31 мамыр - саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні

Тоқсан жылдан кейін табысты

Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күнінің қарсаңында елордадағы Ұлттық академиялық кітапханада Мемлекет тарихы институты, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы, Нұр-Сұлтан қаласы Білім басқармасының білім беруді жаңғырту орталығы және АЛЖИР мемориалды мұражай кешенінің бас болуымен «Ақмола өңіріндегі қуғын-сүргін қасіреті» атты ғылыми-тәжірибелік конференция және Ақмола өңіріндегі қуғын-сүргін құрбандарының ұрпақтарымен кездесу өтті. Ғылыми-тәжірибелік кездесуде қуғын-сүргінге ұшыраған имамдардың өмірі мен еңбектері көпшілікке таныстырылды.

[smartslider3 slider=3109]

Конференция жұмысы қылышынан қан тамған кеңестік жүйенің халыққа қарсы жасаған қылмысының құрбаны болып, тарыдай шашылып кеткен сансыз қазақ әулетінің бірінің 90-жылдан кейін шұрқырасып табысуымен басталды. 1931 жылы «Халық жауы» деген айыппен тұтқындалған Ақмола облысы Астрахан ауданының Жаңақұлан (қазіргі Камышенка) ауылының тумасы, ұстаз, имам, әулие атанған Сағындық Жайлауұлының соңында Сағадат пен Сағынай деген екі інісі, Қадиша, Бикен, Айнажан, Дәмет деген төрт қарындасы қан жұтып қала береді. Арада ғасырға жуық уақыт өткенде, Сағындық имамның тұяқтары мен Дәмет Жайлауқызының ұрпақтары қуғын-сүргін тарихын зерттеп жүрген ғалымдарымыздың көмегімен бірін-бірі біліп, жақын танысуға мүмкіндік алды. Нағашы-жиендер ұзақ жыл Ақмола өңірін мекен етсе де, жер бетінде жақын туыстарының бар екенінен хабарсыз болған. Бұл да болса үдей соққан дауылдай қазақ ауылдарын жан-жаққа тентіретіп, ағайын-туысты бір-біріне жат бауыр еткен, адам тағдырын ойыншық қылып, ұрпақ сабақтастығы мен халықтың тарихи жадын өшірген саяси қуғын-сүргіннің санап тауысқысыз қылмыс-қия­натының бір көрінісі еді.

Саяси қуғын-сүргін құрбандарының әруақтарына құран бағышталғаннан кейін, ҚМДБ найб мүфтиі Сансызбай қажы Құрбанұлы сөз кезегін алды. Өмірден өткен бабалар алдындағы перзенттік парыздың мән-маңызын атап өткен ҚМДБ өкілі кешегі кеңестік қуғын-сүргіннің қазақты тау тұлғалы қайраткерлерінен, дінінен, салт-дәстүрінен, мал-мүлкінен айырған қылмыстарын нақты көрсете келе «Халқымыз қаншама ауырлықты бастан өткерді, бірақ, Алланың рахымы жауған ел екенбіз, мінеки, өсіп-өніп келеміз, ынтымақ пен бірлік – бізді әрқашан алға жетелейді, әр азаматтың жүрегінде жеріне, дініне, тіліне, дәстүріне, тарихына деген махаббат болса, ол ешқашан елін, жерін сатпайды» деді.

Журналист, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Нұртөре Жүсіп саяси қуғын-сүргіннен қасірет шеккен Ақмола өңірінің тумалары туралы деректерді көпшілікпен жүздестіріп, тағдыр тәлкегімен жан-жаққа шашырап кеткен ұрпақтардың басын қосқан игілікті шараға разылығын білдірді. «Арқаның төсіндегі әр түп бидай кешегі қуғын-сүргін мен ашаршылықта жазықсыз, мезгілсіз көз жұмған арыстарымыздың сүйегінің үстіне өніп тұр. Бізде нәубет құрбандарының нақты саны әлі күнге дейін анықталмай келеді. Түрлі деректерді салыстыра келе, кемінде 3 миллион азаматымыздан айырылдық деп ұйғарып, соны жас ұрпақтың санасына сіңіруге тиіспіз. Өйткені қазіргі күнде нанның, елдің, мемлекеттің, көк тудың, тәуелсіздіктің қадірін білмейтін ұрпақ өсіп келеді. Біз кешегі қасіретті айта отырып, бүгінгі қасіретке тоқтау салар жол қарастыруымыз керек» деп түйіндеді сөзін сенатор.

Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия мүшесі, саясаттанушы, заң ғылымдарының кандидаты Сабыр Қасымов шараға жиналған қауымға комиссияның екі жылдан бері атқарған жұмыстарының негізгі бағыттарынан құлағдар етті. «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау бірнеше дүркінге бөліп жүргізілді. Ел тәуелсіздігінен кейін, 1993 жылы сәуір айында арнайы заң қабылдап, барлығы 125 мың адамды ақтадық. Сот қау­лысымен ақталғандар саны, арнайы қоныс аударушылармен қоса есептегенде, 350 мыңнан асады. 2020 жылдың қараша айындағы Президент Жарлығы бойынша құрылған мемлекеттік комиссия жан-жақты зерттеу жүргізіп, бірқатар ауқымды жұмыстарды атқарды. Соның ішінде 2 миллионнан астам архивтік құжатты ашып, түгендедік. Арнаулы жаңа фондтарды құрдық. Қуғын-сүргіннен зардап шеккен 250 мың адам ақталды. Олардың көбісі – арнайы қоныс аударушылар мен жер аударылған халықтардың өкілдері. Қазақстанға жасалған қасіреттің ең үлкені – 1933 жылғы репрессия мен аштық. Соның кесірінен халқымыз­дың жартысынан айырылдық. Қоғамда аштықтан 3 не 4 миллион адам өлді деген жаңсақ түсінік бар, анығында халықтың көп бөлігі тәркілеу мен репрессияның салдарынан қырылды» деді С.Қасымов.

Шараға қатысқан белгілі тарихшы, өлкетанушы ғалымдар мен қуғын-сүргін құрбандарының ұрпақтары ел тарихындағы зардабы ғасырға созылған қаралы кезеңнің қасіреті, әсіресе оның қазақтың рухани өмірі мен құндылықтар жүйесіне жасаған қиянаты туралы ойларымен бөлісті.

Шараға қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері мен ардагерлер, студенттер, оқырмандар қатысты.

Ерлан Мазан

 

Тағыда

Пікір үстеу

Back to top button