Ресми бет

Тонгадағы жарылыс әлемдік климатқа әсер ете ме?

15 қаңтар күні Тынық мұхиттың оңтүстік бөлігіне орналасқан Тонга Корольдігіне тәуелді Хунга-Тонга-Хунга-Хаапай аралының маңында қуаты жойқын плиниандық жанартау атқылауы орын алғанын әлемдік БАҚ жарыса жазды. Жерсеріктік бақылау нәтижесі көрсеткендей, атқылаудан пайда болған «саңырауқұлақ бұлты» әп-сәтте тропосфераға «лап қойып», қазіргі күнде мұхиттың осы бөлігіне әмірі жүріп тұрған тропикалық Cody циклонының мысын басып үлгерген.

[smartslider3 slider=1831]

Атқылаудан кейінгі соққы толқыны Жер атмосферасын жарып өтіп, дыбыстық жылдамдықпен бүкіл Тынық мұхит аумағын шарлап кеткен, тіпті, атқылау нүктесінен әлдеқайда шалғайда жатқан Қытайдың метеостансаларының да кешке қарай атмосфералық қысымның 1-2 гектопаскаль шегіндегі өзгерісін көрсеткені белгілі болды. Жанартаудың «солығы басылмай» жатып, Тынық мұхит жағалауындағы елдердің түгелге жуық цунами туралы дабылды ескерту жариялауының өзі-ақ жағдайдың күрделілігіне көз жеткізгендей еді. Ғалымдардың есебінше, осы жолғы атқылаудың қарқындылығы VEI5 деңгейінің жоғарғы, тіпті VEI6 деңгейіне жетуі мүмкін, қазірдің өзінде 1991 жылғы Филиппиндегі Пинатубо апатынан кейінгі ең күшті жанартау атқылауы ретінде қарастырылып отыр.

Сұрапыл атқылау әлемдік климатқа әсер етуі мүмкін бе деген сұраудың бірден суырылып алға шығуы тегін емес, себебі әлемдік тарихта жанартау атқылауының салдарынан Жер климатының қысқа уақыт шегінде күрт құбылып, соңы тіпті ғаламдық суынуға дейін жалғасқанына ондаған, жүздеген мысал келтіруге болады. Сондай сұмдық жарылыстардың бірі 1815 жылғы Индонезиядағы Тамбора атқылауы еді. Соңғы он мыңжылдықтағы ең күшті атқылау есебінде тіркелген бұл жойқын жарылыс 100000-нан астам адамның өмірін қиюмен бірге, ауыр климаттық апатқа түрткі болады. 1816 жылы солтүстік жарты шардың бірталай аймағында жаз болмайды, Азияның, Еуропаның, Американың көптеген өлкелерінде маусым мен тамыз айлары аралығында қар жауып, үсік жүрді, «ойылған жұттың» салдарынан астық түсімі күрт төмендеп, аяғы XIX ғасырдағы ең ауыр ашаршылыққа ұласады. Сол жылдардағы бақылау деректеріне мұқият талдау жасаған ғалымдар 1816 жылы жаһандық климаттың шамамен 0.4-0.7С төмендегенін айтады. 1991 жылғы Пинатубо атқылауынан кейін де әлемдік климаттың қалыпты мәннен 0.3-0.5С төмен болғаны тіркелген еді.

Жанартау атқылауы әлемдік климатқа қалай әсер етеді? Бастысы, атқылаудан кейін түзілген жанартау күлінің тропосфера мен стратосфераға жеткен бөлігінің қалыңдығы кейде мыңдаған метрді құрап, күннің көзін көлегейлеуі мүмкін. Сондай-ақ атқылау кезінде бөлінген газдың құрамындағы күкірт диоксиді атмосферадағы бумен химиялық реакцияға түсіп, күкірт қышқылының аэрозольдерін түзеді. Соның салдарынан күн радиациясы кері шағылысып, күннен бөлінген жылудың жер бетіне жетуі қиындайды екен.

Дегенмен осы жолғы жарылыстың қуаты айтарлықтай күші болғанмен, ғалымдардың есебінше, стратосфераға жиналған жанартау күлінің әлемдік климатқа әсер ететіндей шекке жетуі екіталай, оның үстіне атқылау нүктесі оңтүстік жарты шарға орналасқандықтан, кемінде солтүстік жарты шардың климатына пәлендей әсер ете қоюы неғайбыл. Сондықтан ғалымдардың алғашқы болжамы Тонгадағы жарылыстың жаһандық климатқа әсері Пинатубо атқылауына жетпейді деген пікірге мойын бұрғызып отыр.

Ерлан МАЗАН

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button