Қала мен Сала

ТУҒАН ТІЛДІҢ ТЫНЫСЫ

Астана қаласы Тілдерді дамыту басқармасында ағымдағы жылы атқарылған шаруалардың жылдық қорытындысы

IMG_0299

2013 жылы Басқарма бірқатар департамент пен Астана қаласы бойынша монополияға қарсы инспекциясында «Қазақстан Республикасындағы Тіл туралы» заңының орындалуына тексеріс жүргізді. Сондай-ақ, мемлекеттік тіл саясатын одан әрі жетілдіру жөніндегі жұмыс тобының төрт отырысы өтті. Бірінші тоқсандағы отырыста Астана қаласы әкімдігіне қарасты мекемелерде мемлекеттік тілді оқыту жайы, 2012 жылғы 5 және 11 желтоқсандағы хаттамалық тап­сырмалар бойынша құрылымдық мекемелерде және Халыққа қыз­мет көрсету орталықтарында атқа­рыл­ған жұмыстар қаралды. Екінші тоқсандағы отырыста  64 мектепке дейінгі білім беру мен арнаулы орта білім беру мекемелерінде, үшінші тоқсандағы отырыста Астана қала­сындағы банк және нотариат салаларында, әуежай, теміржол және автовокзалдарда тілдік ахуал сараланды. Төртінші тоқсандағы отырыста құрылымдық мекемелердегі «Қазақстан Республикасындағы Тіл туралы» заңының орындалуы туралы мәселе қаралып, оның қорытындысы бойынша мекеме басшыларына Заңның орындалу барысын, Тілдерді дамыту мен қолданудың 2013 жылға арналған іс-шаралар жоспарына сәйкес жұмыстар жүргізуді қадағалау, іс қағаздарын мемлекеттік тілде жүргізу мен тапсырмалардың орындалуы жөніндегі мәселеге басты назар аудару тапсырылды.

Сарыарқа ауданы прокуратурасымен бірлесіп Әділет, Төтенше жағдайлар, Ішкі істер және Салық департаменттеріне, Есіл ауданы прокуратурасымен бірге бірнеше денсаулық сақтау нысандары мен мектеп, балабақшаларға тексеріс жүргізілді. Оның қорытындысы бойынша тексерілген мекемелерге 12 ұсыным беріліп, 35 қызметкер тәртіптік жазаға тартылды.

 

Ардақтылар аты берілді

Жыл ішінде үш рет қалалық ономастика комиссиясының оты­рысы өтіп, жалпы алғанда 46 өтініш-хат қаралып, 21 ұсыныс қанағаттандырылды. Атап айтсақ, көшелерге ақын-жазушылар Қа­лижан Бекхожиннің, Шона Сма­ханұлының, Тахауи Ахтановтың, Сәкен Жүнісовтің, Сүйінбикенің, Әлем және Олимпиада чемпионы Анатолий Храпатыйдың, қазақ батырлары Бәйдібек Қарашаұлының, Қойгелді Сартұлының, Саурық Ыстамбекұлының, Сұраншы Ақын­бекұлының, күйші Қазанғаптың есімдерін беру туралы және     Л.Мирзоян көшесінің атауын ҚР ҰҒА академигі Қаныш Сәтбаевтің есіміне өзгерту туралы шешім қа­былданды. Сонымен бірге, №70 мек­тепті Бауыржан Момышұлының, №10 мектепті Жұмабек Тәше­нов­тің, №49 мектепті Қошке Кемең­герұлының, №52 мектепті Батыр Баян Қасаболатұлының, №58 мек­тепті Кенесары Қасымұлының, №56 мектепті Шәкәрім Құдай­бер­діұлының, №54 мектепті Ақселеу Сейдімбектің, №35 мектепті Нәзір Төреқұлұлының есімдерімен атау жөніндегі, Әскен Нәбиевтің тұрған үйіне мемориалдық тақта қою туралы ұсыныстар бойынша оң шешім шығарылды.

 

Ортақ ел – ортақ тіл

«Қазақ жазуы: төл дыбыс – төл әліпби», «Оқытудың уәждемелері мен технологиялары», «Қазақ тілін оқытуда ҚАЗТЕСТ-тің рөлі және ерекшеліктері», «Латын әліпбиі: мүмкіндік пен қажеттілік», «Іс қағаздарын мемлекеттік тілде жүргізуді біріздендіру» сынды бірнеше тақырыптардағы семи­нарлар мен «Ұлттық тәрбие негізі – тіл», «Ортақ ел – ортақ тіл», «Мемлекеттік тіл және қазақ бас­пасөзі», «Елбасы, мемлекеттік тіл және этно-мәдени қауымдастықтар» және «Қазақ» газетінің 100 жылды­ғына арналған дөңгелек үстелдер өткізілді. Жылдағыдай түрлі бай­қаулар, пікірсайыс турнирі, тарихи тұлғалардың мерейтойларына арналған кештер мен мүшәйралар ұйымдастырылды. Қазақстан халқы тілдерін дамыту жұмыстары жалғасты.

 

Жіті тексеріс жемісін берді

Мекемелерде, оқу орындарында тілдерді дамыту, тілдік ахуалды тексеру жұмыстары жүргізілді. Мәселен, қараша айында Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасымен бірлескен рейд барысында кейбір  автобустардың ішіндегі көрнекі ақпарат мәтіндері тіл туралы заң талаптарына сәйкес келмейтіндігі анықталды. Тек­се­­рілген 32 автобустың 11-інде ғана көрнекі ақпарат сауатты жа­зылған, ал, 21-інде заңнамаға сәй­кес келмейді. Кондукторлардың бесеуі ғана мемлекеттік тілде қызмет көрсетеді. Кондукторлар аялдама атауларын орыс тілінде хабарлайтыны, қазақ тілінде аялдамалардың атаулары дұрыс айтылмайтыны мәлім болды. Мысалы, Бараева көшесі, Бейсекбаева көшесі, Зеленстрой, супермаркет «Казахстан» деп бұзып айтады.

Жалпы, жыл басынан бері осы тектес 93 рейд өтті. 3019 жарнама мәтіндеріне келісім беріліп, 237 қате түзетілді. Бұл орайда, Тілдерді дамыту басқармасына қоғамдық жұмысқа қабылданған 20 студенттің көмегі тиді. Студенттер жалпы саны 252 көшенің сілтемесі, 112 көшеде орналасқан сыртқы жарнама және көрнекі ақпараттағы қате жазылған мәтіндерді тіркеп, жарнамалардың тіл туралы заңнамаға сәйкес орна­ласуын қадағалау жөнінде ба­қылау жүргізді. Еуразия ұлттық уни­верситетінің 25 студенті оқу тәжі­рибесінен өтіп, жалпы саны 380 көше көрсеткіші мен сыртқы және көрнекі ақпарат мәтінін бақылады.

Басқарманың 2011-2015 жыл­дар­ға арналған стратегиялық жос­па­ры­на өзгерістер енгізіліп, 2014-2018 жыл­­дарға арналған жобасы дайын­далды.

Аманғали Қалжанов

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button