Сұхбат

ТУБЕРКУЛЕЗБЕН АУЫРАТЫНДАР­ АЗАЙЫП КЕЛЕДІ

Бейбіт БҰЛДЫБАЕВ, Астана қаласы Туберкулезге қарсы диспансерінің бас дәрігері:

– Сәлеметсіз бе, Бейбіт Түсіп­ұлы?! Мен өзім қала­лық­­ тубер­кулезге қарсы дис­пан­­­сер­­дің­ қасындағы үйлердің бі­рін­­де тұрамын. Балаларым үшін алаң­дай­мын әрі осындай емдеу меке­ме­лері қаладан сырт­қа­ры-­рақ­ жерге орна­лас­қаны жөн деп есеп­тей­мін. Ал, сіздердің меке­менің маңында тұрғын үйлер көп, сол­ жер­ден балалар да­­ жиі жүреді. Осы дұрыс па?
– Өте орынды сұрақ. Бұл мәселе қазір шешімін тапты. Біздің диспансердің аумағы биіктігі 3 метр қоршаумен қоршалған. Күндіз-түні 3 күзет орыны жұмыс істейді. Біздің диспансер сияқты мекеме қаланың тұрғындары шоғырланған тыныш ауданның ортасына орын тебуі, әрине, дұрыс емес. Өздеріңіз де жақсы білесіздер, елордамыз көз ілеспес шапшаңдықпен дамып келе жатыр. Осыған байланысты біз қаланың ортасында қалып отырмыз. Алдағы 2014 жылдың аяғына таман Қырқыншы стансасында жаңадан салынған туберкулезге қарсы диспансер пайдалануға берілмекші. Сонда бұл мәселе өз шешімін табады деп ойлаймын.

– Ол қандай аурухана болады?
– Ол – әлемдік стандарттарға жауап беретін жаңа ғимарат. Онда аурухана қызметкерлерінің жұмыс істеуіне және науқастардың емде­луі­не барлық жағдай жасалған. Блок­тар ауру түріне қарай жеке-жеке бөлінген. Палаталар өте жай­лы,­ бір және екі орынды. 40 орын­дық остеохирургиялық бөлім­ше­сі бар бұл аурухананың жарақ­тан­ды­ры­луы қазіргі заман талап­тарына сай болады. Онда ком­пью­тер­­лік то­мог­ра­фия да бар. Қысқасы, мұнда сырқаттың сауы­ғуы­ үшін барлық жағдай қарас­ты­рылған.

– Есімім – Гүлдария. Қала­лық туберкулезге қарсы дис­пан­сер­де балалар­дың­ оқуын жал­ғас­тыруға мүм­кін­дік­тер­ бар көрі­неді. Осы туралы айта аласыз ба?
– Біздің диспансерде оқу үде­рі­сін­ үз­бей жалғастыруға жағ­дай­ жа­сал­ған. Сондықтан оны уайымдаудың қажеті жоқ. 1-11-сыныпқа сабақ екі тілде таза, жарық және жеке корпуста жүргізіледі. Интернетке қосылған компьютер сыныбы бар, оқушыларға №32 мектептің тәжі­ри­белі ұстаздары дәріс береді.
Туберкулез кеселі адамның зер­де­сіне әсер етпейді. Бізде тіпті кей­бір балалар мектепті үздік біті­ріп­ жатады. Дегенмен, ауру­дың­­ фи­зи­калық мүмкіндіктерді төмен­де­те­тіні шындық, бірақ ем нәти­же­сін­де балалар күш-қуат жинап, дене салмақтарын қалпына кел­ті­ре алады.

– Астана қаласында туберкулезбен ауыратындардың қатары азаймай отыр дегенді бір жерден оқығанмын. Осы рас па? Қазіргі жағдай қандай?
– Иә, бір кездері осылай болған, бірақ қазір жағдай өзгерді. 2012 жылдың қорытындысы бойынша,­ тубер­ку­лез ау­руы­мен ауыратындар қатары 19,3 пайызға төмендеген. Мұндай тенденция 2013 жылдың бірінші тоқсанында да байқалады. Аймақтар бойынша алып қарайтын болсақ, ауру көрсеткіштері бойын­ша­ Астана қаласы Қызылорда және Қостанай облысынан кейінгі үшін­ші­ орында тұр.
Жалпы, туберкулез әлі де қоға­мы­мыз­дың күрделі әлеуметтік мәсе­ле­ле­рі­нің бірі болып отыр. Сон­дық­тан, біз осы кеселді әрі қарай ауыз­дықтап, ауру көрсеткішін төмен­де­ту­ге бар біліміміз бен күш-жіге­рі­міз­ді салып келеміз.

–Менің аты-жөнім – Мей­рам­­гүл Сағын­дық­қы­зы.­ Мы­на­­ны білгім келеді: елордада тубер­ку­лезбен ауыратын бөбек­тер­ге арналған балабақша бар ма?
– Әзірге мамандандырылған балабақша жоқ деуге болады. Бірақ, үстіміздегі жылы «Көктал -2» кентінде 220 орындық балабақша іске қосылады деп жоспарланған. Жақын арада тағы да 240 орындық балабақша құрылысы қолға алын­бақ­шы.

– Туберкулезбен ауырған адам­дар­дың барлық жұ­мыс­­­­­тар­­­­ды бірдей атқаруына рұқ­­сат­ етіл­мей­тінінен хабар­дар­мын.­­ Олар қандай жұмыстарға жібе­ріл­­­мей­ді?
– Қазақстан Республикасы Ден­сау­лық сақтау министрлігінің №218 бұйрығына сәйкес, егер азамат туберкулезбен ауырса, онда ол пер­зент­ха­на­ларда, бала­лар аурухана­сын­да, мектепке дейінгі балалар ұйым­да­рын­да және мектептің төмен­гі сыныбында жұмыс істей алмайды. Басқа меке­ме­лердің бәрінде де адам өзінің кәсіби қызметін жал­ғас­ты­ра­ алады.

– Қайырлы күн, Бейбіт Түсіп­ұлы! Менің аяғым ауыр. Өк­пе­ме рентгенография жаса­­туы­­ма бола ма?
– Иә, болады. Жүкті әйелдердің өкпесіне рентгенография бірінші жүктілік триместерінен кейін-ақ жасалады. Бұл ретте сізге ұрықты қор­ғай­тын қорғасын фартук кигізіледі.

– Сотталған азаматтарды жылы­на екі рет флю­ро­гра­фия­лық тексеруден өтуге мәж­бүр­лейді екен. Неге? Жалпы, ондай пациенттер қайда емделеді?
– Түзету мекемелеріндегі туберкулез жағдайы күрделі мәселе болып тұр. Сондықтан да олар жылына екі рет флюротексеруден өтеді. Сіздерге мынаны сенімді түрде ескерте аламын: мұндай жағ­дай­дағы сәулелену мөлшері тым аз, күн көзінде жүрген кездегіден көп емес. Ал, аталған санатқа жата­­тын азаматтар қылмыстық-атқа­ру­шы­лық жүйедегі арнаулы мекемелерде – туберкулезге қарсы маман­­дан­ды­рыл­ған бөлімшелерде емделеді. Астанаға жақын жерде, дәлірек айтсам, Степногор қаласының жанында сондай емдеу мекемесі бар.

Гүлбаршын ӨКЕШҚЫЗЫ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button