ӘлеуметБасты ақпарат

Түсінбей заңның тармағын, ұят-ақ айып салғаның..

Астанада көршіңнің сыбыры да, ыдыс-аяқтарының сыңғыры да естіліп тұратын, қабырғаның арғы жағынан көршің түшкірсе, өз бөлмеңде отырып «сау бол» дейтіндей дыбыс тосу қуаты нашар үйлер аз емес. Сапасыз үйлердің салдарынан көршісінен шағым түсіп, айып төлеп жатқан тұрғындар да көп.

Аяқасты салынған айып

Жақында бір досымыз жаңадан сатып алған үйіне қонаққа шақырды. Кең жайылған дастарқан үстінде емен-жарқын әңгіме болды. Алайда қайтар мезгілге таяған шақта есік қағып кіріп келген полиция қызметкерлері көтеріңкі көңілімізді су сепкендей қылды. «Сіздерге көршілеріңізден шағым түсті» деп хаттама толтырып, 18 мың теңге айыппұл салды. «Құтты қонақ келсе қой егіз табар, Құтсыз қонақ келсе қойға қасқыр шабар» деп атам қазақ айтқандай, бұл жағдайға біз де қатты қысылдық. Әрине, арақ ішіп, ән салып, бүкіл ғимаратты басымызға көтерсек бір сөз, сары қымызды сапырып ішіп, әңгіме айтқан қонақтар көршінің мазасын алатындай айқайлаған жоқ. Тек кішкентай екі бала ғана әрі-бері жүгіріп жүрген. Оларға да үй иелерінің «ақырын, ақырын жүріңдер, есікті ақырын жабыңдар» деп қайта-қайта ескертіп отырғанын менің де көзім шалған. Бірақ оны полиция қызметкері тексеріп, анықтаған жоқ. «Сіздерге көршілерден бұрын да шағым түскен, сондықтан айыппұл жазамыз» деп үй иесіне қол қойдырды.

– Жігіттер, бұларың артықтау емес пе? Арақ ішіп, шулап отыр­ған жоқпыз. Бала болған соң әрі-бері жүреді. Енді оған бола көршісі арызданды деп айыппұл сала саласыздар ма? Жағдайға қарамайсыздар ма? Қай қазақ үйіне қонақ шақырмайды? «Заңда жазылды» екен деп қазақы қасиетті де белден баспаңдар, «көрші хақысы – Тәңір ақысы» деген бар қазақта. Сендердің бұл әрекеттерің көршіні жаулас­тыру ғой, – десем, «біз келген соң заң бойынша хаттама толтыруымыз керек, қонақ келер алдында көршілерге бір ауыз ескертпедіңіз бе енді?!» деп артық сөзге келтірмеді. «Бардым, бәріне айттым, тек сол біздің үйдің астындағы көрші есігін ашпай қойды» деп үй иесінің әйелі де шыр-пыр боп тұр. Бірақ оны полиция құлағына да қыстырған жоқ. Айыбын салып кете барды. Үй иесінің айтуынша, бұл жағдай осымен 5-6 рет қайталанған. Тіпті үйге келетін полиция қызметкерлерін танып та алдық дейді. Өйткені астыңғы қабаттағы қытымыр көршісі сағат 10-нан кейін бір қасық сыңыр етсе де «мазамды алды» деп полицияға шағымданады екен. «Сағат 10-нан кейін дәретханаға кіруден де қорқатын болдық. Үйдің дыбыс өткізбеу сапасы өте төмен. Үстіңгі қабаттағы көршінің балалары шуласа да, қытымыр көрші бізді кінәлі санайды. Барып, жағдайды түсіндіріп те көрдік. Орыс тілді әйел онымызды тыңдамайды да» деп үй иесі шарасыздық танытты. Бір ауыз сөзбен айтқанда, астыңғы қабаттағы көршісі бұларға әбден өшігіп алған. Ал қалған көршілерінен шағым болған емес. «Жақсы көрші саяң, жаман көрші шаян» деген осы.

Көршіден қорқып бұғып отыра ма?

Астанада, жоғарыда айтқанымыздай, қабырғасы қағаздай, дыбыс тоспайтын үйлер аз емес, үй сапасына жауапты органдар  басқа сапасын қадағаласа да, үй салатын компанияларға «жаңадан салынған пәтерлер дыбыс өткізбейтін болуы керек» деп қатаң талап етпейтін секілді. Талап етсе де, құрылыс салған компаниялар бармақ басты, көз қысты жасап өткізіп жібереді шамасы. Ендеше үйдің дыбыс тосу жағынан жарамсыз болуына, ең алдымен, үй иесі емес, сол үйді салған компания және тексеріп, өткізіп алған мекеме жауапты болуы керек емес пе?!

Жоғарыдағы жағдай, былай қарағанда, мәдениетке қатысты мәселе болғанмен, мұның арғы жағында қазақы қасиетке қарсы пиғыл, «көрші ақысы – Тәңір хақысы» деген ұғымды қақпайтын қараңғылық жатыр. Әйтпесе біз «алыстағы туыстан жақындағы көрші артық» деген халық едік қой. Заң атқарушылардың «шағым түсті» деп айып сала беруі де орынсыз. Тірі адамның үй ішінде әрі-бері жүретіні, аңқылдап сөйлеп, қарқылдап күлетіні де заңдылық. Сағат 9-да ғана қозғалып, 22:00-де «сөніп» қалатын ол үйде құлтемірлер тұрып жатқан жоқ қой. Көршім арызданады екен деп өз үйінде үндемей, баласының аузын басып, аяғын байлап, тышқан аңдыған мысықтай жүруі керек пе?! Олардың мүддесін кім қорғайды сонда?! «Көсей берсе от өшер, түртпектей берсе көрші көшер» дегендей, мүмкін көршісі әдейі сыйғызбай жүрген де шығар. Осындайда «Жер сатып алмай тұрып суын сұра, Үй сатып алмай тұрып көршіңді сұра» деген сөз еске түседі.

Заң не дейді?

Астана қаласы Полиция департаменті ЖПҚБ УПИ ЖҰЖ басқарма бастығы, полиция майоры Мирхат Құрманғалиев­тің айтуынша, көршілердің мазасын алуына байланысты мынадай түзім бар: «егер масаң күйде түнгі уақытта көршілерін мазаласа, ҚР ӘҚбК 437-бабына (тыныштықты бұзу) сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылады, жұмыс күндері сағат 22:00-ден таңғы 9:00-ге дейін, демалыс және мереке күндері сағат 23:00-ден таңғы 10:00-ге дейін тыныштықты бұзуы осы бап бойынша 5 айлық есептік көрсеткіштен 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады. Сонымен қатар масаң күйінде қоғамдық орында көршілерінің мазасын алса, ҚР ӘҚбК 440-бабына сәйкес (алкогольдік ішімдіктерді iшу немесе қоғамдық орындарға масаң күйде келу) әкімшілік жауапкершілікке тартылады, осы бап бойынша 5 айлық есептік көрсеткіштен 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерiнде айыппұл салуға не 5 тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамаққа алуға алып келеді». Сондай-ақ қоғамдық орында масаң күйінде көршілеріне былапыт сөйлеп, мазасын алса, ҚР ӘҚбК 434-бабына сәйкес (ұсақ бұзақылық) әкімшілік жауапкершілікке тартылады, осы бап бойынша 20 айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға не 5-тен 30 тәулiкке дейiнгi мерзiмге әкiмшiлiк қамаққа алуға алып келеді.

Дейтұрғанмен заңда осылай екен деп заң атқарушылардың «арыз түсті, біз шара қолдануға мәжбүрміз» деп жағдайдың мәніне толық көз жеткізбей айып салуы орынсыз. Мүмкін біреудің көршісі мазасыз шығар, ал біреудің кішкентай балалары көп шығар, көршім арызданады екен деп балаларын сатып жіберуі керек пе? Демек, заңды атқарғанда моральдық құндылықты да ұмытпау керек.

Заңгер не дейді?

«Көршіңнің мазасын алдың» деп полиция қызметкерлерінің айыппұл салуы мүлде орынсыз дейді заңгер Нұрсұлтан Орынбек. Оның айтуынша, бұл – полиция қызметкерлерінің заңның тармақтарын толық түсінбей тұрып жасаған қитұрқы әрекеті.

– Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы заңның «Тыныштықты бұзу» деген 437-бабында «жұмыс күндері сағат 22:00-ден таңғы 9:00-ге дейін, демалыс және мереке күндері сағат 23:00-ден таңғы 10:00-ге дейін аралықта азаматтардың тыныштығын бұзатын құрылыс жұмыстары» деп көрсетілген. Яғни балға, діріл сияқты арнайы құрал-саймандарды қолданып, шұғыл қажеттілікті туындатпайтын жағдай астында тақылдатып, жұрттың мазасын алса, ол – тыныштықты бұзу. Шу шығарып, көршінің мазасын алмау үшін арнаулы бекітілген норма бар, яғни күндізгі уақытта 55 децибелден, түнде 40 децибелден аспауы керек. Бірақ оны өлшейтін арнаулы аспап болуы керек. Демек, қолында аспабы жоқ полиция шуылдың децибелін қалай өлшейді? Құлағымен естіп өлшеп айыппұл сала берсе, заңда белгіленген норма қайда қалады? Оның үстіне, бұл заңның негізгі нысанасы үйдегі домбырадан, гитарадан шығатын немесе адамдардың күлген, сөйлеген, ыңылдап ән айтқанынан шығатын дауыс емес, керісінше, тұрғын ғимараттарда және тұрғын үй құрылысы аумақтарында орналасқан ойын-сауық орындарынан таралатын дыбыстарға қаратылған. Алайда заңның әлсіздігі ме, жоқ әлде заң жөніндегі түсінігінің таяздығынан ба, полициялар көбінде заңсыз, негізсіз айыппұл салады. Кесіп айтайын, баланың шулауы, үйге қонақтың келуі деген мәселе 437-баптың нормаларына сәйкес келмейді. Ондай мәселе заңға анық жазылып енгізілмегеннен кейін 437-бапты көлденең тартып айыппұл салу заңсыз. Мұндай жағдайға жолыққанда тұрғындар қол қоя салмай, заңға жүгініп, өз мүддесін қорғауы керек, – дейді Нұрсұлтан Орынбек.

Қалиакбар ҮСЕМХАНҰЛЫ

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button