Басты ақпарат

Төте жазу – ұлт мұрасы

Қазақ халқының әлеу­меттік, мәдени өмірі, ғылымы мен білімі үшін жан аямай қызмет еткен ірі қайраткер, ғұлама ғалым, ұлт ұстазы Ахмет ­Байтұрсынұлының ең шоқтықты еңбектерінің бірі араб графикасына негізделген қазақтың ұлттық жазуы – төте жазу жүйесін дайындауы десек, артық айтқан болмаймыз.

[smartslider3 slider=2992]

Байтұрсынұлы қисыны

Түркі халықтарының араб жазуын тұтынуы ХІ ғасырдан басталғаны тарихтан белгілі. Алайда ғасырлар бойы қолданыста болған араб графикасының негізіндегі дәстүрлі жазу үлгісінің халықты жаппай сауаттандыруға кедергі келтіретіндей кемшіліктері де болды, ең бастысы, дәстүрлі араб жазуы қазақ тілінің фонетикалық жүйесін, әсіресе оның үндесім заңын ашып көрсете алмайтын. 1895-1909 жылдар аралығында Ақтөбе, Торғай өңірінде әр сатылы мектептерде бала оқытып, ағартушылық қызметпен айналысқан А.Байтұрсынұлы дәстүрлі жазудың олқылықтарын жете барлап, дәп басады. Бұл туралы ол «Қазақша оқу дегенде мен осы күнгі мұсылманша оқып жүрген жолмен оқуды айтпаймын, қазақтың тіліменен оқуды айтамын. Бұл күнгі мұсылманша оқып жүрген жолдың бұлғалақ-жырғалағы көп, оныменен жүріп хат жаза білуге жеткенше, орысша білуден уақыт кем кетпейді… Сондықтан оқу керегі даусыз болса, оқуға керек құралдарды сайлау керектігі де даусыз» деп жазады. Ахаң 1910 жылдан кейін қазақ жазуын реформалауға бет бұрып, 1912 жылы «Айқап» журналында өзі құрастырған ұлттық әліпби жобасын «Жазу тәртібі» деген атпен мақала түрінде қазақ жұртына ұсынады, осы жылы Орынборда «Оқу құралы» деген кітабын шығарады. 1912-1925 жылдар аралығында 9 мәрте қайта басылған осы еңбек, шын мәнісінде, қазақ қоғамында ұзақ ғасырлар қолданылған қадим және жәдид үлгісінен кейін қазақ тілінің фонетикалық ерекшелігіне бейімделген төте жазу жүйесінің қалыптасуы мен орнығуының бастауы болды. Қазақ балаларына өз ана тілінде хат танып, білім алудың төте жолы ашылды, тұтас бір кезеңнің рухани мұрасы осы жазуда хатқа түсті.

Ұлт ұстазы ұсынған жазу жобасының маңызы туралы көрнекті ғалым Әлімхан Жүнісбек былай деп жазады: «Славян жазуын Кирилл мен Мефодий тауып берсе, бүкіл түркі жұртына үлгі болған қазақ жазуын жалғыз Ахмет Байтұрсынұлы жеке шешті. Бұл жерде Ахаң ұсынған араб әліпбиінің тұрқын айтып отырған жоқпын. Ахаңның қазақ тіліне дән лайық жазудың емле-ереже қисынын тапқанын айтып отырмын. Ахаң тапқан жазу қисыны әліпби таңдамайды, өзімізге белгілі кез келген әліпбиді Ахаң қисынына салып, қазақ тіліне пайдалана беруге болады. Сондықтан мен тілтанымға «Байтұрсынұлы қисыны» деген дәйектеме енгізіп отырмын. Ахаңның жазу қисынын кезінде орыс ғалымдары математикалық формулаға салып, әлемдегі ең озық және ең ықшам әліпби деп бағалаған».

1912 жылы қолданысқа енген А.Байтұрсынұлы әліппесі қиян-кескі талас-тартыстардан кейін, 1924 жылы Орынборда өткен қазақ білімпаздарының съезінде ресми түрде бекітіліп, ұлттық жазу мәртебесін алады. Алайда әліппе төңірегіндегі дау осымен доғарылмайды, айтулы даудың төрт негізгі бағытын атау­ға болады: бірінші, дәстүрлі араб жазуын өзгеріссіз қалдыру; екінші, араб жазуын қазақ тіліне бейімдеу; үшінші, латынға көшу; төртінші, орыс әліпбиін қабылдау

1912 жылы қолданысқа енген А.Байтұрсынұлы әліппесі қиян-кескі талас-тартыстардан кейін, 1924 жылы Орынборда өткен қазақ білімпаздарының съезінде ресми түрде бекітіліп, ұлттық жазу мәртебесін алады. Алайда әліппе төңірегіндегі дау осымен доғарылмайды, айтулы даудың төрт негізгі бағытын атауға болады: бірінші, дәстүрлі араб жазуын өзгеріссіз қалдыру; екінші, араб жазуын қазақ тіліне бейімдеу; үшінші, латынға көшу; төртінші, орыс әліпбиін қабылдау. 1929 жылы 24 қаңтарда Қазақстан Орталық Кеңес Комитетінің ІV сессиясында жазудың жаңа үлгісі «Латын әрпі негізінде құрылған жаңа қазақ әліпбиі деп саналсын» деген қаулы шығарылып, қазақ қоғамы жаппай латынға көшуге міндеттеледі. 1940 жылы 13 қарашада «Латындырылған қазақ жазбасын орыс графикасы негізіндегі жаңа әліпбиге көшіру туралы» Заң қабылданып, «Қазақ елінің өтініштері негізінде орыс графикасына көшірілу қанағаттандырылсын» деген желеумен ұлттың рухани өміріне шабуыл жасала бастады.

Қазақ жазуының Қытайдағы қилы тарихы

1929 жылы арнайы қаулымен ұлттық жазу мәртебесінен айрылғанмен, төте жазу жүйесі қолданыстан шығып қалған жоқ, бейресми түрде 1950 жылдардың орта шеніне дейін латын және орыс графикасына негізделген қазақ жазуларымен жарыса қолданылды, қазақ баспаларынан төте жазуда басылған кітаптар үздік-создық шығып тұрды. Төте жазу жүйесін шетелдегі қазақ диаспоралары да қолданды, әсіресе, Қытайдағы қазақтар үшін ұлт ұстазының жазу үлгісі тағдыршешті мәнге ие болды. Әрине, Қытайдағы қазақ жазуының тарихы қашанда күрделі де қым-қуыт саяси құбылыстармен тығыз байланысты болғанын қаперден шығармаған жөн.

1990 жылдардың басында қазақ, ұйғыр, қырғыз жазуларында компьютерлік ақпаратты өңдеудің ұлттық стандарты әзірленді, бұл тиісті тілдерде бағдарламалық жасақтамалар әзірлеудің ортақ стандартын өмірге әкелді

1933 жылғы «Сәуір төңкерісінен» кейін билікке келген саяси алаяқ Шэн Шицай өз үстемдігін нығайту үшін Кеңес Одағына арқа сүйеуді жөн көргендіктен, Шығыс Түркістан өлкесінде Кеңес Одағының ықпалы арта түседі, бұл өз кезегінде арғы беттегі қазақтың оқу-ағартуы мен баспасөзінің қалыптасуына, дамуына оң әсер етті, жәдид және төте жазу жүйесімен оқытатын мектептердің қатары көбейді, төте жазу жүйесіндегі қазақ газеттері шығарыла бастады. Бірақ төте жазу бірден қабылдана салған жоқ. 1920 жылдары қазақ қоғамында шырқау шегіне жеткен әліппе дауы енді арғы бетте жалғасты. Қытайдағы қазақ интеллигенциясының алғашқы қарлығаштарының бірі, тарихшы-ғалым Қабимолла Мәнжібаевтың жазуынша, дауға қадим үлгісімен ауызданған, араб, парсы сөздеріне үйір ескі жүйенің өкілдерінің қарсылығы түрткі болады, даудың басы қазақ тіліне «چ، ح، ف، ھ» (Ч, Х, Ф, Һ) таңбалары керек пе деген сауалдан басталып, әрі қарай емле ережесі мен сөздік қор мәселесіне ұласады. Баспасөздегі талас-тартыс 1940 жылдардың орта тұсына дейін үзілмей жалғасады.

1940 жылы Қазақстанда орыс графикасына негізделген жаңа әліпби жасалып, Ч, Х, Ф, Һ таңбаларының қазақ жазуына енуі осы таңбаларға байланысты Қытайдағы қазақтар арасында етек алған дау-дамайға нүкте қойғандай болады. Осы дауға 1940 жылдардан кейін белсене араласқан тілгер-ұстаз Әнуар Көкеев төте жазудың жаңа емле ережесін дайындауға білек сыбана кіріседі. 1950 жылы Ә.Көкеевтің ұсынуымен төте жазу жүйесіне «ۆ» (В) таңбасы енгізіледі. Ол 1954 жылы «Қазақ тілі емлесін дұрыс қолдану ережелері» деген еңбегін жарыққа шығарады. Осы еңбек өлкеде жаңа тәртіп орнатуға мүдделі болып отырған жергілікті биліктен қолдау тауып, «Ережені» жаппай қолданысқа енгізу туралы арнайы жарлық шығады. Сөйтіп, А.Байтұрсынұлы ұсынған төте жазу жүйесінің негізінде 33 таңбадан тұратын қазақ жазуының әліппесі ресми түрде қабылданып, арғы бетте қазақтың ұлттық жазуы мәртебесіне ие болады.

Кеңес-Қытай арасындағы «бал жаласқан достық» екі беттегі ағайынның жазуын біріктіру мәселесін күн тәртібіне қояды. 1958 жылы Қытайдағы қазақ зиялылары кириллге көшу туралы бастама көтеріп, орыс графикасына негізделген қазақ жазуы пилоттық жоба ретінде қолданысқа енеді. Алайда көп өтпей «қызыл империялардың» арасынан қара мысық өтіп, бір-біріне қып-қызыл жау болып шыға келеді де, қолға алынған игілікті шаруа аяқсыз қалады. 1959 жылы латын графикасына, шындығында қытай тілінің фонетикалық таңбалар жүйесіне негізделген қазақ жазуының жобасы дайындалды, ол жаңа жазу деп аталды. Біраз жыл төте жазумен қатарласа қолданылған жаңа жазу Қытай Мемлекеттік кеңесінің қаулысымен 1964 жылы ұлттық жазу ретінде бекітіледі. 1982 жылға дейін қолданыста болған жаңа жазу қазақ тілінің ішкі динамикасына, фонетикалық жүйесіне үйлес келмегендіктен және осыған тұспа-тұс Қытай қоғамында әпербақан, әсіре саяси науқандар жиілеп, ұсақ ұлттардың әлеуметтік, мәдени мүддесі өрескел түрде табанға тапталғандықтан, іс жүзінде арғы беттегі ағайынның баспасөз мәдениетін тұралатып, тығырыққа тірейді, тіл шұбарланып, сөйлем қатары қытай сөздерімен аяқ алып жүргісіз халге жетті.

Атышулы «Мәдени революция» аяқтап, Қытай қоғамы экономикалық реформа мен «Ашық есік» саясатына бет бұрғаннан кейін, Шыңжаң ұйғыр автономиялық регионындағы қазақ, ұйғыр зиялылары араб графикасына негізделген ұлттық жазудың мәртебесін қалпына келтіру мәселесін көтере бастайды. 1982 жылы 13 қыркүйекте ШҰАР Халық үкіметі төте жазу жүйесін қалпына келтіру туралы шешім шығарды. 1983 жылы сәуір, маусым айларында өткен қазақ зиялыларының арнайы конференциясының шешімімен «Қазақ тілі емлесінің негізгі ережелері» жасалып, А.Байтұрсынұлы әліппесіне негізделген төте жазу ұлттық жазу мәртебесін қайтып алды. Қытайдағы қазақтар 40 жылдан бері осы «Емле ережесін» аздаған толықтырулармен әлі күнге қолданып келеді. Осы 40 жылда Қытайдағы қазақ баспасөзі қайта түлеп, мерзімді басылымдардың саны мен сапасы айтарлықтай өсті, емле ережесі бір ізге түсті, бастауыш сатыдан ЖОО-на де­йін төте жазумен қазақ тілінде оқулықтар шығарылып, терминология жүйесі қалыптасты, қазақ қаламгерлерінің еңбектері төте жазумен көпшілік қауымға ұсынылды. Қазақ жазуының ақпараттық-технологиялық мүмкіндігі де кеңейді.

Төте жазу – ақпараттық кеңістікте

Төте жазудың мәртебесі қалпына келгеннен кейін көп өтпей қазақ жазуын ақпараттық өңдеу жүйесінде қолдану мақсатындағы ізденіс бастады. Бір ескеретін жайт, Қытайдағы ұйғыр, қырғыз жазулары да араб графикасына негізделген төте жазу жүйесіне жататындықтан, ақпараттық технологияда осы халықтардың ұлттық жазулары қашанда тағдырлас, қадамдас болды. Шыңжаңдағы этникалық азшылықтардың, соның ішінде қазақ, ұйғыр, қырғыз халықтарының жазуларын компьютерде өңдеу жүйесін дайындау үшін Шыңжаң университетінен құрылған ғылыми тапсырмалық топтың жұмысына әу баста қазақ ғылымы Сұлтан Жанболатов жетекшілік етті. Кейінірек С.Жанболатовтың әкімшілік жұмысқа ауысуына байланысты, топ жетекшісі болып ұйғыр ғалымы Ошыр Ислам қызмет етті. 1989 жылы Қытайдың ұлттық техникалық қадағалау бюросы Шыңжаң университеті мен Шыңжаң Аз ұлт тіл-жазу комитеті бірлесіп дайындаған «Ақпараттық өңдеу мен ақпарат алмасуға арналған ұйғыр жазуының кодталған графикалық таңбалар жиынтығын» ұлттық стандарт ретінде бекітті.

1990 жылдардың басында қазақ, ұйғыр, қырғыз жазуларында компьютерлік ақпаратты өңдеудің ұлттық стандарты әзірленді, бұл тиісті тілдерде бағдарламалық жасақтамалар әзірлеудің ортақ стандартын өмірге әкелді. 2005 жылдың сәуір айында ақпарат алмасуға арналған «Ұйғыр, қазақ және қырғыз жазуларының кодталған таңбалар жиынтығы, базалық жиынтығы және кеңейтілген жиынтығы» мен «Ұйғыр, қазақ және қырғыз жазуларының шрифтері мен таңба нысандары» бекітілді; соның арқасында қазақ жазуын таңбалауға қолданылатын компьютерлік кодтың бір ізге түсуіне жол ашылды. Әсіресе, кодтарға қолданылатын юникод стандартына сай Microsoft Uighur, Scheherazade, UKIJ, ALKATIP, kazakhsoft т.б. енгізу жүйелерінің жасалуы мен өзара үйлестірілуі төте жазудың ақпарат алмасу және ақпараттық өңдеу саласындағы мүмкіндігін кеңейтті; қазіргі күнде ұлт ұстазының көзіндей болған төте жазу Microsoft Windows, macOS, Android, iOS т.б. операциялық жүйелерде және көптеген компьютерлік, мобильдік бағдарламаларда кедергісіз қолданыла береді.

Ақпараттық технология саласындағы соңғы жаңалықтың бірі ретінде Қытайда тұратын қандасымыз Тәліп Нүсіпұлы негізін қалаған «Ойлан» ақпараттық технологиялар компаниясының төте жазуға арналған корректуралық құралын айтуға болады, дәлдігі жоғары және қарқыны жылдам бұл жүйе төте жазудың ақпарат кеңістігінде емлелік қатеден ада қолданылуына зор мүмкіндік ұсынып отыр.

Күдік те жоқ емес

Алайда ғасырдан астам уақыттан бері қазақпен бірге жасасып, шеттегі, әсіресе Қытайдағы қандастарымыз­дың рухани әлемінің темір қазығына айналған төте жазу жүйесінің болашақ тағдыры үшін алаңдауға негіз боларлық фактілер жоқ емес, өте-мөте Қытайда төте жазумен қазақ тілінде білім беретін мектептердің жаппай жабылуы салдарынан, ұрпақ сабақтастығы мен рухани дәстүрдің алтын арқауы іспеттес төте жазу алдағы ширек ғасырда қолданушысы сиреген «өлі жазулар» қатарына қосылуы бек мүмкін. Жаңаның ескіруі, ескінің жойы­луы өмір заңы дегенімізбен, тұтас бір халықтың, соның ішінде Қытайдағы бір жарым миллион қазақтың рухани қазынасы хатталған ұлттық жазудың қолданыстан шығып қалу мүмкін екенін, әсіресе арғы беттегі қазақ өнерінің інжу-маржаны қатарындағы хұснихат (хаткерлік) дәстүрінің де әліппемен бірге тамыры қиылуға шақ қалып тұрғанын ойлағанда ішіміз удай ашиды.

Сондықтан тілші, тарихшы, филолог ғалымдарымыздың ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының ұлы мұрасы – төте жазудың Қытайдағы тарихына мойын бұруы өте өзекті деп санаймыз, өйткені өз отанында отаршыл-коммунистік жүйенің саяси пиғылына байланысты шеттетілген ұлттық жазудың шеттегі қазақ ортасында күні бүгінге дейін қызмет етіп келуінің өзі керемет құбылыс емес пе? А.Байтұрсынұлы феноменінің мәнін ашуда, осыны ескермеу­ге бола ма екен? Бір ғасырда төрт мәрте әліпби ауыстырған Қытайдағы қазақтардың әлеу­меттік өміріндегі аса маңызды осы оқиғалардың тізбегін Кеңес-Қытай қатынасы мен әлемдік геосаяси өзгерістер тұрғысынан зерделеу де өзекті әрі қызықты тақырып болар еді. Сондай-ақ төте жазудың ақпараттық кеңістіктегі әлеуе­тін одан сайын арттырудың жолдарын қарастыру, Байтұрсынов әліппесі мен қазақтың хұснихат өнерін материалдық емес мәдени мұралар тізіміне енгізудің мүмкіндігін іздестіру, Қытайда төте жазумен басылып шыққан рухани құндылықтарымыздың каталогын дайындау да қажетті және мәнді шаруа деп ойлаймыз.

Ұлт ұстазының ұлы мұрасы жоқтаусыз қалмаса екен!

Ерлан МАЗАН

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button