Топтан асқан тұлға тасада қала бере ме?

Өз заманында ноқтаға басы сыймай өткен күрескер ақын, әнші, халық композиторы Иманжүсіп Құтпанұлының туғанына биыл 160 жыл толды. Өр рухты тұлға ХХ ғасырдың алғашқы ширегінде бірталай қуғын көріп, «халық жауы» атанды. 70-ке таянған жасында Әулие ата жерінде атылды. Арада 60 жыл өткенде ғана ақталды. Бірақ әлі күнге дейін ән мұрасы халыққа толығымен жетпеді. Талайдың есесін қайтарып, елге пана болған тұлғаны ұлықтау да тиісті дәрежеде емес. Бұл тарапта алда атқарылуы тиіс шаруалар баршылық. Ақынның немересі, атасының мұрасы мен тұлғасын 30 жыл бойы зерттеп, жарыққа шығарған философия ғылымдарының докторы, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры Раушан Иманжүсіппен әңгімелескенімізде соны түсіндік.
МЕКТЕПТЕГІ МУЗЕЙДІ МУЗЕЙ ДЕУГЕ КЕЛМЕЙДІ
Иманжүсіп Құтпанұлы Кереку өңірінде дүниеге келіп, 2 жасынан бастап ежелгі Қараөткел, Ақмола топырағында өсті. Оған себеп, 1865 жылы Ақмола уезінің болысы Ыбырай Жайықбаевқа Павлодар уезі, Песчаной станциясында тұратын Құтпан Дайрабаев хат жолдайды. Онда Ақмоланың тумасы екенін, өзінің отбасын (жұбайы Үміт, төрт баласы Ақшабай, Шонай, Иманжүсіп және қызы Бәтіш) көшіру мақсатында жер бөлуді сұрайды. Көп кешікпей Күйгенжардағы берілген жерге қоныстанады. Иманжүсіп осы жерде өсіп, азамат болып қалыптасты. Қазір Астананың іргесіндегі Жібек жолы ауылындағы орта мектеп Иманжүсіп Құтпанұлының атында. Білім беру ошағында тарихи тұлғаның музейі де бар. Бірақ мұражайды мектеп ішінде қалдырмай, жеке ғимаратта ашу керек.
«Иманжүсіпке қатысты қаншама дерек, қаншама жәдігер жинақталды. Оның бәріне бөлек музей керек. Мұражай міндетті түрде Астанада болсын деп айтып отырған жоқпын. Ал шынтуайтына келгенде, Иманжүсіп – Астананың, Ақмоланың сал-серісі. Мектептегі музейді музей деуге де келмейді. Бұл мектеп кезінде қос қабатты балабақшаның бұрынғы ғимаратында ашылды. Кейін мектеп басқа ғимаратқа көшіп, бұрынғы ғимарат бос қалды. Ол ауыл әкімдігінің балансында. Мен осы ғимаратты басы бүтін музейге сұрап отырмын» дейді Раушан Нұрханқызы.
Күрескер ақынның 150 жылдығы тұсында Павлодар облысының Ақсу қаласында, Иманжүсіптің туған жерінде мүсіні қойылып, сол қаладағы спорт сарайына оның аты берілді. Сондай-ақ бірнеше жыл тұрған Қызылорда облысы Шиелі ауданында ескерткіші ашылып, стадион мен көше атын иеленді. Шымкенттің Шілік деген жерінде Иманжүсіптің атасы, әкесі, халық композиторының өзіне ескерткіш бой көтерді. Бұл бір ансамбльді құрайды
Оның айтуынша, Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжановпен бір кездескенінде өңір басшысы Иманжүсіп тұлғасы мен мұрасына қызығушылық танытқан. Алда тағы кездесуге уәделесіп, сол кезде тиісті мәселелер бойынша екеуара ақылдасуға келіскен. Биылғы қыркүйек айында Көкшетау қаласында Ақан серінің 180 жылдығы мен Иманжүсіптің 160 жылдығына арналған «Арқаның ән дәриясы» атты республикалық дәстүрлі әншілер байқауы өтті. Ақмола облысының Мәдениет басқармасы қос халық композиторының мерейтойын осылай қосақтап өткізген. Біздіңше, бөлек-бөлек өткізуге болар еді.
ЗИРАТЫ ҚАРАУСЫЗ ҚАЛДЫ
Иманжүсіп Құтпанұлы 1931 жылы 2 наурызда Мойынқұм көтерілісінің басшысы болып танылып, «халық жауы» ретінде атылған. Сүйегі Тараз қаласында христиан зиратында жатыр. Қазір мүлде қараусыз қалды. «Қаһармандар» республикалық қоғамдық қорының басшысы, саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның мүшесі, осы мемлекеттік комиссия жобалық кеңсесінің жетекшісі Сабыр Қасымов өткен жазда Жамбыл облысының сол кездегі әкімі Нұрлан Нұржігітовтің атына хат жолдаған. Онда Иманжүсіп Құтпанұлының туғанына биыл 160 жыл толғанын, зиратын қоршау, белгі тасын орнату, Жамбыл облысының киелі нысандары тізіміне енгізу мүмкіндігін қарастыруды сұраған. Бірақ одан нәтиже болмады.
КӨШЕСІ КӨШІРІЛІП, ҚОРЫМ ҚОРШАЛА МА?
Елорданың Сарыарқа ауданына қарайтын ескі теміржол вокзалы аумағында Иманжүсіп Құтпанұлы атында көше бар. Ақмола Астана атанған алғашқы жылдары қаладағы Литейная көшесі Иманжүсіп атына өзгерді. Өткен жылы Мұхамеджан Тынышбаев көшесі Алматы ауданына көшірілді. Ал Сарыарқа ауданындағы қазақтан шыққан тұңғыш теміржолшы атындағы көше Иманжүсіп Құтпанұлы көшесімен біріктірілді. Осылайша Иманжүсіп көшесі ұзарды. Алайда Раушан Иманжүсіптің пікірінше, атасының атындағы көшені қаланың шетінде қалдырмай, шаһардың көрнекі аумағына көшіру керек.
Раушан Нұрханқызымен әңгімемізде ол Иманжүсіп тұлғасына, әндеріне құр тамсану ғана барын, ұлықтауға келгенде нақты істер жоқтың қасы екенін айтты. Немересі бәрінен бұрын үлкен музейдің ашылуын тілейді. Әрине, атасының Тараздағы зираты мен Астана маңындағы ата-балалар қорымын қоршау, Астанадағы көшесін көрнекті жерге көшіру, елордада ескерткішін орнату да маңызды. Иманжүсіптің келесі мерейтойын күтпей, бұл істерді атқару керек деп есептейміз
«Жібек жолы ауылынан бес шақырым жердегі қорымда Иманжүсіптің әкесі мен шешесі, бауырлары жатыр. Кезінде ағайындар жиналып, бұл қорымды қоршаған еді. Кейін осы жер бір орысқа сатылғанын естідік. Онымен барып сөйлескенімізде, «қорымға тиіспеймін» деген уәдесін алдық. Бірақ сол жерде жылқы көп жайылады. Аяқты мал ғой, қоршауға келіп сүйкене-сүйкене бұзып тастады. Қазір тағы қоршау керек болып тұр» дейді Раушан Иманжүсіп.
ЕЛОРДАҒА ЕСКЕРТКІШІ КЕРЕК
Күрескер ақынның 150 жылдығы тұсында Павлодар облысының Ақсу қаласында, Иманжүсіптің туған жерінде мүсіні қойылып, сол қаладағы спорт сарайына оның аты берілді. Сондай-ақ бірнеше жыл тұрған Қызылорда облысы Шиелі ауданында ескерткіші ашылып, стадион мен көше атын иеленді. Шымкенттің Шілік деген жерінде Иманжүсіптің атасы, әкесі, халық композиторының өзіне ескерткіш бой көтерді. Бұл бір ансамбльді құрайды.
Осыдан 10 жыл бұрын Астананың «Тілеп Қобыз сарайы» концерт залында Иманжүсіптің 150 жылдық мерейтойына орай рухани кеш өтті. Сонда ақын, ғалым, қазіргі Парламент Мәжілісінің депутаты Аманжол Әлтай Иманжүсіп тұлғасын сипаттай келе:
Болыс болған бабама Есілім ең,
Шаһар болдың бұл күнде есігі кең.
Астанамда спорттың бір сарайы
Аталса Иманжүсіп есімімен,
Ескерткішін орнатсақ бас қаладан
Айырылып қалмас қазақ несібінен, – деген ұсынысын өлеңмен өрнектеді. Бұл әлі де өзекті деп есептейміз, бас қалада Иманжүсіптің ескерткіші болуы керек. Депутат тиісті сауалды жолдайды деп ойлаймыз.
Раушан Нұрханқызымен әңгімемізде ол Иманжүсіп тұлғасына, әндеріне құр тамсану ғана барын, ұлықтауға келгенде нақты істер жоқтың қасы екенін айтты. Немересі бәрінен бұрын үлкен музейдің ашылуын тілейді. Әрине, атасының Тараздағы зираты мен Астана маңындағы ата-балалар қорымын қоршау, Астанадағы көшесін көрнекті жерге көшіру, елордада ескерткішін орнату да маңызды. Иманжүсіптің келесі мерейтойын күтпей, бұл істерді атқару керек деп есептейміз.