Басты ақпарат

Туған Отан, ғажапсың…

Осынау ізгі тілек, ойлы арман ата-бабаларымыздың сан ғасырлар ұстанып келген, соны баянды етсек, өзге елдермен тереземіз теңдесетін заманға қолымыз жетсе деген жүрегінің түбінде мәңгілік сақтап келген басты мұраты еді.

[smartslider3 slider=2834]

Бабалар аңсаған сол күн еліміздің басына 1990 жылдың 25 қазанында «Қазақ КСР-інің мемлекеттік егемендігі туралы» декларация жарияланғаннан басымызға бақыт құсы қонғандай күйге бөлеген.

Мына жұмыр жердің бетінде қазақ деген көңілі көл, пейілі кең, құшағы күншуақты мейірге толы халық бар екендігін жер-жаһанға әйгілеген, рухымызды асқақтатқан бұл құжат еліміз тарихындағы ең маңызды сәт болып жазылып қалғанын ешкім жоққа шығара алмас. Сол кезде ақындықтың шалқар шабытына бөлене:

Туған Отан!

Ғаламатсың, ғажапсың,

Кеше – бодан, ал бүгінде азатсың.

Байтақсың да, байсың мына әлемде,

Өркендеудің жолын тапқан қазақсың! – дегенім бар.

Рас, егемендік пен тәуелсіздікті жариялау құжат түрінде оңай болғанымен, социализм­нен демократиялық қоғамға, нарықтық экономикаға өту бұрынғы кеңестік одақтағы республикалардың ең соңы болып дербестенген қазақ еліне қат-қабат қиындықтарын алға тарта келді. Себебі оның қазіргі заманғы өркениетке бейімделген мемлекет құру, экономиканың ілгері бастырар сара жолын таңдау тәжірибесі мүлде болмады. Еліміздің экономикалық әл-қуаты өте әлсіз екендігі бірден көзге ұрды. Сондықтан осынау «тар жол, тайғақ кешулі» өларда кезеңінің қиюы қашқан тірлігін тез арада оңалтатын жолды таңдау қажеттігі алға тартылды. Себебі осы тұста бұрынғы кеңес рес­публикалары мен социалистік елдерде ұлтаралық жанжалдар, азаматтық соғыстар өршіді. Қазақстанның да бірқатар аймақтарында ұлтаралық қайшылықтар көрініс бергені әлі жадымыздан өше қойған жоқ. Нақ осы кезде ұлтаралық келісім, татулықсыз мемлекетіміздің тағанын нықтау, қоғамымызды ілгері бастыру мүмкін еместігіне көзіміз жете бастады. Мұның өзі экономикалық, саяси, идеологиялық мәселелерге тікелей байланыс­ты, еркіндік дегеннің тетігі ұлттық идея, азаматтық идея деп қабылдау жеткіліксіз екендігін, ұлтаралық қатынастар алдымен адамгершілік, ізгілікті келісім үстемдік алғанда ғана Қазақстанда халықтар бірлігі өзара жымдасып орнығатынын аңғартты. Бүгінде тілдер, діни және басқа да мәселелерде азаматтық құндылықтарға бой үйрету ұлттардың бір-біріне деген шынайы құрметін күшейтіп отырғанын айтпасқа болмайды.

Жасырып, жалпақтамай турасын айтатын болсақ, ұлт мәселесін бір демде, бір сәтте шешіп тастау тым әсірешілдік, шолақ ойлап, кем пішушілік деп қабылдау лазым. Бұл – өзі өте шетін мәселе. Тас тисе шытынап кететін шарайнадай жамауға келмес қиын түйін. Бұған байсалдылықпен қарамасақ, аяқ астынан өшпенділік пен бей-берекетсіздік орын алуы әбден мүмкін.

Оның үстіне бір-бірімен астарласып жатқан ішкі және сыртқы саясатта да ел ертеңін ойлайтын көрегендік пен салиқалы сарабдарлық та бізге ауадай қажет. Мұның өзі сан салалы дипломатия­лық мәселелерді шешудегі еліміздің геосаяси жағдайымен де тікелей байланысты екенін көзіқарақтылардың бәрі жақсы біледі. Нақтылап айтқанда, біздің мемлекетіміздің орналасу аумағы шығысында Қытаймен, солтүстігінде Ресеймен, оңтүстігінде Өзбекстанмен, тағы басқа мемлекеттермен шендесіп жатыр. Солармен тіл табыса шекара мәселесін ерте бастан оңтайлы шешіп алуымыз – өткен ғасырдың соңы мен ХХІ ғасырдың басындағы үлкен, әлеуметтік маңызы зор қазақ дипломатиясының басты жетістігі деп қарастыратынымыз содан.

Әрине, шекараны шегендеу­мен іс бітті, ендігісін көре жатармызға қарай итере арқаны кеңге салуға болмасы тағы белгілі. Сондықтан нарықтық экономикаға иекемделу, қаржы, несие жүйесінің іргетасын нықтау, шағын-орта кәсіпкерлікті дамыту, халықтың әл-ауқатын жақсарту әлі күнге биік тарапындағы талап тұғырынан бір саты төмендеп кеткен жоқ. «Жоқ» деп ауызды қу шөппен сүртуге тағы болмайды. Әу бастағы абдыраған қалыптан тезірек арылып, біраз жетістіктерге қолымыз жетті. Тақұл-тұқыл тірліктен есімізді жинап, кемшін тұстарымыздың орнын толтыруға қолымыз жете бастады. Оны сырт көздер де мойындап отырған жай бар. Жетістігіміздің басты өлшемі еліміз демократияланудың жолына біртіндеп қадам басып келеді. Билікті орталықтан ауыл-аймақтарға қарай ыңғайластыру, жергілікті өзін-өзі басқаруды жетілдіру, бюджеттік қатынастарды оңтайландыру бағыттарына басымдықтар беру – осы ойларымыздың нақтылы бір айғағы.

Бірақ демократиялық жүйе қай кезде де қай мемлекетте болмасын ешқашан да оңайлықпен жүзеге аса қоймайтыны шындық. Бұл, түптеп келгенде, шегі жоқ ұзаққа созылатын процесс. Біздің бостандық пен тәуелсіздік алғаннан бері қоғамымызда 30 жылдан астам уақыт аралығында алдымен экономикалық мүдделерді алдыңғы қатарға шығарып, сол бағыттың ілгерілеуіне баса ден қойдық та, ұлтаралық қатынастардағы өзара түсіністік ахуалды кейінге қарай ысырып тастадық. Бұл мемлекеттік ұстаным тарапынан жіберілген олқылықтар мен ағаттық еді. Еліміздегі ірі-ірі кәсіпорындар мен компаниялардың табыстары, биылғы қаңтардың басындағы аласапыран, қанды қақтығыстар кезінде Президентіміз наурыз айының 16 жұлдызында айрықша атап көрсеткеніндей, 162 байшікеш адамдардың қолдарына өтіп кеткенін жария етуі – соның дәлелі. Осындай елдің бар байлығын өзінің жеке меншігіне айналдырып алған ашкөз тойымсыздықтары, жемқорлықтары халықтың ашынуы мен толқуының басты себебі болды. Ел тағдыры, жер тағдыры, жұлымы шыққан көрпедей басқа тартса аяққа жетпейтін жалақының аздығы, азық-түліктің, дәрі-дәрмектің күн санап емес, сағат сайын шарықтап бой алдырмай бара жатқаны бүгінгі қоғамды алаңдатып отырған өткір мәселеге айналып отыр. Сондықтан мына күйімізден тезірек арылу, ертеңге үмітпен, сеніммен қарауда халықтың көңіл-күйін орнықтыру билік тұтқасын ұстап отырған халық қызметшілері саналатын үлкенді-кішілі шенеуніктердің жатса-тұрса ойларынан шықпайтын басты міндеті деуіміз керек. Бұлай демеске енді амал да қалған жоқ. Олар адамдар санасында «Жаңа Қазақстан» емес, «Жаңарған Қазақстанды» қалыптастыруды орнықтыруға қызмет қыла алса, бұл – біздің алдағы кезеңдегі басты мұратымыз, жетер жетістігімізге даңғыл жол ашар бағытымыз бола алмақ.

Жоғарыдағы ойымызды тағы да жүлгелей айтатын болсақ, қазіргі таңда елімізде үлкен тарихи кезең басталды. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен «Жаңа Қазақстанды» (менің пайымдауымша, «Жаңарған Қазақстан» деген дұрыс) құруды қолға алдық. Бұл күрделі өзгерістердің қоғамымызда тез арада көрініс беруіне қасіретті қаңтар оқиғасының зор әсері болғанын да жоққа шығара алмаймыз. Оның қайғылы зардаптарын дұрыс саралап, алдағы уақытта сабақ боларлық қорытынды шығару ертеңгі баянды болашағымыз үшін аса маңызды. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың 16 наурыздағы Қазақстан халқына Жолдауының алдағы уақытта мойынға артар салмағы кімді де болсын ойландырарлық жай. Ол бір жылдың мәселесі емес, ауқымы кең, мазмұны терең іргелі міндеттерге негізделген. Ал осы алға қойылған мақсаттарға жету үшін бүгінгі негізгі ұстаным қандай болуы керек десек, ойға алдымен: «Ынтымағың – берекең, татулық – алтын қазығың» деген ұлағатты сөз оралады. Бүкіл еліміз болып 1 мамырда Қазақстан халқының бірлігі мерекесін атап өтуіміздің өзі – әлем картасында ауқымы жағынан 9-орынды иеленіп отырған ұлан-ғайыр аймағымызда тыныштық пен береке-бірліктің орнығуын көздеуіміз. Ел басшысы Қ.Тоқаевтың мына мазмұндалып беріліп отырған: «Жаңа Қазақстанның» іргетасы саяси және экономикалық реформаларға негізделуі керек. Қазіргі жағдай қаншалықты ауыртпалықты болып отырғанымен, біз өзіміздің ұстанған бағытымыздан айнымақ емеспіз. Ұлтымыз айрықша отаншылдық рухымен өзінің көздеген барлық мақсаттарына жетеді. Бәрі де – өз қолымызда. Мен азаматтарымыздың ертең емес, қазірден бастап бақытты өмір сүруін қалаймын. Біз үшін тәуелсіздік бәрінен қымбат. «Жаңа Қазақстан» – бұл бүгінгі ұрпақтың келер келешекке қалдырар аманаты, – деген ой-тұжырымдары әркімнің көңілінен орын тапты деп білемін. Астана ардагерлерінің ел Президентінің Жолдауын дер уақытында қабылдаған байсалды ой орамы, халықты, қоғамды, билік құрылымдарын алға қойылған көздеген мақсаттарға жетудің қағидасы деп қабылдап отырғаны да содан. Мемлекет басшысының қоғамды түбегейлі жаңартуға, «Жаңа Қазақстанды» құруға жасаған саясатына барынша қолдау білдіріп отырған астаналық ардагерлер экономиканы, әлеуметтік және сыртқы саясатты, мәдениетті, этникалық топтар арасындағы ауызбіршілікті, жемқорлықтан, парақорлықтан, бармақ басты, көз қыстыдан ада қоғамды орнықтыруға жасаған түбегейлі бетбұрыстарына зор үміт, нық сенім білдіріп отыр.

Осы орайда сөз ретінде айта кетсек, астанамыздың өнеркәсіп, сауда, қызмет көрсету, денсаулық сақтау, мәдениет пен спорт салаларында едәуір ілгерілеушіліктер орын алғандығы байқалады. Соның арқасында адамдардың, әсіресе ардагерлердің әл-ауқаты жақсарып келеді. Мәселен, бүгінгі таңда Ұлы Отан соғысына қатысқан ардагерлерден 18-і қалған. Соғыс кезінде тылда еңбек еткен 1938 адам, аймақтық соғыстар мен шиеленістерге қатысқан 932 адам бар. Солардың бәріне Жеңіс мерекесі, Отан қорғаушылар күні мерекелеріне орайластыра едәуір мөлшерде әкімшілік пен қалалық Ардагерлер кеңесінің  төрағасы С.Есіловтің бастамашылығымен материалдық көмек көрсетілмек.

Иә, толғауы тоқсан ой айтып, әр тараптан қаншалықты сөз қозғап келсек те, мына қазақ халқының атамекені болып отырған кең-байтақ жеріміздің берекесі мен тыныштығын, оны туған Отан, өскен ұям деп білетін, барынша қастерлейтіндер кемел келешектің тұғырлы қиясына қырандай қалықтап көтерілері хақ. Тек жыл басындағы қаңтардағыдай араға жік салып, жазықсыз жандарды қасіреттің қақпанына айдап салғандардың ойраны енді қайталанбай, бірлік пен ынтымақты ардақ тұтқан қазақ жұртының енді  алдағы келешекке парасатты, салиқалы үміт, сеніммен күншуақты жан жылытқан мамырдай жайдары қалыппен қадам басқанын тілейік.

Аманкелді ЖҰМАБЕК,

Нұр-Сұлтан қалалық Ардагерлер кеңесі медиа тобының мүшесі, журналист

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button