23 маусым - полиция күні

Төрт аяқты көмекшіден қайыр көп

Қазақ жеті қазынаның біріне балайтын ит – адамның досы ғана емес, адал көмекшісі де. Әсіресе құқық қорғау органдары саласындағы иттердің қауіпсіздікті сақтаудағы үлесі орасан зор. Елордадағы кинологиялық қызмет орталығында күн сайын қылмыскерді де, хабар-ошарсыз кеткен адамды да іздеп, жасырылған есірткіні де иіскеп табатын сақшы-иттердің саны 50-ден асады.

[smartslider3 slider=3305]

 

Бұл иттер елордалық полиция қызметкерлерімен бірге қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті сақтауға атсалысады. Мұның бәрі олардың тәлімгерлері – кинологтардың шеберлігі, жанқияр­лығы мен қажырлы еңбегінің арқасында мүмкін болады. Қыз­меттік иттер бірнеше бағытқа бөлініп, қауіпсіздікті сақтауға жұмылдырылады. Атап айтқанда, жарылғыш немесе есірткі заттарын іздейтіні бір бөлек болса, қылмыскерді іздейтін із иттері, сондай-ақ құқық бұзушыларды ұстайтын иттер де бар. Иттер, тұқымына қарамастан, қызмет көрсетуге екі айдан бастап дайындалады. Бірінші күннен кинологтар оларды адамдармен байланысуға және шылбырға үйретеді. Жаттығуды бастамас бұрын иттер мұқият іріктеледі. Жалпы әр иттің өзіндік мінезі болады. Сол мінезіне байланысты қандай қызмет атқаратыны анықталады.

Кинологиялық қызмет орталығындағы иттердің көпшілігі – неміс және бельгиялық овчаркалар, ротвейлер, лабрадорлар. Сондай-ақ орталықта Акбар, Арабика және Тайсон атты 3 төбет ит бар.

«Төбеттер қолға өте жақсы үйретіледі, оларда түйсік, көру, есту қабілеті жақсы дамыған әрі өте төзімді болып келеді, берілген тапсырманы мұқият орындайды» дейді Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департаменті кинология қызметінің бастығы Максим Зубов.

Оның айтуынша, қызмет еткен жылдар ішінде төбеттер өзін жақсы жағынан көрсетеді. Тайсон төбеті уақытша ұстау изоляторын күзетеді. Акбар есірткі іздеуге қатысады, ал Арабика одорологиялық сәйкестендіруге дағдыланған, адамдарды иісі бойынша іздейді. Төбет – иттің ерекше тұқымы, денелері ірі, өте ақылды да ақкөңіл болады.

Тағыда

Пікір үстеу

Back to top button