Қоғам

Торғай өнерпаздары елордада өнер көрсетті

 Астанадағы Жастар сарайында Торғай өңірі өнерпаздарының концерті өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz

Кеш әйгілі «Ғасырлар пернесі» ансамблінің орындауындағы «Ақсауыт» күйімен ашылды.

Жангелдин ауданы әкімінің орынбасары Еренбол Алматов жарты ғасырлық тарихы бар ансамбльге Қазақстанның халық ақыны Қонысбай Әбілдің есімі берілгенін атап өтті.

Концерт барысында Нұрхан Ахметбеков атындағы Мәдениет үйінің өнерпаздары «Ұлылар ізімен» атты прологын ұсынып, ұлттық мұраға деген ерекше құрмет көрсетті. Бұдан бөлек, «Балқадиша» жетігеншілер тобы, «Еркеназ» үлгілі би ансамблі, Бақытжан Байқадамов атындағы камералық хор, республикалық және халықаралық байқаулардың лауреаттары өнер көрсетті. Күй тартыс шеберлері Әділ Ақанов пен Перизат Қалабайқызының орындауы көпшілікті тәнті етті.

Кеш барысында Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына арналған «Ахмет әндері» байқауының жеңімпаздары мен жергілікті композиторлардың шығармалары орындалды. Сонымен қатар, концертте Қонысбай Әбілдың әйгілі «Бала махаббаты» әні Халықаралық байқаулардың лауреаты Жәуке Оңдағанның орындауында өз орындаушысын енді тапқандай әсер берді.

Бұдан бөлек Республикалық байқаулардың жеңімпазы Фариза Бүркітбайдың орындауында Болат Хамзиннің «Шолпаным – жұлдызым», Серікболсын Әбікеннің орындауында «Ұялмашы, қалқатай» әндерінің тұсауы кесілді.

Концерт соңында Алмас Сейілхан, Алмас Нұрлан, Фариза Бүркітбай, Мейрамбек Бейсенбек және Мирас Әбдікәрім сынды бірқатар өнерпаздарға ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Оқу-ағарту министрлігінің Алғыс хаттары табысталды.

Астана қаласының ардагерлері, Халық ақыны Қонысбай Әбілдің туыстары және Торғай селосының 1964 жылы туған азаматтары өнерпаздарға ықылас гүлдерін тарту етті. Бұл кеш Торғай өнерпаздарының асқақ рухы мен өнерін паш еткен ұмытылмас мәдени оқиға болып есте қалды.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Check Also
Close
Back to top button