Триатлон саябағында Streetball ерекше жарысы өтті
Астанада стритболдан Триатлон саябағында қызықты жарыс ұйымдастырылды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Балалар мен жасөспірімдер арасындағы Streetball сайысы жай ғана қарапайым ойын емес, керісінше спорттық рухқа, энергияға толы дода.
Олимпиада бағдарламасына кіретін 3х3 баскетболдан тек Астана қаласының командалары өзара сынға түсті. U13 санатында 16 команда тіркелсе, U16 санатында 22 команда жүлдеге таласады. Жарыс талабы бойынша, құрамалар алдымен топтық кезеңде сайысқа түссе, артынша плей-офф арқылы жеңімпазды анықтайды. Ойын 10 минуттық 1 кезеңнен тұрады.
«Қазіргі таңда елордамызда көше баскетболымен айналысу үшін барлық жағдай жасалған. Бүгінгі турниріміз спорттың осы түрімен айналысатын азаматтарға серпіліс беретініне сенеміз. Жарысымызда топ жару үшін тек физикалық күш қана жеткіліксіз. Бұл жерде командалық рух пен темірдей тәртіп те керек. Осы арқылы қаламызда жаңа жас таланттарды анықтап, қатысушылар салауатты өмір салтын ұстанатын, зиянды әрекетке бармайтын орта табатынына сенеміз. 3х3 баскетболдан жақында ғана Париж Олимпиадасында бұған дейінгіден мүлдем бөлек жаңа жүлдегерлер шықты. Бұл да ешқандай фаворит жоқтығын, турнирдің тосын сыйларға толы болатынын, соңғы ойынға дейін әр матч тартысты өтетіндігін дәлелдейді», – деді жобаның ұйымдастырушысы Тимур Есімов.
Көше баскетболы 18-20 тамыз аралығында өтіп, бұл кезеңде ең талантты және мықты дайындалған командалар өздерінің шеберлігі мен жеңіске деген ұмтылыстарын көрсетеді. Ал 21 тамызда ең үздік деген ұжымдардың арасында суперфинал өтеді.
Турнир жеңімпаздарына 600 мың теңге ақшалай сыйлық қарастырылған.