Басты ақпаратҚоғам

Түйіні жоқ тартыс

XXI ғасыр басында әлем дамудың жаңа сатысына көтерілгендей көрінгенмен, геосаяси текетірестер мен әскери қақтығыстар саябырсыған жоқ. Соның айқын дәлелі – 2022 жылдың ақпанында басталған Ресей мен Украина арасындағы қақтығыс. Соғыс тек екі мемлекеттің ғана емес, күллі әлемнің тыныштығына сызат түсіріп, жарыса қаруланудың қайта басталуына мұрындық болды. Бұл соғыс қанды қақтығыстың айқын жеңімпазы болмайтынын анық аңғартты. Үш жылдан астам уақытқа созылған майданда екі жақ та орасан зор шығынға ұшырады. Украина өзінің егемендігін қорғауда табандылық танытса, Ресей әу баста алға қойған стратегиялық мақсатынан бас тартпай отыр. Сосын да қазір әлемдік қауымдастық бұл қақтығыс қашан және қалай аяқталады, бейбіт келісімге келудің жолы бар ма деген сұрақтарға елеңдеп отыр.

Әлемді әлекке салған соғыс

Әскери операцияның Пасха мерекесі қарсаңында 30 сағат кідіріс тапқаны болмаса, жуық арада тоқ­тайтын түрі жоқ. АҚШ-тың соғысты уақытша тоқтатып, ортақ мәмілеге келу ұсынысы да орындалмай отыр. Бұған соғысқан екі тараптың келісімге келудегі талаптарының арасы тым алшақ жатқаны басты себеп. Мәселен, Ресей өзінің Қырымға иелігін заңдастыруды, Украинаның шығысындағы қазір өз бақылауына алған төрт облысты Ресейдің жері деп мойындауды талап етіп отыр. Бұған қоса, Мәскеу Украина тарапынан НАТО-ға мүше болмауға, әскер санын көбейтпеуге, қару-жарақ өндірісін дамытпауға кепілдік беруін талап етеді. Ал Украина болса Ресей әскерінің толықтай ел аумағынан шығарылуын талап етіп, Қырымды қамтыған аумақтар Украина жері, бұл мәселеде ешқандай ымыра болуы мүмкін емес деген ұстанымда қарысып отыр.

Жақында Батыс БАҚ-тарында «АҚШ Қырымды Ресейдікі деп мойындап, Украинаның НАТО-ға қосылуына тосқауыл қоймақ» деген ақпарат тарады. «АҚШ Мәскеуге салынған санкцияларды жібітіп, Қырым мен Қара теңізді Ресей бақылайды дегенмен келісуге дайын. Бұл – бейбіт келісімге қол жеткізу үшін жасалатын қадам» деп жазады «Bloomberg» басылымы. «The Wall Street Journal» басылымы: «АҚШ ұсынған бұл жоспар – «көнсең де осы, көнбесең де осы» деген талап емес, Киевке жасалған ұсыныс қана. Киев осы аптада Лондонда өтетін кездесуде бұл ұсынысқа жауап беруі керек. Егер Украина келіссе, жоспар Мәскеуге жіберіледі. Ал Мәскеу оған көне ме, жоқ па, ол жағы белгісіз» деп жазады. Осы мәселеге байланысты алдыңғы күні Зеленский «Талқылайтын түк те жоқ. Бұл біздің Конституциямызға қайшы! Қырым – біздің жеріміз, Украина халқының жері» деп кесіп айтса, Еуродипломатия басшысы Кая Каллас «ЕО Қырымды ешқашан Ресейдікі деп мойындамайды» деп мәлімдеді.

Келіссөзге Еуропа қосылды

23 сәуір күні Украина, АҚШ және Еуропа елдерінің қатысуымен Лондонда маңызды келіссөз өтті. Бұл ақпаратты Украина президенті Зеленский де растады. «Сәрсенбі күні өкілдеріміз Лондонда жұмыс істейтін болады. Украина, Ұлыбритания, Франция, Америка Құрама Штаттары – біз соғысты сөзсіз тоқтатуға және кейіннен нақты әрі тұрақты бейбітшілік орнатуға әрі қарай да барынша сындарлы түрде жылжуға дайынбыз. Қолдау көрсетіп отырған барлық серіктестерге алғысымды білдіремін. Соғысты сөзсіз тоқтату бейбітшілікке апарар алғашқы қадам болуы керек. Дәл осы Пасха кезеңі Ресейдің іс-әрекеті соғыстың созылуына себепші екенін тағы бір мәрте көрсетті» деп жазды Зеленский Ұлыбритания премьер-министрі Кир Стармермен телефонмен сөйлескеннен кейін әлеуметтік желіде.

Кездесуге Украина, АҚШ, Ұлыбритания мен Франция елдерінің кіші шенді өкілдері қатысады. Бұл жолғы отырыстың маңызы – Еуропа елдерінің келіссөзге қатысуында. Алайда келіссөз барысында Ресейдің Қырым мен Донбасс сияқты өңірлер мәселелеріндегі ұстанымдарына байланысты ортақ шешімге келе алмауы мүмкін деген болжам күні бұрын айтылған.

«Financial Times»: «Лондондағы кездесу қарсаңында Ресей президенті Путин соғысты осы жеткен майдан шебінде аяқтауды ұсынды» деген ақпаратпен бөлісті. Басылымның дерегінше, ол бұл туралы Петерборда өткен кездесуде АҚШ-тың арнайы өкілі Стив Уиткоффқа айтқан.

Еуропа демекші, Киев пен Мәскеу Ресейдің төртінші жылға ұласқан соғысын аяқтау жөнінде келісімге келе қалса, келісімнің орындалуын қадағалаймыз деген бірқатар еуропалық елдер наурыздың басында коалиция құрған. Оған НАТО-ның Еуропадағы мүшелері, сондай-ақ Австралия, Канада, Жапония және Жаңа Зеландия секілді елдер де кірген. Бірақ қазірге дейін коалиция әлі ешқандай нақты шешім қабылдамаған. Өйткені майдан даласында көп мәселе белгісіз. Бітім жасалса, шарты қандай болмақ? Оған АҚШ қатыса ма? Қатысса, қандай рөл атқарады? Өзара әріптестік ережесі қандай болмақ деген түйткілдер әлі анықталған жоқ. Дейтұрғанмен коалиция күштері Украинаға жеткен соң не істейтіні жөнінде бірнеше болжам бар. Ең басты болжам – бұл күштер Украина­ның батысындағы стратегиялық маңызы бар инфрақұрылымдарды күзетеді. Нақтырақ айтқанда, олар Львов айналасында ұшақтардың қонуына «қауіпсіз аймақ» құрмақ. Коалиция күштері Беларусь шекарасының түбінде және Одесса маңында орналастырылуы мүмкін деген де болжам бар. Бірақ қалай айтсақ та еуропалықтар АҚШ көмегінсіз Украина­да ауқымды миссияны жүзеге асыра алмайтын сияқты.

Трамп та тығырыққа тірелді

Трамп президент болып тағайындалғаннан кейін үш ай өтпей жатып Украина мәселесінде сәтсіздікке ұшырады. Үлкен уәделер беру оңай, бірақ орындау қиын екенін түсінді. «Бәрін оп-оңай реттеймін» деген дипломатиясы сәтсіздікке ұшырады. Сосын да ол енді «Егер тараптар келісімге келмесе, біз келісімнен шығамыз» деп кері толғай бастады. Егер жағдай осылай жалғаса берсе, Трамп алдағы уақытта қос бірдей сәтсіздікке ұшырау қаупімен бетпе-бет келеді: бірі – келіссөз жүргізуші ретінде, екіншісі – одақтас ретінде. Трамптың қазіргі стратегиясы АҚШ-тың жаһандық ықпалын әлсіретіп қана қоймай, Ресейдің өктемдік әрекетіне жол ашып отыр. Яғни Трамп әкімшілігі Кремльге ынтымақтастық ұсынғанмен, Путин келіссөздерде үстемдікке ие екенін сезініп, ымыраға келуден бас тартып отыр. Жоғарыда айтқанымыздай, ол Ресейдің Қырымға және Ресей әскері басып алған украин жеріне иелік құқығын мойындауды талап етеді, Украина билігінің ауысуын, тіпті соғыс кезінде сайлау өткізу қажет екенін ашық айтып отыр. Қазір Трамп оны райынан қайтаруға қажетті ешқандай нақты тетікке ие емес, сол себепті ол Украинаға қысым көрсетіп, оны Ресейдің ығына жығылуға мәжбүрлеуді көздеп отыр.

Егер АҚШ-тың көмегі үзілсе, Украина­да оқ-дәрі тапшылғы туады. Аспаны ашық қалып, әуе шабуылынан қорғану қуаты қайта әлсірейді. Қазір майдан даласында қолданылып жатқан қару-жарақтың 40 пайызы Украинада өндірілген, бірақ ол Украина әскерінің қажетін толық қамтамасыз ете алмайды. Еуропа көмек береді дегенмен, АҚШ-тың араласуынсыз Еуропаның жәрдемі ештеңені өзгерте алмайтынын уақыт көрсетті. Ресей мұны жақсы біледі. Сосын да АҚШ-пен келіссөздерді соза отырып, уақыт ұтуға тырысуда. Оның үстіне әскери сарапшылар «Ресей Украинаның шығысындағы 4 облысты әкімшілік шекарасы бойынша басып алу үшін әлі бір жыл соғысуы керек» деп тұспал жасаған. Осы тұрғыдан алғанда, АҚШ соғысты зерттеу ­институтының «Ресей президенті Путин Украинаға қарсы соғысты әлі 12-16 ай бойы жалғастыруы мүмкін» деген болжамы негізсіз емес секілді.

Мәскеу ауқымды мобилизация жүргізіп жатыр. 160 мың жаңа сарбаздың шақырылуы – жағдайдың едәуір ушығып тұрғанының дәлелі. Украина командирлері бірнеше майданда кең көлемді шабуылдар басталуы мүмкін деп ескертуде. Әрине, Украина үшін жеңілу таңдау емес. Бұл ел әлі де берілмей, күресті жалғастыра бермек, өйткені оның еркіндігі мен тәуелсіздігі қыл үстінде тұр. Трамп Киевке Ресеймен нашар «бейбіт келісімге» келуді, Путиннің барлық талабын орындауды талап еткен күннің өзінде ешбір украин басшысы оған қол қоймайды – бұл саяси тұрғыдан өзін-өзі жоюмен тең.

Еуропалықтар үшін Украина тағдыры – өмір мен өлім мәселесі. Кәрі құрлық елдері қайтадан қарулану жолын іздеуде, алайда оған уақыт керек. Бұл дегеніміз – АҚШ қатысса да, қатыспаса да, Украина азаттық үшін соғысты әлі бірнеше жыл жүргізеді деген сөз. Егер Трамп бағытын өзгертпесе, тарих оны бейбітшілік орнатқан күшті көшбасшы емес, бос уәделерге сенген, өзімшіл әрі алақұйын адам ретінде еске алуы әбден мүмкін.

Қалиакбар ҮСЕМХАНҰЛЫ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button