Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні
немесе Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың «Ana tili» газетіне берген сұхбаты туралы ойлар
Тілі жақын елдің рухы жақын. Бұл – ақиқат. Сондықтан да Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Ana tili» газетіне берген сұхбатын ұлтқа арналған жүрек сөзі ретінде қабылдадым. Өйткені ол халқына бүкпесіз сыр-сұхбат жасай отырып, ұлт алдындағы парыз бен қарыз туралы толғанады. Әрине, қазіргі тұрақсыз әлемнің дүрбелең кезеңінде адамзаттың алдында небір қауіп-қатер тұр. Сондай күрмеуі қиын уақытта айтылған түйінді сөз қандай? Мемлекет басшысы өз сұхбатында осы мәселелер туралы ойлы да жанды сөз айтқан.
Заманның, уақыттың бедерін бағамдау оңай соқпасы белгілі. Осыдан болар, өз сұхбатында Қ.К.Тоқаев тереңнен сөз қозғайды, тарихты саралайды. Бұл – Қазақстан халқына, қоғамға, жастарға, мемлекеттік құрылыстың әр деңгейінде жүрген, сондай-ақ сан түрлі блогерге арналған сөз.
Көптен бері саяси қызметтен алшақтап, зейнеткерліктің өзіне тән сәттерін бастан кешіріп жүрген адам ретінде, әлеуметтік желіге көп қосыла бермейтін едім. Бірақ зер салып, оқып, қарап отыратын шақтамыз ғой. Желіден түспейтін көптеген автор мемлекеттік саясатымызға дүрліге қарап, өмірді қарашымылдық сыртынан көруге тырысатынын да байқаймын. Сондықтан Қазақстан Президенті Қ.К.Тоқаевтың «Ана тіліндегі» сұхбатын оқыған соң, әлеумет қалай қабылдар екен деп ойланғаным рас. Бір адам іле-шала қолдау білдіріп, пікір жазып жатса, енді бірі Тоқаев сұхбатынан Ресей саясатының көлеңкесін көреді. Ал үшіншісі Қ.Тоқаев Ата заңды өзгертіп, өзі тағы да бір рет сайлауға түсуді көздейді деп те жазып жатады. Ал бір блогер қарындасымыз «журналист жігіттің алдында не қағазы, не диктофоны жоқ, екі қолын тізесіне салып отыр, ол қалай сұхбат алады?» деп сынға алған. Бұл да әлеуметтік желінің ерекшелігі.
Үлкен журналистикада көп жыл қызмет істеген және «Жас Алаш», «Егемен Қазақстан» сынды ұлт басылымдарының бас редакторы болып, мол тәжірибе жинағаным бар. Сондай-ақ Н.Назарбаев, Б.Ельцин, Л.Кучма, Г.Әлиев, В.Квасневский секілді ел басшыларынан сұхбат алған журналист ретінде, заман лебін және бүгінгі технологиялық биікке көтерілген журналистиканың сан қырлы тәсілдерімен таныспын әрі қыр-сырын бір адамдай білемін ғой деп ойлаймын.
Айта кету керек, Қасым-Жомарт Кемелұлы өз сұхбатын камералық түрде, жеке газет журналисіне берді. Электронды ақпарат құралдары қатысқан жоқ.
Көп камера тұрған жерде ол сұхбат емес, шоуға айналып кететіні белгілі ғой. Әрине, журналист сұхбат алуға келісім алғаннан кейін, барлық сұрақты жазбаша түрде Президентке ұсынады. Оған Президент Әкімшілігінің жоғары деңгейлі мамандары қатысады. Алдын ала дайындықтар жасалатыны – әлемдік тәжірибе.
Сұхбат желі беттерімен бірге, Қазақстанның түкпір-түкпірінде, ұжымдарда, ғылыми орталарда, зиялы қауым арасында талқыланып жатқанын байқап, оқып жатырмыз. Тіпті шетелдік басылымдардың да қызығушылығы айқын көрініп тұр.
Сол сияқты Президент сұхбатының терең де салмақты ой толғамдары туралы ҚР Парламенті Сенатының төрағасы, ірі политолог М.С.Әшімбаев «сұхбатта егемендігімізді нығайтуды және елімізді өркендетуді көздейтін басым-бағыттар нақты белгіленді» деп жазыпты.
Шынында да, сұхбаттың өн бойында Қазақстанның әлемдік аренадағы орны, ұлттық құндылықтарымызды қалыптастыру, экономикалық, саяси-мәдени тұрғыдағы даму принциптеріміз көрсетілген.
Сұхбатта қоғам дамуының өскелең даму жолдары туралы берік байлам бар. Жер де, ел де – қазақтікі. Қазақстан халқының ортақ мүдделерін қорғайтын заң мен тәртіп үстемдігі туралы ерекше тұжырымдалады.
Сұхбаттың аясы өте терең. Одан кез келген адам қоғамды мазалап жүрген мәселелер туралы жан-жақты мағлұмат алады.
Қазақстан үшін, ұлтымыз үшін ең өзекті мәселе – тіл. Қазақ тілі – мемлекеттік тіліміз. Мемлекеттік тіліміздің «мүшкіл халі» туралы аз жазылып та, аз айтылып та жүрген жоқ. Сырт көзге қарағанда, солай көрінетіні де рас. Бірақ үрейлі сөзден шырайлы сөз жақсы.
Президент айтқан деректерге назар аударалық. «Қазақ тілінің бәсекеге қабілетті және оны үйренуге деген қызығушылық барынша артып келеді. Мемлекеттік тіл азаматтардың қызмет бабында өсуіне және табысқа жетуіне жол ашатын фактор саналады». Міне, осы тұжырымдамаға үлкен саяси мән беру керек. Тарихқа кішкене көз жүгіртелік.
Менің құрдастарым, замандастарым ауылда қазақ мектебін бітіріп, Алматыға оқуға түсті. Бірақ қызметке тұру, өсу және саясатпен айналысу үшін орыс тілін үйрену қажет болды. Сондықтан да біз орыс тілін өз бетімізбен үйрендік. Таза сөйлеуге, қатесіз жазуға тырыстық. Өмірдің тіл қажеттілігі осыған алып келді.
Қазір де қазақ тілінің қажеттілігі туындап тұр. Мемлекеттік қызметке тұрған кезде қазақ тілін меңгерген адамдарға кең жол ашылады. Тәжірибе көрсеткендей, бұл сында ұлтының кім екені есепке алынбайды.
Жоғары оқу орындарындағы факультеттердің 65 пайызы қазақ тілінде өтеді. Сондай-ақ оқушылардың 70 пайызы қазақ тілді мектептерде оқиды. Демек, алдағы 10-15 жылда мемлекеттік тіліміздің мәртебесі бұдан да биік болмақ.
Президент атап өткендей, әлемде 7 мың тірі тіл бар екен. Олардың 3 мыңы жойылу қаупі үстінде тұр. Ал қазақ тілі – ана тіліміз 2024 жылы ең көп таралған 79 тілдің санатына енген.
Тіл мәселесінде байыпты талдау, орамды ой керек. Мемлекеттік тіл халықты үйлестіру тілі ретінде одан әрі дами береді. Қуанайық. Бірақ Президент айтқандай, «тіліміздің тұғырын нығайтамыз деп, оны басқа тілдерге, соның ішінде орыс тіліне қарсы қоймау керек».
Еститін құлаққа, көретін көзге, ұлтжанды әр азаматқа айтылар сөз айтылды. Меңзеп айтқан сөздің ар жағында ұлт болашағымен бірге, ұлттық тіліміздің де болашағы тұр.
Дәстүр, унификация, реформа, білім, сенім, инвестиция, медиация, энергия ұғымдарын ұстана отырып, Қазақстан орта державалар санатындағы ел ретінде, мемлекетіміздің «тұрақты әлеуметтік, экономикалық дамуына жол ашады».
Ал орта державалар деген терминді қалай түсінуіміз және қабылдауымыз керек? Осы мәселеге тоқталып өткен жөн болар. Өйткені мұндай термин бүгінге дейін біздің саяси айналымымызда болған емес.
Қазақстанды шетелдің сарапшылары мен дипломаттары орта держава деп атауы, әрине, бүгінгі Қазақстанның геосаяси жағдайына байланысты туындап отыр. Біздің екі қанатымызда ядролық қарулы екі ірі держава отыр. Олар – Ресей мен Қытай Халық Республикасы. Мұхиттың арғы жағындағы АҚШ-пен де стратегиялық әріптестік туралы шартымыз бар. Олар осы мемлекеттердің парламенттерінде ратификациядан өткен. Оның үстіне, өмір көрсетіп отырғандай, БҰҰ ұйымы өзінің берік ұстанымын жоғары деңгейде атқара алмай отыр. Бұл жөнінде Президент Қ.Тоқаев іргелі саяси форумдардың мінберінен ашық айтып жүр. Сондықтан Орта Азия ішінде Қазақстанның алатын орны да, саяси салмағы да жоғары.
«Қазір халықаралық қатынастар жүйесі кері кетіп барады, тіпті құлдырай түсті деуге болады. Тұрақсыздық күшейіп, ірі державалардың бірін-бірі айыптауы белең алды. БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі қауқарсыз болып қалды.
…Бүгінде барынша әлем қалыптастыруға деген сұраныс өте жоғары… Орта державалар халықаралық сенім дағдарысын және жауапкершілігі жоғары жаһандық көшбасшыларға деген тапшылықты еңсеру жолында маңызды рөл атқара алады.
Орта державалар күш-жігерін жұмылдырып, жанжалдасып жатқан геосаяси орталықтардың арасында жаңа әрі мықты дәнекер бола алады».
Бұл сөздердің астарында Қазақстанның алпауыт мемлекеттер арасындағы саяси беделі жоғары тұрғанын аңғару қиын емес.
Желіде Қ.К.Тоқаевтың шетелдік іргелі саяси форумдарға жиі баратыны да сынға алынып, әртүрлі ақпарат таратылып жүретіні де жасырын емес. Сондықтан жоғарыдағы Қ.Тоқаевтың сөздері сондай жаңсақ ақпараттың жолын кесетін уәлі сөз болды ғой деп ойлаймын. Оның үстіне, Президенттің әрбір сапары Қазақстанға инвестициялардың көптеп келуіне жол ашады. Айталық, 2024 жылы жаңа жобалар арқылы Қазақстанға 15,7 млрд доллар көлемінде тікелей инвестиция келіпті, ол 2023 жылмен салыстырғанда 88 пайызға артқан. Бұл цифрлар Қазақстан экономикасының дамуы мен жаңа жұмыс орындарының ашылуына негіз болды. Ел халқын әлеуметтік жағынан қолдау, реформаларды жүзеге асыру, ана мен баланы қорғау сияқты іргелі жобалар да осы инвестицияларға байланысты дамып келеді. Мысалы, 2024 жылдың бірінші жартыжылдығында Қазақстанға 9,8 млрд доллар тікелей инвестициялар түскен. Ал 2023 жылдың қорытындысы бойынша 23,6 млрд доллар инвестиция келген.
Қазақстан экономикасына жылма-жыл ең үлкен инвесторлар Нидерланды, АҚШ, Швейцария, Ресей мен Қытай мемлекеттерінен түсіп отыр. Бұл мемлекеттердің инвестициялары 25 пайыздан 92 пайызға жеткен. Оның үстіне, соңғы 10 жылда Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің арасындағы алыс-беріс үдемелі түрде өсіп келеді. Президент айтқандай, аталған елдерде, яғни «2024 жылы өзара сауда-саттық көлемі 45 млрд доллардан асты».
Шекаралас мемлекеттер туралы әңгіме болғандықтан, Президент сұхбатындағы Ресей және Қытай Халық Республикасы арасындағы мемлекеттік қарым-қатынасқа тоқталмай өте алмаймыз. Мұның өзіндік себебі де бар. Әлеуметтік желіде: Instagram, TikTok-та Қазақстанның Ресей мен Қытайға тәуелділігі туралы сан алуан дәйексіз келтірілетін жалған, негізсіз ақпарат жеткілікті.
Естуші және әділ мемлекет құруға бағытталған Қ.К.Тоқаевтың реформалар үдерісін түсіну үшін, әлбетте, аталмыш сұхбатқа назар аудару керек. Сонда ғана біз мемлекеттің бірінші адамының аузынан шыққан сөздерінің құнын да, парқын да пайымдай аламыз.
Қазақстан мен Ресей арасындағы қарым-қатынас, әртүрлі саяси дүрдаразға қарамастан, орнықты дамып келеді. Ресей Думасының бірнеше депутаты, қоғам қайраткері Қазақстанда орыс тіліне қысым жасалып жатыр, Қазақстанның солтүстік өңірлері Ресей құрамында болуы тиіс деген арандатушылық, қоқан-лоқыға толы ақпарат жариялағаны есте шығар. Санкт-Петербургте өткен саммитте Қазақстан Президенті Қ.К.Тоқаевтан Ресей тележурналисі М.Симоньян осындай келеңсіз сұрақ қойған еді. Сонда Қазақстанның Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Владимир Путиннің алдында әдептен озған Симоньян ханымға берген жауабымен өзінің биік саяси тұлға екенін көрсеткен болатын.
Қазақстан мен Ресейдің үлкен саясаттағы қарым-қатынасы екі жаққа да тиімді әрі өте қажет. АҚШ жариялаған санкцияларды ескере отырып, Қазақстан мен Ресей арасында екіжақты қарым-қатынас орнықты дамып келеді.
Ресей Президенті В.В.Путин Қазақстанға 33 рет келіпті. Әрине, қыдырып келмесі анық. Күрмеуі қиын кезеңде Ресей Қазақстанмен экономикалық, ғылыми-мәдени байланысты ңығайтуға мүдделі. Бұл күнде Қазақстанның 60 мың ұл-қызы Ресейде білім алып жатыр.
Былтыр қараша айында В.В.Путин Қазақстанға ресми сапармен келді. Тиісті протоколдық құрмет көрсетілді. Бұл – өркениет елдерге тән қалыптасқан дәстүр. Осыдан Қазақстанның Ресей үшін үлкен стратегиялық әріптес екенін білеміз.
Нәтижесінде Ресей Президенті Қазақстанның Орта Азия аймағындағы ірі экономикасы, өнеркәсібі, ғылымы мен білімі қалыптасқан мемлекет ретінде «…біздің елмен сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарын нығайту үшін белсенді жұмыс жүргізіп жатыр. Басқаша болу да мүмкін емес» деп мәлімдеді.
Иә, Мемлекет басшысы айтқандай, бұл қарым-қатынас екі жаққа де тиімді әрі «Еуразия кеңістігіндегі тұрақтылықты қамтамасыз ету керек». Бұл астарлы сөздің мән-мазмұнын айқындайды. Ашығын айтсақ, Ресей тарапынан Қазақстан егемендігіне қол сұғылмайды деген сөз.
Әлеуметтік желідегі біраз пікір Қазақстанда атом электр стансасын салу тақырыбын қозғайды. Олар станция Ресей құзыретіне берілуі мүмкін деп топшылайды. Бұл шындыққа қаншалықты сәйкес келуі мүмкін?
Ресей Президенті В.В.Путиннің ресми сапары кезінде атом электр стансасын салуға Ресей қалай қатысады деген әңгімелер болғаны шындық.
Қазақстан аталмыш жобаны жүзеге асыру үшін Халықаралық консорциум құру туралы ынталы. Аталмыш жобаның бас операторы да осы консорциум болмақ. «Росатом» компаниясының жобаға қатысуы мүмкін екені туралы Қ.К.Тоқаев өз сұхбатында айтты.
Расында, қазір Қазақстанда жерасты байлықтары азайып, бірте-бірте ол экономиканың басты қозғаушы күші болмайтыны туралы ғалымдардың, экономистердің сараптамасы бар. Сондықтан болашақ – ядролық энергетикада.
Қ.К.Тоқаев пікіріне сүйенейік: «Қазақстанға қуатты атом стансасы қажет екені анық. Мен бұған сенімдімін. Оған қоса, таяу арада екінші, тіпті үшінші атом электр стансасын салу мүмкін екенін жасырмаймын…».
Ойды ой қуалайды. Президенттің бұл сөздерінен Қазақстанның көпқырлы саясатының ізін көргендей боламыз. Демек, ядролық атом стансаларын салуға ҚХР, Франция, Оңтүстік Корея, тіпті АҚШ та қатысуы мүмкін. Бұл жобалар Қазақстанның қауіпсіздігі мен тәуелсіздігіне кепіл болады деген ойға жетелейді.
Сұхбатта Қ.К.Тоқаев Қытай Халық Республикасымен байланыс жөнінде ерекше тоқталды және ол Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзинь Пиннің «біздің егемендігіміз бен тәуелсіздігімізді барша қолдайтынын атап өтті. Бұл – өте маңызды мәлімдеме».
Тоқсан ауыз сөздің түйінін Қасым-Жомарт Кемелұлы өз сұхбатында ашып айтты. Халық көп сауалға нақты жауап алды деп ойлаймын:
Үкімет – ауыс-түйіске бейім құрылым.
Парламент сайлауын мерзімінен бұрын өткізуге әзірше еш негіз жоқ.
Менің «Күшті Президент – Ықпалды Парламент – Есеп беретін Үкімет» атты тұжырымдамам Қазақстанның ең қолайлы тұжырымдама екеніне сенімдімін.
Ашығын айтсам, экономист басшылардың қазіргі жұмысын орташа деп бағалаймын.
Қаңтар оқиғасынан кейін үш жыл өткенде азаматтарымыздың көпшілігі елімізде бұрын-соңды болмаған осы дүрбелең көпе-көрнеу әлеуметтік әділетсіздіктің, саяси тоқыраудың, сондай-ақ қаскөйлердің шектен тыс және олардың халық пен мемлекет тағдырына немқұрайды қарауының кесірінен орын алғанына әбден көз жеткізді.
…Біз әділетті мемлекет құрамыз десек тарихқа да, оны жасауға атсалысқан азаматтарға да әділ қарауымыз керек.
…Мемлекет басшысы болған сәттен бастап қазірге дейін қабылдаған шешімдерім мен оның түрлі салдары үшін бар жауапкершілікті өз мойныма аламын.
Бұл кісілік пен кішілікке, парасатқа, терең саяси сараптамаға толы сұхбат болды.
Жаңа Қазақстанның жаңа тарихын қалыптастырып жатқан Президент Қ.К.Тоқаевтың жүрек сырына толы әңгімесі халық жүрегіне жетсе екен.
Уәлихан ҚАЛИЖАНОВ, ҰҒА академигі,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері