Түгел түркі ту көтерген жарыс
Ат тұяғымен алты құрлыққа жол салған, тізесі барды бүктіріп, белі барды идірген көшпенділердің олимпиадасы 8 қыркүйек күні «Астана Арена» стадионында ресми түрде ашылды.
Әрісі Австралия-АҚШ, жалпы Шығыс пен Батыстан жиналып, әлемнің 89 елінен 2500-ден астам қатысушы қатысқан, алыстағы ел келсем дейтін, жақындағы ел көрсем дейтін салтанатты іс-шараның ашылу рәсімін еліміздің «Қазақстан», «Қазспорт», «Хабар», «Ел арна», «Жібек жолы», «Silk Way», «Sport Plus» арналарымен қатар, Түркияның TRT AVAZ арнасы, Қырғызстанның 5 телеарнасы, халықаралық «Мир», «Мир 24» арналары, Ресейдің «Старт LIVE» спорт арнасы, Татарстанның «ТНВ Қазан» телеарнасы, Өзбекстан мен Түрікменстанның мемлекеттік арналары тікелей эфирде көрсетті.
Ұлттық дәстүр ұлағаты
Ең әуелі сағат 16:00-де қазақстандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен концерт өтті. Концерт аяқталысымен сағат 19:00-де ресми ашылу салтанаты болды. Шоу барысында сахна мен мультимедианың заманауи технологиялары қолданыла отырып, екі сағаттық музыкалық театрландырылған қойылым қойылды. Жалпы шоуға 3 мың әртіс қатысты. Сондай-ақ қалыптасқан дәстүр бойынша ашылу рәсімінде спорт делегацияларының шеруі өтті. Шеру барысында қазақ жерін мекен ететін түрлі этнос өкілдерінің балалары Қазақстан Республикасының туын алып шықты. Бұдан кейін еліміздің әнұраны шырқалды. Соңында Қазақстанның халық әртісі Димаш Құдайбергеннің орындауындағы халықтар достығы мен бірлігі туралы музыкалық композиция орындалды.
Ұлы дала жорығы
Шын мәнінде, бұл аталған ойындардың ресми ашылуы болмаса, V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының бастауы 3 қыркүйек күні Ботай-Астана бағытындағы «Ұлы дала жорығы» халықаралық бәйге марафонынан басталған.
Жорықтың жалпы қашықтығы 500 шақырымды құрады. Оны шабандоздар 5 күнде басып өтті. Нәтижесінде мәре сызығын бірінші болып Кабардин-Балкар командасы (уақыт: 27:58:23) кесіп өтті. Оның артынша Алматы қаласының құрамасы (уақыт: 28:04:40) келді, ал үшінші орынға Ақтөбе облысының командасы (уақыт: 28:26:57) тұрақтады. Төртінші орын Жетісу облысының спортшыларына (уақыт: 29:39:20), ал бесінші орын Маңғыстау облысының (29:43:40) қыздардан құралған командасына бұйырды.
Сондай-ақ бұл халықаралық бәйге-марафонда түрлі рекордтық көрсеткіш тіркелді. Мысалы, Қырғызстан құрамасы жарыс жолынан шығып қалғанмен, алғашқы 100 шақырымды 5 сағат 12 минут 23 секундта бағындырып, керемет нәтиже көрсетті. Одан кейін Астанадағы 10 гектар аумақта, «Қазанат» ипподромының жанында «Көшпенділер әлемі» атты этноауыл ашылды. Сөйтіп күн сайын этноауылда қазақ халқының мәдени мұрасы мен дәстүрлерін көрсететін «Шаттық керуені» шеруі өтті. Сондай-ақ «Өнер ордасы» атты басты сахнада күн сайын 12:00-ден 17:00-ге дейін еліміздің үздік аймақтық ұжымдарының өнер көрсететін «Думанды дала» концерті ұйымдастырылып, этнофольклорлық ансамбльдер мен би ұжымдары дәстүрлі этникалық стильде өнер көрсетуде.
Елді жалт қаратқан тағы бір жаңалық – Абай облысының тіккен киіз үйі. Жасанды интеллект мүмкіндігі таныстырылып, ұлт зиялылары мен Алаш қайраткерлерінің бейнелері нейрожелі арқылы жандана түсті. Сонымен бірге қасиетті жерлер мен киелі орындардың 360 градус нұсқадағы виртуалды көрінісі мен голограммасы әзірленген. Технологиялық жаңалықтар V Дүниежүзілік көшпенділер ойынына қатысқан қонақтардың үлкен қызығушылығын тудырды.
Спорт ойындарының ең алғашқы ойыны жамбы атудан басталды. 27 мемлекеттен 78 спортшы 8 қыркүйекте «Қазанат» ипподромы маңындағы этноауылда бәсекеге түсті. Сайыпқырандардың ішінде Қазақстан құрамасы сапында Айтбек Сарыбай, Ералхан Айкөз, Батыр Бексауыт, Абзал Тулыбеков болды. Осылайша дәстүрлі ат үстінде садақ ату жарысы 4 стильде өтті: корей стилі, түрік стилі, венгр стилі, қазақ стилі (жамбы ату). Команда құрамындағы 4 спортшы әр стиль бойынша бір спортшыдан сынға түсті. Ұзындығы 100 метр, ені 3 метрді құрайтын жарыс алаңында атойлап алға шығып, жамбы ату спортының мажар стилі бойынша француз мергені Raphael Malet алғашқы алтын медальді жеңіп алды. Ал күміс жүлдені Моңғолиядан келген Altankhuyag Nergui иеленсе, қола медаль Франция елінен келген Gaëtan Blot-қа бұйырды. Ал ұлттық құрама мүшесі Абзал Тұлыбеков үздік бестік қатарына енді.
Құрақ көрпешелер рекорды
Алдағы 3 күнде спортшыларымыз 3 стиль (азия, түрік, қазақ) бойынша бақ сынасады. Бұл жолғы көшпенділер ойындарының тағы бір жаңалығы – Гиннесс рекордын жаңартып, аналарымыздың құрақ көрпе тігуі. Оған Қазақстанның 19 өңірінен 8 жастан 85 жасқа дейінгі 450 құрақшы қатысты.
– Құрақ көрпе тігу, ою-өрнек салу – қазақтың ең ежелгі шеберлік өнерінің үлгісі. Біз бұл жолғы жарысқа Маңғыстаудан 26 шебер боп келдік. Қазақстанның 19 өңірінен алып келген құрақ көрпелерді тайқазанның түбіне алып келіп жайған кезде үлкен бір кілем болып шықты. Осылайша біз екінші дүркін Гиннесс кітабына кіріп отырмыз. Мұндағы мақсатымыз – осындай ою-өрнектерімізді әлемге таныту және шеберлеріміздің тіккен құрақ көрпелері арқылы әсемдік пен сұлулықтың не екенін төрткүл дүниеге паш ету, – дейді кәсіпкер-құрақшы Күнсұлу Бектұрған.
Тоғызқұмалақ пен көкпар
Кеше 09:09 сағатта тоғызқұмалақтан алғашқы ойындар басталды. Ойыншылардың алғашқы жүрісін «Думан» қонақүйінде 9 тақтадан 9 ұяшыққа 9 ойыншы салу арқылы бастап берді. Ойынның символикалық таңдауы көшпенділер ойынының аясында «Тоғызқұмалақ күніне» орайластырылып отыр. 2022 жылы Дүниежүзілік тоғызқұмалақ федерациясының шешімімен 9 қыркүйек «Тоғызқұмалақ күні» боп бекітілген еді. Ал кеше рекорд орнату үшін 150 мың адам жарысқа тіркеліп, онлайн түрде де тоғызқұмалақ ойнады. Жарыста әлемнің 40-тан аса елінен 130-дан астам ойыншы бақ сынауда. Айта кетейік, тоғызқұмалақпен қатар овари және мангала ойындарынан да жарыстар өтіп жатыр.
Бұдан бөлек, кеше «Қазанат» ипподромында 9 мемлекеттің спортшылары көкпардан сынға түсті. Алғашқы ойынды Қазақстан ұлттық құрамасы мен Өзбекстан көкпаршылары бастап беріп, нәтижесінде біздің ұлттық құрама 16:0 есебімен Өзбекстан көкпаршыларын айқын басымдықпен жеңді. Одан кейін Ресей спортшылары мен Қытай спортшылары өзара серке сілкілесіп, нәтижесінде 4:1 есебімен Ресей спортшыларының бағы басым түсті. Ал екінші ойында Қырғызстан мен Моңғолия сынға түсіп, 16:0 есебімен айыр қалпақты ағайынның бәсі басым болды. Алда көкпар жалғасады.
Сондай-ақ «Көшпенділер ғаламы» этноауылының бас сахнасында trophy tour көліктер шеруі басталды. Шеру барысында қатысушылармен бірге баспасөз туры ұйымдастырылды. Еске салайық, trophy tour – бұл физикалық және цифрлық өлшемдегі жарыстарды біріктіретін фиджитал спортының жанкүйерлеріне арналған халықаралық көлік шеруі. Оның бастамашылары – фиджитал спортының қатысушылары мен жанкүйерлері және Халықаралық фиджитал қауымдастығының мүшелері. Халықаралық жобаның бастау алатын нүктесі Қазақстан болмақ.
Қазіргі таңда ресми спорттың 21 түрінен жарыстар басталды. Күрес, алыш сияқты жарыстардың қорытынды нәтижелеріне алдағы сандарда кеңірек тоқталып, жариялаймыз.
Шапағат ӘБДІР