Топ басында – «Тобыл»
Футболдан Қазақстанда жаңа маусым басталды. Алғашқы турда ел чемпионы «Шахтер» сырт алаңда «Ақжайықтан» ұтылса, Мирослав Беранек жаттықтыратын «Астана» «Тобылға» қонаққа барып, күл-талқан есеппен ұтылды.
Ойынның оныншы минутында Эфиопия құрамасының ойыншысы Юсуф Салихтан пас алған Огнен Красич алаң иелерін алға шығарған. Он минут өтпей жатып, Ненад Шливич есепті еселеді. Екі голдан кейін ес жия алмай қалған қонақтар бір минут өтпей жатып, өз қақпаларына кезекті голды соқты. Автоголдың авторы – Виктор Дмитриенко. Осыдан кейін ызаға булыққан Беранек бірінші тайм аяқталмай жатып, айыпты ойыншыны черногориялық жартылай қорғаушы Дамир Кояшевичке алмастырды. Қорғаушы Дмитриенконы алып, оның орнына Кояшевичті шығару арқылы шабуыл шебін күшейтпек болған да болар Беранек. 58 минутта «Астананың» жаңа ойыншысы Зелао есепті қысқартып еді, «Тобыл» сапынан Бауыржан Жолшиев есепті 4:1-ге жеткізді. Бес минут өтпей жатып, Юсуф Салех «Тобыл» жанкүйерлерінен бесінші голмен сүйсіндірді.
Ербол ЖАНАТ