Басты ақпаратҚұқық

Түнгі жортуыл

Бұл оқиғаны Астана қаласының оң жаға­лауындағы бір көшенің байырғы тұрғындары әлі ұмыта қойған жоқ. 1992 жылы Ақмола қалалық соты істеген қылмыстары үшін сегіз адамның ісін қараған. Ең негізгі ұйымдастырушы – үш адамның біреуіне ең жоғары жаза кесіп, екеуін ұзақ мерзімге бас бостандығынан айырған.

Аяқ астынан өзгерген жоспар

Елде «сөз бостандығы», ­«демократия», «қайта құру» деген сөздер екінің бірінің аузынан айтылып, бұрынғы жоспарлы экономиканың орнына адам түсініп болмайтын «кооператив», «аренда әдісі» деген терминдер кіріп, жұмыртқадан жүн қырыққан небір пысықайлардың дәурені жүре бастаған кез еді. Бір көшенің бойында тұратын Есімсейіт, Сергей және Жан­болат есімді үш жігіт автокөлікке техникалық қызмет көрсететін кооператив құруға белді бекем буды.

Есімсейіттің ауласының ішінен кеңдеу бокс салып, оған «ТҚКС» (техникалық қызмет көрсету стансасы) деп айдар тақты. Үш жігіт осы жерде «жол-жөнекей сынған, бұзылған көліктерді жөндейміз» деп хабарландыру іліп, ара-тұра қосалқы бөлшектер сататынын да құлаққағыс етіп қойды.

Алғашқы кезде көлік иелері ұсақ-түйек нәрселерін әкеліп, жөндетіп, доңғалақтарын желімдетіп, аккумуляторларын қуаттандырып, жігіттердің кішіпейілдігіне, бағасының да көңілден шығатынына риза болып жүрді. Соның арқасында келушілердің қатары да күн санап өсе берді. Сөйтіп, олар бір жылда едәуір қоңданып, ірге кеңейтті. Көрші үйдегі Жанболаттың ауласынан жаңадан автошеберхана ашты. Оның барлығын да керекті сервистермен жабдықтады. Жұмыс ойдағыдай жүріп жатқан. Түсіп жатқан пайда да күнделікті тіршілігіне, ішіп-жеміне толық жететін еді. Алайда бір күні жоспарлары аяқ астынан өзгеріп шыға келді. Оған себеп Сергейдің Новосібір қаласына барып қайтуы болды. Сергейдің өзі Ақмола қаласында туып-өскенімен, әке-шешесі, арғы тегі Ресейдің Новосібір облысының орыстары еді. Міне, сол Сергей ағайындарын аралап, қыдырыстап келіп, ортаға бір тың идея тастады.

«Бізге енді көрші Новосібір, Екатеринбург қалаларынан ­автокөліктердің қосалқы бөлшектерін әкеліп, сатқан пайдалы болады» деді ол алқына сөйлеп. Достары ұсынысын қолдамай қала ма деген көкейінде қорқыныш тұрды ма, іле-шала Ресейде баға қандай екенін, Қазақстанда ол қаншаға көтерілетінін есептеп шығарып қойғанын асыға-үсіге жеткізді.

– Біз басында жеңіл көліктерге техникалық қызмет көрсетеміз деп келісіп едік қой. Бұл жөнінде үшеуміз отырып, сызған бизнес-жоспарымыз да бар. Енді тек қосалқы бөлшектер сатумен айналысып кетсек, алқашқы жоспарымыз жүзеге аспай қалады ғой, – деп бұлардың ресми емес басшылары ретінде танылған Есімсейіт өз ойын жеткізіп еді.

– Жоқ, көліктерге техникалық қызмет көрсетуді тоқтатпаймыз. Оны жалғастыра береміз. Әрине, ол үшін тағы қосымша жұмыс күшін алуға тура келеді. Мен аталған қалалардан қосалқы бөлшектерді жүйелі түрде жеткізіп тұрамын. Ал Жанболат оны автобазарға шығарып сататын болады. Қажет адамдарға осы жерде де сатамыз. Сөйтіп, бизнесімізді кеңейтіп, дөңгелететін боламыз, – деп Сергей өзі алдын ала дайындап келген ойын ­әп-сәтте ортаға салып тастады.

Сергейді осы кезде Жанболат та қолдай кетті. «Мынау бір тың жоспар екен. Ойлап қарасақ, көрші елде автомобиль де, оның қосалқы бөлшектері де бізге қарағанда анағұрлым арзан. Сергей дұрыс айтады. Өзі зерттеп, зерделеп келген ғой. Әкеліп берсе, мен базарға шығарып сатуға қуана-қуана келісемін» деп екі жігіт Есімсейіттің ойланып, сөз айтуына онша мұрша берген жоқ.

Расын айтқанда, өзі бастаған соң қолға алған ісінің нәтижесі қандай болады деп қобалжып жүргенімен, бизнесінің кеңейе түскеніне Есімсейіт те кетәрі емес еді. Сондықтан «жақсы, жігіттер, мен келістім» деп достарымен төс қағыстырды.

Бұл дүние барады дөңгеленіп...

Алғашқы кезде Сергейдің белсенділігі достарын қатты қуантты. Новосібір мен Екатеринбург қалаларынан қосалқы бөлшектер тасуда түн ұйқысын төрт бөліп, аз ұйықтап, көбірек жолға шықты. Бүгін түнде келсе, үш-төрт сағат көз шырымын алып, қайта жолға шығып жүрді. Қосалқы бөлшектер болған соң клиенттердің де ынта-ықыласы арта түсті. Келушілер көбейді. Күніне 20-30 көлікке дейін техникалық қызмет көрсетіп, жөндеу жұмысын да керек кезінде қатар атқарып жатты. Алты көлік көтергіш агрегатқа дейін орнатты. Қосымша он адамды жұмысқа алды. «Есжансер» техникалық қызмет көрсету стансасы болып арнайы тіркеуден өтті. Бір кезде үш адамнан құралған кооператив ірге кеңейтіп, бір-екі жылда «Есжансер» ЖК-ке айналды.

Көше тұрғындары бүгінге дейін айтып жүрген үш жігіттің бір ерекше ұстанымдары болды. Олар үшеуінің кез келгенінің жақын туысы мен өздері тұрған көшедегі тұрғындардың көлігін тек тегін жөндеп беретін еді. Талай адамдар өлексесі шыққан қырық жылғы «Москвич» маркалы автокөліктерін ТҚКС-дан бір тиын төлемей жалтыратып мініп бара жатқанда, көрші көшенің адамдары қызығып, басын шайқаған кездер болған.

Дегенмен 90-жылдардың басында жігіттерді бұл табысы да онша қанағаттандыра қоймады. Иномаркалардың елге жаңадан келіп жатқан кезі болғандықтан, оған әп дегенде қосалқы бөлшектер табыла қоймайтын. Ал көлік қанша күтім көрсеткенмен, сынбай тұрмайды. Бірде жол-жөнекей бір тетігі істен шыққан «Мерседес» маркалы көрсе көз қызығатындай көлік келді. Иесі де онша сараң адам көрінбеді. «Тез жөндеп берсеңдер, ақшадан ренжітпеймін» деді. Сергейдің көзі оттай жанды. «Ертең түске дейін тастап кетіңіз, дайындап қоямыз» деп үш есе бағасын айтты. Жолаушы «жақсы» деді.

Ал жігіттер айтарын айтып алып, «бұған қажетті бөлшекті қайдан аламыз?» деп бас қатыр­ды. Бір-бірімен салғыласты, бір-бірін кінәлады. Тіпті көлік иесін кері шақырып, «артық айтыппыз, мұны жөндеу біздің қолымыздан келмейді екен» деп кешірім де сұрағысы келді. Сөйтіп, ебіл-себіл болып отырғанда, Сергей бір ойды ортаға тастай салды. Осыдан екі жүз шақырым жерде бір жақын танысының дәл осындай «Мерседес» машинасы бар екені ойына сап ете түсті.

– Дәл қазір Жанболат екеуміз аттанамыз. Үш сағат анда, үш сағат кері. Бір сағат тағы қосымша. Сонда таңертең машинаны жөндеуге кірісуіміз керек, – деді. Басқа істер амал болмағандықтан, үш жігіт осыған келісті. Есімсейіттің «Нива» машинасымен жолға үшеуі де шықты.

Күрежол. Үш жігіт тұңғыш рет ұрлыққа шығып келеді. Мұны өздері «істің мүддесі үшін» деп жұмсартқанымен, ұрлықтың аты – ұрлық. Рульде Есімсейіт отыр. «Бас газды» деді Сергей, «үлгеруіміз керек». «Барынша басып келе жатырмын. Жылдамдық – сағатына 150 шақырым. «Иә, жақсы жүріп келеміз» дейді Жанболат. «Көз алдымда дүние дөңгеленіп бара жатқандай…».

Әккі Сергей ескі танысының гаражының да есігін оп-оңай ашып, машинаны үшеулеп итеріп шығарды да, үш-төрт жүз метрден кейін от алдырғышты тікелей жалғап, тізгінге өзі отырды. Ендігі мақсат – жолдағы МАИ бекетін айналып өту. Бәрі ойдағыдай болды. Таң ата жігіттер көлікті ТҚКС-ке кіргізіп, бөлшектеуге кірісті.

Соңғы айналым

Екі-үш жылда жігіттердің шаруасы дөңгеленді. Жан­болат өзіне коттедж салып алды. Қалғандары да ең қымбат көлік мініп, шетелге барып демалып жүрді. Алайда қанша ақша тапса да, қанша дүние жинаса да, жігіттерге бір нәрсе жетпеді де тұрды. Ол не нәрсе? Қисапсыз дүние жию ма? Есепсіз ақша табу ма? Шынына келгенде, оны өздері де түсінбеген сияқты. Өйткені болғанның үстіне бола түссін, байығанның үстіне байи түсейік деді. Көздерін шел басты.

Арнайы қылмыстық топ құрды. Сегіз адамнан тұратын топ екі жыл бойы тек қымбат көліктер ұрлап, оны бөлшектеп, сатумен айналысқан. Оның ішінде екі кісі өлімі бар. Рас, кеңестік мектептен білім алған, қарапайым отбасында тәрбиеленген жігіттер адам қанын жүктегісі келмеген. Бірақ істің мүддесі үшін жағдай соған алып келген.

1991 жылдың тамыз айының тамылжыған жайма-шуақ күндерінің бірінде Сергей жігіттерді шұғыл офиске жиналуға шақырады. Ақылдасатын өте маңызды шаруа бар көрінеді. Мұндай хабарлама түскенде олар барлық шаруаны тастап, бірден осы іске ат басын бұратыны – қалыптасқан дағды. Өйткені Сергей айтты ма, ортаға түсетін олжаның сәті алыс емес деген сөз. Жиырма сегіз машинаны қолды қылғанда тап сол сәтке дейін Сергейдің жол сілтеуімен жымдары білінбей келді. Әрине, оның да өз сенімді нұсқаушылары бар. Хабар беріп, тиісті үлесін алып отыратын «жансыздары» бірнешеу екені сөзсіз.

Міне, сол Сергей түнделетіп, 150-200 шақырым жерді бір айналып келуді ұсынып отыр.

«Бәрі ойластырылған. Көлік биыл ғана сатып алынды. Иесі – аудандық дәрежедегі бір шенеу­нік. Үлкен үй-жайы бар. Гаражы бар. Бірақ біз оны Көкшетау қаласынан үйіне оралған сәтте тоқтатамыз. Біздің мәліметіміз бойынша машинада екі адам болады. Рульде көлік иесінің өзі отырады. Өйткені олар қазір әйелі екеуі көрші қаладағы бір тойға барды. Әрі кетсе, түн ортасында үйіне қайтуы керек. Міне, сол кезде жоспар бойынша тасжолдың бойында тоқтатып, жолдың жанында ағашқа байлап кетеміз. Әрі қарай бәрі ойластырылғандай өрбиді» деп Сергей топқа барлық іс-қимылын жайып салды.

– Мен ертең әйеліммен бірге Біріккен Араб Әмірлігіне демалысқа ұшқалы отыр едім, қалай болар екен? – деп Есімсейіт мұның ойламаған жерден болып отырған ұсыныс екенін жеткізіп еді.

Сергей «түнгі салқынмен бір айналып келеміз, сосын демалысыңа қомақты қаржымен ұша бер» деп болмай қойды.

Ал шындығында, бұл осы қылмыстық топ үшін соңғы айналым боларын ол кезде олар, әрине, сезген жоқ. Жемтігін көрген аш жыртқыштай бар есіл-дерті су жаңа машинаны қалайда қолға түсіру болды.

Сергей қатты қателесті. Машина салонында олар ойлағандай екі адам емес, үш адам еді. Үшіншісі жазғы лагерьде демалып келе жатқан осы үйдің он бес жасар үлкен ұлы болатын. Оны кеште лагерьден той өткізіп жатқан үйдің иесі алып келген еді.

Көлік күрежолға түсіп, жүйтки жөнелгенде, күні бойы тыным таппаған жеткіншек артқы орындыққа көсіле жатып ұйықтап кеткен болатын. Қатты дауыстан шошып оянды. Әкесін сүйрелеп, соққыға жығып жатқан көріністі жеті түнде көлеңкелі артқы әйнектен көріп, қатты шошынған бала алғашқыда не істерін білмей дал болды. Бір кезде кенет артқы орындықтың арқалығында жататын әкесінің аңшы мылтығы есіне түсті. Қолын тығып жіберіп, мылтықты суырып алды. Мылтық үнемі оқтаулы тұрады. Өйткені кенеттен алдынан аң қашса, әкесі бұған үнемі «әкел мылтықты» деуші еді.

Міне, мылтық қолына тиген соң ол көп ойланып жатпады. Шешесін ұрып талдырып тас­тап, әкесін ұрып-соғып, қолын қайырып байлайын деп жатқан адамды артқы терезеден көздеді де, басып салды. Оқ Жанболаттың жамбас сүйегін паршалап кетті. Ұшып түскен Жанболат бірден есінен айырылды. Қатты қорқып кетті ме, бала екінші оқты атпады. Мылтықты тастап, қаша жөнелді. Оны Сергей қуып жетіп, жер жастандырды. Қайтып келгенде Есімсейітпен жан алысып, жан берісіп, айқасып жатқан көлік иесін Сергей қосауыз мылтықпен ата салды. Түк жазығы жоқ әкесі мен баласын өлтірген қанішер Сергей Молотов қансыраған Жанболат пен болған оқиғадан есін жия алмай есеңгіреп отырған екінші серігі Есімсейітті машинаға отырғызып, қаша жөнелді.

Тағыда

Таңатар Төлеуғалиев

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button