Айтпайын-ақ деп едім!Басты ақпарат

Түңілдірген «Тамақ талас»

Осы бір жаман әдеттің басталғанына біраз болды. Бірде ана облыста, бірде мына облыста «тамақ таластың» видеосы әлеуметтік желілерде тарап жатады. Бұл масқара көрініс тамақ таратқыштардың маңдайына тимей-ақ қойды. Енді наурыз палауы емес, ауызашардың да таласы тарап жатыр. Асты тегін таратып сауап жинаймыз дегенінің соңы төбелеске ұласып жатса да сабақ болар емес. 

Дегенмен, халық Құдайға шүкір, аш емес дейік, садақаға таратқан жарты табақ палауға да мұқтаж емес шығар. Онда неге хан палау хан талапайға айналды?!

Жалпы мерекеге жиналған көпшіліктің ессіз тобырға айналып кетуі бір-ақ сәтте екен. Бір жерге, бір шараға жиналған үлкен қауымды игеру тәсілдерін  меңгеріп барып, белгілі тәртіппен реттемесе арты шуға, керек десеңіз, бір-біріне сүрінгендердің аяқ астында жаппай жаншылуы, жарақат алуы да адам шығына жеткізуі де мүмкін.

Кез келген бұқаралық шараларды негізгі белгілеріне қарай, мақсатын айқындап, адам санының шамасы мен ұйымдастыру дәрежесі сияқты оқиғаның ауқымын болжауға болар еді. Соған сәйкес қоғамдық тәртіп, адамдардың  қауіпсіздігіне жол бермей, тіршілігін қамтамасыз ету аса қажет. Басқаша айтқанда, өтетін бұқаралық іс-шараның осы ережелерді қатал ұстанбауы адамдар тобын тобырға айналдыратынын естен шығармау керек.

Тобырдың психологиясы бір-бірімен таныстығы жоқ, көздеген ортақ мақсаты жоқ, бірақ бәріне ортақ ұқсас көңіл-күймен адамдардың бір жерде шоғырлануынан басталады. Сол көңіл-күйдің әсерімен барлығы бірдей бір әрекетке барады. Осы орайда нақты бір жерде туындаған бұқараның психологиялық күшінің ерекшелігі сол, өз ортасындағы кез келген оқшаулықты жұтып жіберіп, алдын ала хабарландырылмаса тәртіпке шақырғанның да үнін естіртпей жібереді. Қазақ мұндайда «көп қорқытады, терең батырады» дегендей, бір мінездің бір эмоциясымен туындаған әрекет жұқпалы аурудай бәріне жұғып, адамдар өз әрекеттеріне мән бермей, бірінің  ізінен бірі  жүріп, бірі жасаған әрекетті қайталай бастайды. Біреуі ұмтылған нәрсеге жапа-тармағай лап қою да осы тобырлық сипатты анықтайды. Бір адам бір нәрсеге риза болмай, шу шығарса, басқалары қосыла кетіп, ашу-ызаға айналып үлкен күш болып бәрін шарпиды. Адамдар тез ызаланып, бірін-бірі тыңдаудан қалады. Бұл – тобырлық психологияда дәлелденген нәрсе.

Әрқайсысы өздігімен ауа жайылған көпшілікті басқарушы реттеп, тәртіпке шақырып, беретін асын да сол тәртіпке сай үлестірсе мұндай дарақылықты естіп-білмес едік.

Меніңше, халықтың адам кейпін тобырға айналдырып, ел-жұртқа масқара етуі, әдейі істемесе де оны ұйымдастырушылардың тобырлық психологиясынан бейхабар болғандығынан.

Нақты бір жерде бас көтерген жаппай психоздың құрбаны болып, бар болғаны мерекелік астың дәмін татамын дегендей қызық қуып, бейберекет әрекеттің құрбанына айналып, шектен шығып кеткен адамдардың жайын алдымен ұйымдастырушылар ойлау керек еді.

Мерекеге барған жұрттың қауіпсіздігін қамтамасыз етпесе берекесі кетеді. Қызыққа жиналған қазақ бір табақ палау үшін еркінен тыс тобырға айналып жатса, ұйымдастырушылардан қатал сұралуы керек. Халықта ынсап жоқ делік, сабырсыз, мәдениеттің деңгейі де төмен болсын, бірақ жалқыны жалпыға айналдырып, осыған жеткізген палау таратқыштарға тыйым болу керек.

Алдағы уақытта осындай сорақылыққа жол берген ұйымдастырушылардың  ой-ниеті соншалықты таза болса да, жалпының жайын білмегендігі үшін де жазасын тартуы тиіс. Өйткені халық әлдебіреулердің қолындағы ойыншығы емес.

Тағыда

Айгүл Уайсова

Ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button