.
Конференция аясында шеберлік дәрістері, Қазақ ұлттық өнер университеті театр өнері және өнертану факультеті студенттері арасында «Тарази оқулары», «Әкім Таразидің драматургиядағы белестері» кітабының тұсаукесері, «Әкім Тарази әлемі» фотокөрмесі, «Тұлпардың ізі» фильмінің көрсетілімі ұйымдастырылды. Ал Ә.Мәмбетов атындағы Мемлекеттік драма және комедия театрында Алматыдан арнайы келген М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театры мерейтой иесінің қаламынан туған «Ақын, періште, махаббат» спектаклін (қоюшы режиссері – Әубәкір Рахимов) ұсынды.
Жаңаша өткен кеш
Дәл осылай аталған шығармашылық кешті Астана қаласы Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы ұйымдастырды. Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев, Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек, Парламент депутаттары, мемлекет және қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері, көрнекті қаламгердің шәкірттері мен оқырмандары қатысқан кеш жазушының жан дүниесін тануға, шығармашылығына үңілуге негізделді.
Кеш шымылдығын ашып берген Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев қаламгердің тойы қазақ әдебиеті мен мәдениетінің тойы екенін атап өтіп, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтауын оқып берді.
«Халқымыз өзіңізді кемел ойлы, аса көрнекті қаламгер, дарынды драматург, ғажайып еңбегімен, асыл қасиетімен абыройға бөленген қоғам қайраткері ретінде жақсы біледі және құрметтейді. Еңбек жолыңызда отандық әдебиеттің алтын қорына қомақты олжа салып, ұлттық мәдениет пен кино өнерінің кең қанат жаюына сүбелі үлес қостыңыз. Көрікті ойдан нәр алып, кестелі сөзбен өрілген классикалық үлгідегі тартымды туындыларыңызда уақыт өлшемімен шексіз кеңістікке жаңа тұрғыда зер салатын философиялық ой-толғамыңыз өте көп. Қоғамға сыни көзқараспен қарап, замандастарыңыздың кескін-келбетін шынайы суреттеп, барша адамзатты толғандырған мәселелерге жұрт назарын аудара білдіңіз. Алдағы уақытта да халқыңыздың құрметі мен ыстық ықыласына бөленіп, ғибратты ғұмыр кеше беруіңізге тілектестігімді білдіремін. Сізге зор денсаулық, отбасыңызға амандық пен бақ-береке тілеймін!» делінген Президент құттықтауында.
Мәулен Әшімбаев өз тарапынан Әкім Таразидің қазақ әдебиетіндегі орны ерекше екенін айта келе, оның «Жаза», «Қиянат», «Шер», «Тасжарған» романдары ұлттық әдебиеттің алтын қорына қосылған құнды қазына екенін айтты. Қаламгер шығармаларының өміршеңдігіне тоқталып, келесі ұрпақтың, келесі буын оқырмандарының көңілінен шығып, қазақ халқына қызмет ете беретініне сенім білдірді. Тарази пьесалары қазақ өнері мен қазақ театрын жаңа белеске алып шыққанын атап өтті. Қаламгердің ұлтжанды азамат, ұлт жанашыры ретінде тәуелсіздігіміздің рухани негізін қалыптастыруға қосқан үлесін айрықша айтты. Сенат төрағасы сөзінің соңында Әкім Таразидің адами қарапайым қасиетіне тоқталып, әдебиет алыбының иығына қазақы дәстүрмен шапан жауып, сый-құрмет көрсетті.
Әкім Тарази мен Роза Мұқанова… Бір шаңырақ астында қос қаламгердің басы қосылғаны белгілі. Кеш арқауы да әдебиет абызының шығармашылық лабораториясын ашуға, қаламгер қасиетін тануға жетелейтін екеуара диалогқа негізделді. Ерлі-зайыптылар бейнесін белгілі театр және кино актері Еркебұлан Дайыров пен Қаллеки театрының актрисасы Сая Тоқманғалиева сомдады. Осы театрдың Жанат Чайкина, Қуандық Қыстықбаев, Нұркен Өтеуілов, Жанқалдыбек Төленбаев сынды танымал әртістері қаламгер кейіпкерлерінің кейпіне енді. Кеш барысында «Махамбет», «Андрей», «Жолы болғыш жігіт» секілді шығармаларынан үзінділер көрсетілді. Клара Төленбаева, Өзгеріс Шерікбай, Жақсыкелді Маясаров, Ардақ Балажанова сынды әншілер мен күйші Нұркен Әшіров кешті ән-күймен көркемдеді. Қаллеки театрының фойесінде фото және қаламгердің қолжазбалары көрмесі ұйымдастырылды.
Жарты ғасырдан кейін жаңғырды
«Жолы болғыш жігіт» – Әкім Таразидің осыдан жарты ғасыр бұрын жазылған пьесасы. Содан бері бірнеше театрда сахналанды. Мұхтар Әуезов театрында шығарманың бас кейіпкері Асау Бөкенді талантты актер Әнуар Молдабеков сомдаған екен. Мұны конференцияда Тұңғышбай Жаманқұловтың аузынан естіген едік.
«Актердің шеберлігі де шығарманың салмағына сай келген еді. Спектакльдің соңына қарай кейіпкер әбден қыспаққа тірелген кезде, Әнуар Молдабековтің бадана көзінен жас шығып, образды шынайы алып шықты. Дәл бір автордың жан азабын терең түсініп, жазған адамдай қиналғаны бар» деген еді сонда танымал әртіс.
Ал осы шығарманың премьерасын ұсынған Астана қаласы әкімдігінің «Жастар» театры пьесаға қазіргі заманға сай өзгерістерді енгізіп, жаңаша сипатта жаңғыртты. Атап айтқанда, жаңашыл азамат Асау Бөкеннің тұтқындалатын жерін алып тастап, таланттардың, өз елінде теперіш көрген азаматтардың шетел асу мәселесін қозғады. Ал түпнұсқадағы бюрократия, басшылардың «өзім білемдікке» салынып, белден басуы қазіргі заманда да бар. Спектакльдің қоюшы режиссер Нұрфат Вахитовтың қолтаңбасында қалай шыққанын көрермен 29-30 қыркүйек күндері де көре алады. Алдағы демалыс күндері қойылым жұрт назарына тағы ұсынылады.