Қала тіршілігі

«ТОҚЫМ ҚАҒЫП» ТОЙЛАТТЫ

IMG_0219

Ұлыстың ұлы күні қарсаңында елордадағы №46 «Самал» санаториялық балабақшасында «Төрлет, Наурыз, төріме!» атты мерекелік думан болып өтті.

Алдымен балалар мен арнайы шақырылған қонақтар үшін мерекелік дастархан жайылды. Ал, мерекенің шырайын осында тәрбиеленетін балалардың өздері кіргізді. Атап айтқанда, олар ән салып, би билегенде қонақтар аса ризашылықпен қошемет білдірді. Балалар қазақтың «тұсаукесер» және «тоқымқағар» дәстүрлерін көрсеткенде  ата-әжелер ақ баталарын беріп жатты.

Балдырғандардың өнерін тамашалауға келгендер арасында қалалық «Әділет» кәсіподақ ұйымының төрайымы Балсұлу Наурызбаева, профессор, педагогика ғылымының докторы Күлән Ибраева, «Мектепке дейінгі балалық шақ» республикалық орталығының бас маманы Жанна Бликова болды.

Мерекелік шарада педагогтардан құралған «Әжелер ансамблі» ауылдың алты ауызын шырқаса, белгілі әнші Клара Төленбаева тамылжытып ән салды. Әдіскер Ж.Қанапина балалармен бірге «Домбыра» әнін орындағанда көпшілік дуылдата қол соқты. Балабақша меңгерушісінің бастамасымен және ата-аналардың қолдауымен өткен айтулы шара балалардың да, келген қонақтардың да көңіл-күйін көтерді. Осындай тағылымдық әрі танымдық іс-шаралардың жиі өтіп тұрғаны балалардың ұлттық сана сезімін қалыптастыруға зор ықпал етері сөзсіз.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button