Қоғам

Түрік мемлекетінің мерейлі күні

Биыл Түркия Республикасының құрылғанына 101 жыл толды. Бұл бауырлас мемлекет үшін тарихи оқиға, тың белес.Жыл сайын 29 қазанда түрік халқы өзінің басты ұлттық мерекесі – Республика күнін атап өтеді. 1923 жылғы 26 қазаннан бері  санасақ, осы атаулы күн биыл жүз бірінші мәрте атап өтілуде.

Осыған орай Астанадағы Түркия Республикасының Төтенше және Өкілетті елшісі Мұстафа Капуджу мырза мен жұбайы Аху Капуджу ханым арнайы қабылдауға шақырды. Салтанатты іс-шараға Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Ерлан Қошанов, Парламент депутаттары,  ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, шетелдік, отандық дипломаттар, елшілік, бизнес өкілдері, зиялы қауым, БАҚ өкілдері қатысты.

Салтанатты кеште экран арқылы Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоғанның құттықтау сөзі берілді. Астанадағы Түркия Республикасының Төтенше және Өкілетті елшісі Мұстафа Капуджу мырза келгендерге осынау мерекенің мәні мен маңызы жайында айтып, екі ел арасындағы жылы қарым-қатынасқа айрықша тоқталды. Екі ел Президенттерінің кездесулерінде айтылған, келісілген айтулы оқиғаларды тізбектеп айтып өтті.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркия – біздің аса маңызды стратегиялық серіктесіміз екеніне назар аударып, екі ел басшыларының кездесуінде жоғары деңгейдегі көптеген уағдаластыққа қол жеткізілгенін үнемі айтып жүр. Екі ел арасында инвестициялық ынтымақтастық қарқынды дамып келе жатыр. Түркия – Қазақстанның ең ірі 10 инвесторының бірі.

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Ерлан Қошанов өз сөзінде жақында ғана Түркияда болған терактіден қаза тапқандарға көңіл айтып, ондай қасірет енді қайталанбауын тілеп, түрік халқының ұлттық мерекесіне орай ізгі тілектерін арнады.

– Түркияның қалыптасуына Түркия Республикасының негізін қалаушы тұңғыш Президент, реформатор, әскери қолбасшысы және әлемдік деңгейде танымал тұлға – Мұстафа Кемал Ататүріктің еңбегін атап кету орынды. Түрік ғарышкерінің сәтті сапарының аяқталуымен құттықтаймын. Биылғы 19 қаңтарда Түркия ғарыш саласы үшін тарихи дата ретінде тарих парағына енді. Түркияның тұңғыш ғарышкері Алпер Гезеравжы АҚШ-тағы Кеннеди Халықаралық ғарыш орталығынан «SpaceX» компаниясының Аждаһар атты әлем кемесімен көкке көтерілгені белгілі.

Біздің тәуелсіздігімізді ең алғаш таныған ел ретінде танимыз. Екі жақты қарвм қаиынас, ынтымағымыз дамып келеди. Екі ел Президентінің достығын айрықша айтуға болады. Режеп Тайып Ердоғанның  Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының саммитіне қатысуын  ерекше атап өту қажет, маңызды оқиға. Сондай-ақ ел мен елдің арасындағы достық қарым-қатынастарға жастарымыздың Түркияда білім алуы да жақсы әсерін тигізуде. Бүгінде Түркияда қазақстандық 12 мың жас білім алып жатыр. Олардың жартысы Түркияның грантымен оқиды. Анкарада ұлы ақын Абай мен дәулескер күйші Тәттімбет ескерткішінің, Алматыда бауырлас елдің тұңғыш президенті Мұстафа Кемал Ататүріктің ескерткіші қойылса, Шымкентте түрік аллеясы ашылды. Бауырлас елді республика күнімен құттықтап, игілік пен бақ-береке тілеймін, достығымыз жалғаса берсін! – деді Мәжіліс Төрағасы Ерлан Жақанұлы.

Ізгі тілекке, әдемі музыка мен емін-еркін пікір алмасуға мүмкіндік берілген салтанатты рәсім кезінде жиналғандар елші мырза мен зайыбының ұсынған дәмнен ауыз тиіп, игі тілектерін айтты, естелік фотоға түсті.

Гүлшат САПАРҚЫЗЫ

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Check Also
Close
Back to top button