Тосын сый

Демалыста әлеуметтік желіде өте жағымды ақпарат тез тарады. Ол – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың әлемдік деңгейдегі әнші, қазақтан шыққан мегажұлдыз Димаш Құдайбергенге тазының күшігін сыйлауы. Димаш аппақ тазының атын «Ғарышкер» деп қойыпты. Бұл туралы ол Instagram желісіндегі парақшасында өзі жариялады.
«Достар, танысып қойыңыздар, бұл – менің жаңа досым. Табиғаттың бұл ғажабын, яғни тазының күшігін маған Қасым-Жомарт Кемелұлы сыйлады. Тазы – біздің ұлтымыз үшін құндылық, бабадан қалған «жеті қазынаның» бірі. Қазіргі күні Қазақстанда тазыны сақтап қалуға және халықаралық дәрежеде мойындауға баса көңіл бөлініп жатқаны қуантады. Себебі бұл қазақы тұқым тән сұлулығымен, ұстамдылығымен ерекшеленеді және менің байқауымша, өте ақылды келеді. Ата-бабамыз тазыны қастерлеп, жақсы көрген. Бұл ит киіз үйге еркін кіре алған, бұл оның тазалығын білдіреді. «Тазы» атауы парсы тілінен енген, мағынасы – «шапшаң», «епті». Осындай баға жетпес сыйлық үшін Президентімізге алғыс айтамын!» дейді Димаш Құдайберген.
Жағымды жаңалық желіде тез таралды, Димаштың жазбасына комментарий жазып, репостпен бөліскендер өте көп. Олар «Сүйкімді екен!», «Керемет, өте бағалы сыйлық!», «Қазақты аштықтан сақтаған, сенімді серік болған жеті қазынаның бірі – тазыны текті ұлға сыйлағаны – тебірентерлік оқиға!», «Ойға алған мақсат-мұратыңа жет, ән кеңістігінде заңғар биікке самғай бер!», «Иттер – иесіне адалдықтың, шексіз махаббаттың символындай жануар», «Жүйрік ат, жүйрік тазың бар, енді үй болып, үйленіп, перзент сүю бақыты нәсіп етсін!», «Ғарышкер» Димаш фанаттарының сүйікті жануарына айналды» деген тосын сыйлыққа қуанған қазақстандықтар, шетелдік өнерсүйер қауым қуана жазысты.
Мемлекет басшысының миллиондаған жүректі жылытып, көңіліне сәуле құйған бұл жаңалық, бұл бағалы сыйлық еліміздің алтын ұлына деген құрметін, айрықша ілтипатын көрсетеді. Сондықтан да ақ тазымен желіге жүктелген Димаштың фотосы мыңдаған, миллиондаған жер шары халқының көзайымына айналды.