Ресми бет

Толқындар да сені енді сағынады…

Менің баяғыда алыс ауылдан арман қуып Алматыға аттанғанда, қара нанды қақ бөліп жеген курстас әрі группалас қарадомалақтардың бірі, соңғы кездері қазақ қоғамында дүркіреп аты шыға бастаған бизнесмен-баспагер Қонысбек Ботбай бауырыммен жақын араласуым оның Маңғыстауда бір жобаны қолға алуымен тұспа-тұс келді

Университет қабырғасында жүрген кезінде де әсте қатарынан кем соқпаған, ылғи да білім мен ізденіске бой ұрған, жігерлі де табанды жас жігіттің келешекте өмір-өзен, дүниенің керуен-көшінде жолсоқты болмайтыны сол кезде-ақ  аңғарылған-ды. Жоғары білім алғаннан кейін сол кездегі ең танымал атышулы басылым «Лениншіл жаста» еңбек  жолын бастап, өзінің бұл кәсіпті бекер таңдамаған алымды да шалымды жүйрік екенін танытты. Алматыдай дулы да шулы қаланың ауасымен де, аурасымен де терең тыныстап, қоғам мен ел өміріне етене араласатын журналистің тірлігіне әбден бой үйретіп, кәсіби шеберлігін әбден шыңдады. Мектеп қабырғасынан-ақ  қара сөзге үйір болған жас өреннің  қабілет-қарымы жасындай жарқылдаған «Лениншіл жаста», ұстазы Жарылқап Бейсенбайұлы тізгінін ұстаған «Ана тілі» ұлт басылымында шыңдала, ширай түсті. «Ана тілі» аз ғана уақыт ішінде халық сүйіспеншілігіне бөленіп, таралымы 111 мыңға жетсе, қарымды қаламгер ­Қонысбек Қожамжарұлының қосқан үлесі де қомақты. Сан алуан тақырыптағы мақалалар мен репортаждар, очерк­тер мен эсселер біртіндеп көркем прозаның көлемді жанрларына қарай ойысты. Қаламгер тілінің айшығы, жеңіл юморы әңгімелер кейіпкерлерінің сөз ауанынан айқын көрініс тапты. Фельетондарында ақиқатты айнытпай айтып, сын садағымен кемшін тұстарды батыл түйреді.

Еліміз тәуелсіздік алған алғашқы кезеңдерде, бұл азамат тәуекелдің жел қайығымен баспа ісіне құлаш ұрды. Алдына айқын мақсат қойған, тура жолдан таймайтын адам түбі бір нәтижеге жетері хақ. Әлі ел есін жия қоймаған өтпелі сәттерде бағдарын айқындап алған іскер жігіт көп ұзамай «ҚазАқпарат» баспа-корпорациясының басшысы дәрежесінде, нешебір том-том кітаптарды  елдің игілігіне айналдырды. Талай талай сериялы кітаптар шығып жатты. Мәселен, бір ғана «Ұлы даланың тұлғалары» сериясымен шыққан «Қазақ би-шешендері», «Қазақ тарихындағы әйелдер», «Қазақ батырлары», «Қазақ хандары» кітаптары қаншама айшықты мазмұнға толы.

Мен Алматыдан елге кетсем де, қаламгер қауымнан да, курстастардан да қара үзбеген едім. Қонысекеңмен де әредік-әредік әр жерде ұшырасып, шүйіркелесіп қалып жүрдік. Әйткенмен…

Жақын шүйіркелесу Қонысбектің Маңғыстау қаламгерлерінің 50 томдығын шығаруға бел шешіп кірісуіне байланысты еді. Осынау іргелі істі оңынан оралту үшін ол біздің жаққа жиі-жиі атының басын бұрып тұрды. Әңгімеміздің жарасқаны соншалық, бір-бірімізге бұрынғыдан да жақын болып, едәуір бауыр бастық.

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері, Бәйдібек ауданының құрметті азаматы Қонысбек досымыз істің ұтырын таба білетін білікті маман еді. 50 томдықты шығаруға ұсынылған қаражат жетпестігінен көп баспалар бас тартса да, Қонысбек ұсынылған әр кітаптың баспа табағын бір мөлшерге келтіру арқылы шаруаны сәтті бітірді. «Маңғыстау облысы ақын-жазушыларының кітапханасы» айдарымен шыққан көрнекті 50 томдықтың Ақтау және Астана қалаларында өткен тұсаукесерлеріне қатысып, сөз сөйледі, зор абырой иеленді.

Қашан көрсем де ат үстінде жүретін, қайсыбір шаруа­ны да ойдағыдай бітіретін жанкешті Қонысекең әрі қонақжай жан еді. Менің жолым түсе қалғанда Алатаудың баурайындағы жайлы дәмханалардың бірінде отырып шәй ішіп, түрлі тақырыптарда әңгіме қозғайтынбыз. Әркез әңгімені әзілге сайғарып, мен сияқты көп күле бермейтін адамды да күлдірмей қоймайтын. Сәл нәрседен езуіңе күлкі үйіртеді. Бір жолы Астананың әуежайында кездесіп қалып, шұрқыраса көрістік. «Қайдан жүрсің батыреке?» деймін ғой. «Екі күннің бірінде келем, кейде бір күнде екі рет, тіпті үш рет те келем» деп барып, «әбден жұмысбасты болғаным соншалық, соңғы кезде анда-мында көп жүріп, бір күні үйге келдім де, қайта ұшуға дайындалып жатсам, жарым Жамал: «Қонысбек, көрінбейсің ғой» деп айтты деп күлдіргенде ішегім түйілген…

Ақтауға келген қонақтарды теңіз жағасына алып барып қыдыртатын әдетіміз бар. Шаруа біткенде Қонысбектің де көңілі бірленді. Ол жағажайда отырған бізді тастап теңізге барды да, қойып кетті…

Қонысбек Ботбайдың біреу біліп, біреу білмейтін әдемі әңгімелері бар. Оңтүстіктің шырайы мен тілінің шұрайы шығармаларына өзгеше рең дарытқан. Бірде Қарауылбек Қазиев­ке, енді бірде ­Мархаббат Байғұтқа да ұқсап кетіп жатады. Бірақ қай шығармасын алсаңыз да, тәтті бір мұңның жылы лебі еседі. Кітаптарына «Суық күз», «Егіз қауашақ» деген аттарды да екінің бірі қоя бермесе керек. Бірақ ол кейін кәсіпкерлікпен, баспагерлікпен айналысып, көп жазбай кетті. Талантты адамға сол ғана өкініш.

«Суық күздің» авторы суық күзде дүниеден озды, ағайын! Асыл азаматтың жатқан жері жайлы, топырағы торқа, рухы сәулелі болсын дейміз.

Өткен күннің өшпейді

 сағымы әлі,

Тағдырға адам,

амал не, бағынады…

Көк теңізге әуес ең

 Қонысбегім,

Толқындар да сені енді

 сағынады!..

Ғалым ӘРІП, Курстасы

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button