Сұхбат

Төрегелдi ШАРМАНОВ, академик, Қазақстан Мемлекеттiк сыйлықтың лауреаты: Ақсақал – халықтың ар-ұяты деген сөз

Қарағанды медицина институтын бiтiрген. Гигиенист-нутрициолог. Ұлытау ауданы ауруханасының бас дәрiгерi. Қарағанды облысында Өлкелiк патология ғылыми-зерттеу институтында қызмет атқарды. Ақтөбе медицина институтының ректоры және ҚазКСР Денсаулық сақтау министрi болды, медицина ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҒА-ның академигi. КСРО Медицина ҒА Тағам институты Қазақ филиалының директоры. КСРО Денсаулық сақтау министрлiгiнiң Орталық дәрiгерлер бiлiмiн жетiлдiру институтында кафедра меңгерушiсi болды. БҰҰ дүниежүзi денсаулық сақтау iсiндегi ең iрi оқиға деп таныған декларациясы «ХХ ғасыр денсаулық сақтау iсiнiң Ұлы хартиясы» атанған Алматы халықаралық конференциясын өткiзуге басшылық жасады. 30 авторлық куәлiгi бар. VIII-Х сайланған ҚазКСР Жоғарғы Кеңесiнiң депутаты. «Парасат», Октябрь революциясы, Халықтар достығы ордендерiмен марапатталған. Жезқазған қаласының құрметтi азаматы.
Шал – шалақай,
қария – қадiрлi
– Жiгiт ағасы болған екi азаматтың бiрiнiң ел ағасына лайықтары көп емес. Ал, ел ағасының бәрi бiрдей елдiң ақсақалы дәрежесiне жете бермейдi. Әлеуметтi де, билiктi де аузына қаратқан «ат жалындағы академиксiз», ел тұтқасы – үлкендердiң ел iшiндегi орны, қадiрi хақында не пiкiр айта аласыз?
– Адам жасы келген сайын тiршiлiкте көрген-бiлгенi мен оқыған-тоқығанын, iлгенi мен бiлгенiн, жылдап жиған абырой-беделiн кезi келген уақытта жақсы бiр қасиетке, жақсы қартаюға бағыттағаны жөн. Яғни, ол әулеттiң, елдiң ақсақалы болуға дайындалуы керек. Жыл өтедi, жас ұлғаяды. Соншама уақыттың iшiнде жүрiп өткен iзiңдi жаңа буын, толқын-толқын болып жеткен жас ұрпақ басады. Күнi кеше өзiң қолынан жетелеген жас бала жiгiт болып, елге, халыққа пайдамды тигiзсем деп талап етедi. Сонда ол кiмнен үлгi алып, кiмнен ақыл сұрайды? Әрине, ағадан, ақсақалдан өнеге алады. Сондайда, жастың құрметiне, жастың талабына лайық болған, дайын болған жақсы.
Жасы үлкен адам қоғамның өзгергенiн мойындамай, күнi кеше өзi өмiр сүрген заманның деңгейiмен, өзi қызмет еткен қоғамның, сол кездегi сая-саттың талабынан шыға алмай, кешегi жеткен жаманды-жақсылы беделi мен көрген-бiлгенiн көлденең тартып, «менi бәрi сыйлайтын. Сондықтан, сендер де жасымның үлкендiгiн, сақал-шашымның ағын құрметтеулерiң керек» деген сияқты орынсыз мiндетсуден аулақ, абай болған дұрыс. Үй-iшi мен бала-шаға, немерелерiне азар адам ауыл-аймақ, ел iшiне де қадiрсiз. Ата сақалы аузына бiтсе де, аталы сөз айта бiлмейтiн, отырар орнын таба алмаған, кешегi өткеннiң бүгiнге пайда-зиянын танымаған, жөн-жобаны тұтына алмаған адам абыройына бедел қосудың орнына, жастық шаққа жарасатын, бiрақ, жасы ұлғайғанда сыйымсыз мiнезiне мiнез қосып алады. Ондайды кесiрлiк дейдi. Туған-туыстың мазасын алып, шат-шәлекейi шығып жүрсе, үлкеннiң өзi кiмге тұтқа, сақалы кiмге қадiрлi? Ондайды қазақ «шал» дейдi. Қариялыққа кiсi кем-кемдеп, ал, ақсақалдыққа абыроймен жетедi. Беделi мен қадiрi қашқан кiсi қырықтан асқанында-ақ шалға айналып шыға келедi. Өзiң де «өй, мынау өзi, жасына жетпей алжып, шал болыпты ғой» дегендi талай естiген шығарсың. Ондай шалдардың көп көргенi мен көп бiлгенi неге керек, ақылын игере алмаса. Сақал-шашы ақылдың толғандығынан емес, мезгiлдiң өткенiнен, уақыттың табынан ағарған, қариялыққа жете алмай қартайған кiсiнi «қолы көтере алмаған шоқпарды белiне байлапты» десе де болар. Өйтiп үлкейгендi адасқандық, ауысқандық деп санаймын.
Сондықтан, қарт деген сөздi жасы үлкейген кiсiлердiң бәрiне бiрдей таңа беруге болмайды. Қырқында бүкшиiп, шал болған жасықтар мен сек-сенiнде жiгiт күнiндегiдей ат арқасында шынардай тiп-тiк отыратын сүйегi асылдар бiр-бiрiмен қалай теңеседi?! Шал атанбайын десең, кейiнгiге берер нең бар, үлгi етiп айтар нең бар, соны жiкте, соны жұпта. Ал, ендi өткен өмiрiңде өндiртiп жасаған ештеңең болмаса, елге кедергi болма, аяққа ора-тылма. Қарттықтың қадiрiн кетiресiң.
Қазiргi заман – кешегi аз күнгi кеңшiлiктей емес, шамырқанып, ширығып, қусырылып келе жатқан бiр әлем. Жасы озған адамға ғана емес, жастарға да қиын. Жер шарын жұмсам – жұмырығымда, ашсам алақанымда ұстаймын деген лаңкес, зиянкестердiң пиғылына қарай құбылып тұрған дәуiрде қисынға келмесе, кешегi жиған-тергенiң, ақылың мен айтарың мүлде керексiз болып қалуы ғажап емес. Сондықтан, оған да көне бiлген – көрегендiк, ол да қарияға тән сабырлық. Жастың мазасын алып, «өйтпе, бүйтпе» деп, буынсыз жерден пышақ ұрып, өзiңдiкiн таңа беру – үлкен қате, қауiп. Қайта, ақылыңды сараптап, бiлгенiң мен көргенiңдi ұштап, үлкендiгiн сақтап, кейiнгi буынның қамын орта буынмен бiрге тiзе қосып, түсiнiсе отырып шешуге бейiмдел. Оң-солыңды, алды-артыңды бағамда, абыройыңды қашырып алма. Заманы бiрге ақсақал-көксақалдарға қарап, менiң көрген-бiлгеннен түйгенiм – осы.
– Бүгiнгiнiң жасы үлкенi – екi қоғамның төлi. Бiрiншiден, көнекөздердiң шапанының етегiне оралып өсiп, ата дәстүрдiң шет-жағасын татқандар. Екiншiден, олар – кеңестiк саясаттың солдаты. Сiздiң өз қатарларыңыз, замандастарыңыз. Мiне, сол қариялар бүгiнде ақсақалдықты қалай алып жүр деп бiлесiз?
– Бiздiң iшiмiзде ақсақалдық қасиетiн сақтап, жоғалтпай үлкейген адамдар азайып тұр. Сондықтан, қарияларды қадiрлей бiлу оның өз қадiрiне байланысты. Жасы үлкеннiң кемдiгi – ақсақалдық, үлкендiк көрсете бiлмеуде. Бүгiнгiнiң қарты жасы келгендiктi қалай түсiнiп жүр? Менiңше, көпшiлiгi кеңшiлiк пен көрегендiктi тани алмай, жаспен жағаласып, жас болуға тайталасқанды жөн деп ұғады. Жасына, ретiне қарай, қоғамға лайық болудың орнына, кеңес кезiнде жағылып қалған жағымсыз, жұғымсыз iс-әрекеттi таңумен әуреленiп жүр. Орныңды бiлмесең, ондай әрекетпен жас болмайсың. «Жастың шаршадым дегенiне сенбе, кәрiнiң қарным ашты дегенiне сенбе» деген аталы сөз бар. Бұл не деген сөз? Бас-қасы, басқа, үлкейген кiсiнiң тамақ алысы тамақтану мәдениетiне, жасына лайық болғаны жақсы. «Ауру – астан», ындынын тыя алмай, уысын толтырып, майлы еттi асап, оны көтере алмай, артынан ауырып жатсаң, үйде кiмге жағасың? Тепсе темiр үзетiн жаспен табақ жарыстыру жасамыс адамға әрi-берiден соң жарасымсыз да. Мiне, сол секiлдi үлкен кiсiге лайықсыз тiрлiкпен «әр уақытта осылай болуым керек» деген шолақ ұғым-ның жетегiнен шыға алмаған кәрiден «Ой, мына кiсi қартайып қалыпты» деп, жұрт бойын аулақ салуға тырысады. Сондайлардың кесiрiнен тәмам үлкенге деген құрметтi үркiтiп жүргендер қаншама! Бұрынғының ақсақалы қандай! Айтса, әңгiмесi жүйелi, жүрiс-тұрысы ұнамды, болмысы бекзат. Бiрауыз сөзiне көптi ұйытып, бiрауыз сөзiмен елдi көшiрiп-қондыратын. Ол – қаймағы бұзылмаған заманның тәлiмi едi. Рас, кеңестiң пайдасы мен көзге көрiнбейтiн зияны қатар жүрдi. Үлкеннен озып сөз сөйлемеудi ынжықтық деп санап, жағаласып, ерегiскендi батырлық деп мадақтап, ақырында, тәрбие таразысының бiр жағы ауып кеттi. Беттен алуды, үлкенi кiшiден ұялуды бiртiндеп доғара бастады. Соның кесiрi бүгiнгiнiң жасы үлкендерiнiң кейбiрiнiң бойында қалып қойған. Елуден асқан соң, жақсы қартаюды болжай бiлген жақсы. Бiрақ, шал болып қалма. Осы күнге дейiн жиған-тергенiңдi, ақылыңды игiлiкке жұмсауды үйрен. Үлкеннiң үлкендiгi жасты баурап, бейiмдей бiлгендiгiнде. «Бiтiм-болмысым – осы, көнсең де сол, көнбесең де сол» деген тоңмойын шалға әдептi жас өзiн сыйламаса да, жасын сыйлап, бетiне келмеуi мүмкiн. Бiрақ, iшiнде оған деген құрметi жойылып кетедi. Кезiнде қанша жерден бетiңе жан қаратпайтын қаһарлы болсаң да, уақыт өте келе, ол қасиеттi байыпты мiнезбен, мейiрiммен, көпке сыйымдылығыңмен байытпасаң, заманың өткенде сыйды ат басы алтын берiп сатып ала алмайсың. Бойыңда күшiң барда, iлгенiң мен бiлгенiңдi қоғамның беталысы мен халықтың пайдасына лайықты ұқсатпасаң, кешегi сiңiрген еңбегiң ескiрiп қалуы мүмкiн…
Рас, кеңес кезiнде еңбек адамына, iлiм-ғылымға деген құрмет ерекше болды. Бүгiн – заман басқа. Бұл – адамның ырқынан емес, бұл дәуiрдiң, алыстың жақындап, бiр қоғам, бiр қоғамды ығыстырып, бiр-бiрiн қау-сырып келе жатқаннан туған амал. Сондықтан, ақылды ел нендей бiр амалды, нендей бiр құбылысты икемдеп, иiп, игiлiкке тұтына алса, жақсы. Соған кейбiр үлкендер көзi жетсе де, бiлсе де, мойындағысы келмейдi. Қа-рия болуға да «күш» керек. Қария мен ақсақалдық – үлкен дәреже, Ақса-қалдық жасқа байланып қалған категория емес. Қырыққа жетпей шал болатыны сияқты, халыққа қызметi мен қадiрi өткендер, өнегесi мен үлгiсiмен елдi соңынан ерте бiлген, жақсылығы көпке ортақ азаматты қы-рықта да, елуде де ақсақал деңгейiнде қадiрлеп, қастерлейдi.
Демек, жасы ұлғайған кiсiлердiң үш түрi болады. Шал, қария және ақса-қал. Шал – шалақай, қария – қадiрлi, ақсақал – абыройлы деген сөз. Мен осылай деп ұғамын, осылай деп санаймын.

Жасында жақсы адамның қартайғанда ақылы азбайды, санасы тозбайды
– «Нағыз ақсақал осы едi» дейтiн қадiрмендi қариялардан кiмдi айта аласыз?
– Ақсақалдық үлгiнiң иесi – дүниеден былтыр ғана өткен Салық Зиманов едi. Ол өзi жасы 90-нан асқан ғұмырында қадiрi мен абыройын еш жоғалтпаған, тәкаппарлықтан емес, парасат-пайымдылығынан елдiң құрметiне бөленген, барлық мақсат-тiлегi сол халқының үстiнде болған, халқына қызмет етуден жазбаған жан едi. Барлық бiлiмiн, тәжiрибесiн елiне жұмсауды парызым деп санайтын, халықтың ар-ұяты бола бiлген, әркiмге өнеге бола бiлген адам. Сондай-ақ, кешегi кеңес кезiнде халықтың мүддесi мен мұратына берiлген ғажап бiр ақсақалымыз Бәйкен Әшiмов едi. Министрлер Кеңесi төрағасы болып халқына қызмет еткен адам. Қандай қысталаң, қандай қыспақта да, сабырын жоғалтпаған, ақылын аздырмаған күйi өттi. «Жақсы бiр адам қартайса, жанып тұрған отпен тең», «қартың болса, ауылда жазып қойған хатпен тең», өнегелi де, шежiрелi қария, халықтың ар-ұяты дерлiк ақсақалы едi. Жасында жақсы адам қартайғанда алжымайды да, азар болмайды да, ақылы да санасы да тозбайды екен ғой, өзi…
Артында «нағыз ақсақал едi» деген сөз қалдырған ғалым Бақия Атша-баров деген қария өттi. Өзi мына Қарқаралыда туған. Медицина ғылым-дарының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сiңiрген дәрiгерi. Ұлы Отан соғысына қатысқан. Қазақстан ғылымына өлшеусiз еңбек сiңiрдi. Дүниежүзiне аты жайылған, ядролық қауiптi саясатқа ең алғаш қарсы шыққан және сол жолда алғашқы нәтижеге жеткен қайраткер. Әр уақытта iстеген iсiнде тек қана халықтың мұқтажы мен мақсатын көздеп, алған бетiнен қайтпаған қайсар қайраткер. Көп жыл бойы өлкелiк патологиялық ғылыми-зерттеу институтын басқарды. Ол бiр халқым деген адамға, халықтың мүддесi үшiн кеңестiк идеологияға қарсы шыққан адам үшiн ең қатерлi, қауiптi жылдары едi. Атшабаров қасқайып тұрып, атом бомбасының халыққа қатерлi екенiн айтудан жабық сессияның бүкiл қатысушыларына, кеңестiң мүйiзi қарағайдай ғалымдарына жалғыз өзi қарсы тұрған. Кейiн сенiң сол сессияның материалдарын қарауға мүм-кiндiк алдым. Сондағы сөйлеген сөздерiн оқып отырып, «не деген батыл-дық, неткен батырлық!» деп, таңғалдым. Сол сессияда саясаттың ықпалы-нан шыға алмаған адамдардың кейбiрiнiң көзi тiрi. Қартайды. Солардың бiразы атом бомбасын сынаудың залалды екенiн жасырғаны үшiн атақ-даңқ, марапатқа ие болды.
– Сiз ол қартайған кiсiлерге не деп баға бересiз?
– Бұлар қариялықты ары қойғанда, шал да емес. Бұл – сатылғандық. Ар-зан атақ үшiн өз мүддесi үшiн халықтың мүддесiн аяққа басқан олар ақса-қалдықтан садақа кетсiн!
– Сiз – ғылымның бiр шыңына жеткен оқымыстысыз, бiлiктi ұйымдастырушысыз. Мемлекет пен қоғамның қабырғалы қайраткерi, халықтың бiртуар тұлғасысыз. Отыз жылдың iшiнде Қазақ Тағамтану академиясын ұлттық брэндке айналдырдыңыз. Дүниежүзiлiк Денсаулық сақтау ұйымы таныған халықаралық деңгейдегi тұлғасыз. Сондықтан, үкiмет те, қоғам да, қалың ел де өзiңiзбен санасады. Сiздiң дуалы аузыңыздан шыққан уәлi сөзге әлдекiмнiң терiс деуi екiталай. Айтыңызшы, елдегi саясатта ақсақалдық бар ма?
– Мен оны не деп айтайын?.. Ай, қиын… Буыны қатып, елiне осы адам бас-көз болады-ау деген көп саясаткердiң iшiнде бас көтерiп, осыны айтады-ау, осыны көрсетедi-ау деген адамды айту маған қиындау болып тұр. Бiреулерге қатты тиiп кетедi-ау дегеннен емес, тап басып айта алмағаннан қиналып тұрмын қазiр…
Сабыр, ақыл, парасат –
ұлы қасиет
– Осыншама қызметiңiз үшiн тағайындалған Дүниежүзiлiк Денсаулық сақтау ұйымының Леон Бернард атындағы сыйлығы неге сонша ұзақ, 25 жылдан кейiн келдi? Кезек жетпедi дейтiн емес, дүниежүзiнде 42-ақ адам, Орталық Азияда алған жалғыз сiз ғана. Кешегi бүкiл социалистiк елдердiң iшiндегi үш адамның бiрiсiз.
– Мен осындай азды-кемдi еңбегiм үшiн жақсылық та, қиындық та кештiм. Қудаландым да. Көре алмаушылықтың кесiрiнен елден жырақ кеттiм. Бұл марапаттың ширек ғасыр жүрiп жеткенi осыдан.
Кеңес Одағының қылышынан қан тамып тұрған, ұлтшылдыққа қарсы күрес кезiнде талай таяқ жедiм. Ақтөбе медицина институтына ректор болып келгенiмде ең бiрiншi назарымды аударған нәрсе қазақтан қабылданған студенттердiң қатары 37 пайыз екен. Басқалары қай ұлттан, қайдан келiп оқып жатқаны белгiсiз. Қазақ оқытушы-ұстаздардың саны 16 пайыз. Ал, сонда, Ақтөбеден не үшiн мединститут ашты? Өйткенi, қазақ-тың көп шоғырланған жерi – батыс өңiрi. Сол аймаққа дәрiгер тапшы болғандықтан ашылып отыр. Демек, дәрiгер жетiспейдi деген сөз. Ауыл-дарға қазақтан басқаның баласы бармайды! Сонда институт кiм үшiн жұмыс iстеп жатыр? Осыларды ескердiм де, қабылдау емтиханында екiлiк алған және бестiк алған абитуриенттердi алдыма шақырттым. Қарасам, екi алатын – қазақ баласы, бес алатындар – басқалар. Ал, сынақшылар – өзге ұлттың өкiлдерi. Орысша бiлмеген қазақтың балалары шетiнен екiлiк алып, құлап кетiп жатыр. «Жоқ, бұл болмайды екен!»
Бұл мәселенi тездетiп жолға қойдым. Бiрiншi жылы 1-курсқа түскен балалардың қатарын 63,5 пайызға көтердiм. Қазақ оқытушыларын алдырттым. Бұл қазақ студенттерiнiң де еңсе түзеуiне әжептәуiр сеп болды. Есесiне, облыстық партия комитетi мен басқа да құзырлы өкiлдердiң та-рапынан қудалауға түстiм. Өршiп кеткенi сонша, мен туралы дақпырт Алматыға, Қонаевқа жеттi. Ақтөбеге Қонаевтың алдынан кеттiм ғой. Содан, ол кiсi «Шармановқа не кiнә қоясыңдар?» дегенде «жұмысының бәрi жақсы, бiрақ, барып тұрған ұлтшыл» дептi. Димекең, ақсақалдықтың шыңына жеткен кiсi ғой, шiркiн, «Ә! Маған керегi – дәл осы қасиет!» деп, менi дереу Алматыға қайта шақыртып, Денсаулық сақтау министрi етiп тағайындады. Мұны маған кейiн өзi сыр қылып айтты. Кейiнiрек, Мәскеуге кеткенiм де кейбiр азаматтардың көре алмаушылығынан, қудалаудың кесiрiнен болды.
– «Жылағанды сұрама, күлгендi сұра» дейдi қазақ. Дегенмен, айтыңызшы, қудалауға түскенде не ойладыңыз?
– Қудалауға түскенде сынып, мүжiлiп кетпей, жығылып қалмай, аман сақталғаныма рахмет айтамын. Адам қыспаққа түскенде сабырға жеңдiрiп, абыройын, кiсiлiк қасиетiн жоғалтпауға тырысуы керек. Жайшылықта, кеңшiлiкте мән бермеген осы қасиеттердi қыспақта жүргенде шама келгенше шыңдай бiлген жақсы. Әрине, қыспаққа, көре алмаушылыққа ұшырау, соның кесiрiнен туған жерден жыраққа кету қайбiр жақсы дейсiң? Сенiң сағыңды сындырушылар қолдан келгендi жасап бағады ғой. Барлық кезде төтеп беру оңай деймiсiң? Өз елiңнiң адамдарынан таршылық көрiп келгенiңдi бiлген соң, азу тiсi сақылдап тұрған Москва сенi аямайды. Он-дайда өзiңдi сақтаудың өзi күш. Жан-жақты қыспақтан шығуға тиiссiң!
Кейбiр адам жүгiрудi тек спорт, дене шынықтыру деп санайды. Жоқ, жүгiру адамның бойын да, ойын да сергiтедi. Мәскеуде тоғай көп. Мен сабыр-төзiмiм ширыққан кезде тоғай iшiнде өзiммен өзiм желе жүгiрiп қайтамын. Жүгiргенде адам бойында эндорфин түзiледi. Қарапайым тiлмен айтқанда, эндорфиндi «шаттық гармоны» деп атауға болады. Жүгiрген кезде буын-буыныңды құрсаған мазасыздық, күйректiк ығысып шығады да, сергектiк сезiнесiң. Сергектiк – көңiл-күйдiң көтерiңкiлiгi. Сондықтан, анау-мынау адамға бола, жүйкеңдi тоздырма. Серпiлiп, сергек жүр. Сергек адамға пенделiк күйкiлiк күлкiлi болып та көрiнетiнi бар. Сол себептi, саған түйiлiп жүрген адамға бола, тұтас халқыңды жек көрмеуiң керек. Қанша айтқанмен, кешегi абыройың бар адамсың. Сол абыройға елiңнiң, халқыңның арқасында жеттiң. Есiңе осындай ойды алып, езiлмеудi көксе. Сондай игi байламға жеткен кезде дәл осы қысымшылықтың жақсы-лық жағы да көп болатынына көзiң жетедi. Оны көп жағдайда өз басымнан өткiздiм.
– Мәселен?
– Мысалы, сыртта жүрiп, сенi қыспаққа түсiрген адамдардың не үшiн бұлай жасағанын түсiнесiң. Қолынан бар келгенi немесе амалының жеткен жерi осы екенiн бiлiп, кешiресiң. Сенiң қолыңнан келген нәрсенi жасай алмаған соң, бiлгенiн iстегенiн аңдайсың да, оларға кеңшiлiк етесiң. Бәрiн, бәрiмiздi сыйғызып отырған елiңе, жүрген ортаңа деген құрметiң артып, сабырлық, төзiмдiлiк орнығады. Алдыңда бұған дейiн жасаған iсiңнен де маңызды мiндеттер күтiп тұрған, атқаруға тиiстi жұмыстарға деген құштарлық оянады. Менiң сабыр, ақыл, парасат, шыдамдылық деген қасиеттерден ажырап қалмауыма сол кезде өзiмнiң бауырымда болған Алуа деген алты жасар немерем себепшi болды. Қазiр Америкада тұрады. Сол кiшкентай қызым 1-класқа барады. Мектепке апарамын ғой. Екi мектепте оқыды. Екеуiнде де үздiк оқыды. Бiр күнi борандатып мектепке келе жатырмыз. Мәскеуде қайдағы қазақ мектебi болсын! «Қалқам, сабағың қалай?» деп, орысша сұраймын ғой. Сонда қызым «өзiмiздiң тiлiмiзде сөйлейiкшi, ата» деп сөйдедi. Осыған дейiн бәрiне төтеп берiп, езiлмеген жүрегiм шынашақтай баланың сөзiне уылжып, езiлiп кете жаздады. Бiр күнi Мәскеудiң көшесiнде келе жатсақ, «Ата, балмұздақ әпершi?» дедi. Әдейiлеп қазақша айтып тұр. Ал, ендi, баланың өзi осылайша, елiне, тiлiне ниетi ауып тұрғанда, пенделердiң тiрлiгiне бола, мен қайтiп жұртымды жек көрейiн! Сонда тiп-титтей жүрегiнiң қай жерiнде отаншылдық сезiм ұялап тұр екен деймiн. Мен соған осы уақытқа дейiн таңғалам. Таңғалам да, Алуамның ана тiлiне деген ынтасы менiң, әжесiнiң, үлкен әжесiнiң бауырында өскенiнен, солардан сiңген, атадан жеткен тек деп бiлемiн. «Тiлiмдi, елiмдi сүйемiн!» деп, бiрақ сол үшiн түк бiтiрмей жалаң ұрандатқандарға көңiлiм құлазып кетедi.

Әңгiмелескен
Раушан ТӨЛЕНҚЫЗЫ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button