Әлеумет

Төрлетудің төрт тәсілі

Еліміздегі жастар 14-29 жас аралығын қамтып, бүгінде ел халқының 30 пайыздан астам көрсеткішін құрап отыр.
Жалпы, жастар саясатына берілген анықтама – мем­лекет жүзеге асыратын және жастарды қолдауға бағыттал­ған әлеуметтiк-экономикалық, саяси, ұйымдастырушылық
және құқықтық шаралар жүйесi қызметінің аясы.

Ал, әлемдегі жастар мәселесін шешу қадамдары – жоғары кәсіби білім, айлық еңбекақысы тәуір төленетін тұрақты жұмыс, отбасын құруға қажетті жеке үйі мен салауатты өмір салтын жүргізуге арналған мүмкіндік болып табылады. Ал, біздегі жастар саясатын жеткілікті деңгейде дамыту барысы төмендегіше жіктелуі тиіс…
Біріншіден, кез келген ма­ңызды шаруаны барынша қаржы­лан­ды­рып, оның желге ұшып кетпеуін қатаң қадағалап отыру керек. Мысалы, Голландия мен Испанияда жергілікті аймақтар өзіне қажетті ресурстарды үкіметке жібереді. Содан соң, ол талқыланып, реттеуші шешім шығарылады. Бұл мәселе Францияда да аймақтар мен үкімет арасындағы ынтымақтастық пен байланыс негізінде реттеледі. Сол сияқты біз де қаржыландыру барысында аймақтардың мұқтаж­дықтарын баса ескеруіміз қажет-ақ.
Екіншіден, Қазақстанда жас­тар ісімен Білім және ғылым министрлігінің жастар саясаты департаменті, ҚР Президенті жанындағы Жастар кеңесі, Мәде­ниет министрлігі жанындағы жас­тар комитеті сынды құрылымдар ­айналысады. Енді жастар саясаты жұмысын бір жүйеге келтіре отырып, соларды біріктірген жөн. Ал, ондай біріккен жүйе Жапония, Сингапур, Малайзия елдерінде жастар саясатымен құрылымдық-жүйелік түрде жұмыс істеу нәти­жесінде туған.
Үшіншіден, толып жатқан жас­тар ұйымдарының басты бір ор­талығын анықтап алмаса, болмайды. Себебі, олар өз саясатында басты орын ала отырып, тікелей жастар тарапынан көтерілген мә­селелердің ортақ қырларын біле алады. Әлемдік тәжірибеде мұндай орталықтардың жастар саясатын орындауда да аса маңызды рөл атқаратыны белгілі. Ал, Қазақстанда шашыраңқы ұйымдар өздерінше бір мәселе көтергендерімен, өз пікірлерн негіздеп, мемлекеттік органдармен тең дәрежеде тілдесу, жұмыстарының көлеңкеде қалып коймауын қадағалау жағы кемшін соғып жатқаны жасырын емес.
Төртіншіден, әлеуметтік, эко­номикалық, мәдени, саяси құн­дылықтар мәселесін біртұтас жүйе ретінде қарастырған тиімді. Сол арқылы әрбір жеке секторға көңіл бөлу басымдығы артады да, билік құрылымдары жастар мәселесін оларға тең дәрежеде қарау әрі арнаулы заң жобасын талқылауға белсенді түрде қатыстыру арқылы шеше алады.
Міне, жастар да қоғам қарым-қатынасындағы келелі фактор бол­ғандықтан, олардың ой-мұраты елеусіз қалмауы тиіс, әлі де ақсаң­қырап жатқан саясатын осылайша күн тәртібіне қойып алсақ, ұтылмаймыз.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button