Тоқсанға келсе де тың
Тегінде, тоқсан деген жас екінің бірінің маңдайына жазыла бермейтін бақ болса керек. Жаратқан мұндай сыйды тек өзінің сүйген құлына: тіршілікте ешкімнің ала жібін аттамай, кісіге қылдай қиянат жасамаған, өмірдің қиыншылығына налымай, Алланың берген ырзық-несібесіне риза болып, айналасына жылулық пен адамгершіліктің нәрін себе білген, адал еңбектің үлгісін көрсетіп, басына қандай іс түссе де мойымай, сабыр сақтап, үнемі күліп жүретін пендесіне ғана нәсіп етеді-ау, шамасы. Ондай болу оңай емес. Ал астаналық ардақты ана, еңбек ардагері Райхан Ыдырысқызы Нұрманованың талайына дәл осындай тағдыр жазылған екен.
1934 жылдың 20 желтоқсан күні қарапайым шаруа отбасында дүниеге келген қыз баланың ғұмыр парағы қалай өрілерін ол кезде ешкім білген жоқ. Ақмолада туып-өсіп, Жамбыл Жабаев атындағы жалғыз қазақ мектебін бітіргеннен кейін медициналық училищеге оқуға түскенмен, өндірістік тәжірибе барысында мәйітханаға бара алмай, ауыра берген соң ата-анасы оқудан шығарып алады. Сөйтіп, екі қолға бір жұмыс іздеген өрімдей қыз Ворошилов көшесіндегі «Сталин туы», қазіргі Ақмола облыстық «Арқа ажары» газетінің редакциясын имене аттайды. Бұл 1954 жылдың 5 мамыры – Баспасөз күні болатын. Жас қызды бас редактордың орынбасары Шамшиден Дәуітов ағасы жылы шыраймен қарсы алып, сол кездегі редактор Ахмедия Әлғожинмен, редакция ұжымымен таныстырып, машбюроға теруші етіп жұмысқа қабылдайды. Осы жерде еңбек ете жүріп, талай жақсы-жайсаңмен жүздеседі, қызметтес болады. Сол жылдар ішінде газет атауы да «Есіл правдасы», «Тың өлкесі», «Коммунизм нұры» болып заман талабына сай бірнеше рет өзгерді. Уақыт зымырап өтіп жатты. Қаншама жақсы адам өмірден озды. Өзгермеген бір ғана нәрсе – сол тұста қаладағы бас басылым саналған газетте 30 жыл еңбек еткен әріптестерімен арадағы сыйластық. Зейнетке шыққаннан бергі 40 жылдың ішінде олармен байланысы үзілмеді, әлі күнге дейін хал сұрасып, араласып, дастархандас боп келеді. Бұл да болса Райхан Ыдырысқызының сонау бала кезінен бойына сіңген қазақылықтан алыстамағанын, арада жарты ғасырға жуық уақыт өтсе де көпшіл, қонақжай, бауырмал мінезінен танбағанын аңғартса керек.
Бүгінде ғасырдан астам тарихы бар басылымда еңбек ете жүріп, 1959 жылы аңқылдаған ақжарқын азамат Кәкім Аманжолұлымен отау құрады. Екеуі өсіріп-тәрбиелеген бес баладан 16 немере, 12 шөбере сүйіп отыр. Үлкен ұлы 61 жасында ауырып көз жұмды. Қыздарының бәрі жоғары білімді маман. Екеуі денсаулық сақтау саласында қызмет етсе, екеуі – жеке кәсіпкер. Күйеу балалары да өз балаларындай құрметтейді, қадір тұтады.
– Жолдасым жақсы адам еді. Азаматыма арқа сүйеп, жарасымды өмір сүрдік. Үй болған соң ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды ғой, ондайда анамның «балаңды көтеріп үйге қайтып келуші болма» деген бір-ақ ауыз сөзі мені тоқтататын. Бірдеңе көңілімнен шықпай қалса, ешкімге көрсетпей көзімнің жасын бір сығып аламын да, анамның айтқанын есіме түсіріп, ашуымды ақылға жеңдіріп, жадырап жүре беретінмін. Ерімді сыйлағаннан жаман болған жоқпын. Бір-бірімізге деген сыйластықтың арқасында үйімізде береке болды. Осы жасқа келгенде ұққаным: отбасында көп нәрсе әйелдің қолында екен. Өзің күліп жүрсең, айналаң да тамаша. Ер-азаматты қадірлейтін әйелдің басынан бақ кетпейді. Шаңырақтың түтіні түзу шығуы үшін әйел адам ақылды, шыдамды болуы керек. Қыз бала анасынан алған өнегесімен өседі. Әйел баласының бойына сіңірген қасиеті жақсы болса, Алла бар жақсыны үйіп-төгіп береді. Ұзақ жасауымның сыры да сол, ешкімге кектенбей, ешкімді жек көрмей, айналама шуақ шаша білуімнің жемісі шығар, – деді Р.Нұрманова.
Өмір болған соң қуаныш пен қиындықтың қатар жүретіні хақ. Барға тасымай, жоққа жасымай, ешкімге өкпелемей, Жаратқанның бергеніне риза болып, айналасына жылулық пен адамгершіліктің нәрін сеуіп, қолынан келгенше қасындағылардан көмегін аямады. Тіпті өз балаларына қосып екі ұлды бауырына басып, тумаса да туғандай етіп тәрбиеледі. Айтуынша, туыс та емес, туған да емес, Алланың аспаннан бере салған сол Арыны мен Серігінен қазір 6 немере сүюде. Келіндері де Құдайға қараған, жыл сайын соғым сойса сыбағасын әкеп, жылы-жұмсағын аузына тосып, асты-үстіне түсіп тұрады.
Бойжеткен шағында алғаш еңбек жолын машинистка болып бастаған басылымда шаңырақ құрып, инабатты келін, адал жар, сыйлы абысын, ардақты ана, немерелерінің қолынан су ішіп, шөберелерінен бал жалап, зор құрметке бөленуде. Зейнетке шықса да, қарап отырмады. Әлі күнге немереден туған тәп-тәтті тентектердің шайын қайнатып, тамағын пісіріп, кірін жуып, қызметіне жарап тұр. Үйдегі жұмыстың кез келгенін істей салады. 47 жасында үлкен қызынан туған тұңғыш жиен немересі Жанелді бауырына басады. Ондағы ойы студент ата-анасы сабағынан қалмай, оқуын уақытылы бітірсін деген аналық қамқорлығы еді. Кішкентайынан қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай өсірген балапаны бүгінде әжесін қолына алып, өзі баққандай бағып, қағып, жас балаша аялап, мәпелеп, қабағын бағып отыр. Қазіргідей уақыт тығыз заманда сол немересінің жұмысын жеңілдетіп, бос отырғанда манты, тұшпара, вареники түйіп, мұздатқышқа қатырып қоятыны тағы бар. Сондықтан болар, тоқсанға келсе де Райхан Ыдырысқызы әлі күнге тың, қимылы ширақ, айтар ойы орнықты. Бұл – Жаратқанның көп адамға бұйыра бермейтін сыйы.
Еңбек адамы қай заманда да қадірлі. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, елімізде еңбекқор адам, кәсіби маман ең сыйлы адам болуға тиіс. Өйткені дәл осындай азаматтар мемлекетімізді дамытады. Күн сайын тынбай еңбек етіп, отаншылдықтың озық үлгісін көрсетіп жүрген өз ісінің майталмандары қашанда қоғамның назарында болса, жастарымыз соларға қарап бой түзер еді. Бүгінгілер осындай жандардан үлгі алса дейміз.
«Мерейлі жасқа толған әжейде арман жоқ шығар-ау, сірә» деген оймен қоштасарда «Қандай арманыңыз бар?» дедім.
– Армансыз пенде жоқ қой, қарағым. Баланың қайғысын басқа бермесін. Жалғыз ұлымның алғаш некелескен жары 32 жасында жаман аурудан қайтыс болып, одан екі бала қалды. Екінші алғаны да ұл туды. Бірақ солардан аузымды толтырып сүйетіндей немере көргенім жоқ. Қаным ғой, жалғызымнан туған немере сүйсем деп армандаймын, – деді Р.Нұрманова.
Сол күнді көруге нәсіп етсе екен! Тоқсанға келсе де айналасына қолғабыс етіп, пайдалы болуға тырысып жүрген әжейдің жүзінен нұр таймай, жүзге жетіңіз дейміз біз де. Ылайым солай болғай! Еңбек адамы қай заманда да қадірлі. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, елімізде еңбекқор адам, кәсіби маман ең сыйлы адам болуға тиіс. Өйткені дәл осындай азаматтар мемлекетімізді дамытады
Гүлбаршын ӨКЕШҚЫЗЫ