Басты ақпарат

Тұғырлы тұлғаларды ұлықтаған

Сыр елі – жыр елінде кіндігі кесіліп, журналистік қызметі басталды. Алатау алабына арманын арқалап барып, азамат болып қалыптасты. Ежелгі Есіл жұртында жаңа астана орнағанда уығын қадасып, шаңырағының тіктелуіне атсалысты. Сондықтан осы күні жөн сұрасқандарға үш елордалық: қызылордалықпын, алматылықпын және астаналықпын деп таныстырады өзін. Өзіміз бұл кісіні журналист-заңгер, аудармашы, тұлғатанушы, қоғам қайраткері ретінде білеміз. Жетпіс жастың жотасына шығып отырған Қазақстанның мәдениет қайраткері Ақайдар Ысымұлының еңбекке араласқан жарты ғасырдан астам уақыттан бері бітірген істері аз емес. Әлі де қоғам өміріндегі өзгерістерге белсене араласып, азаматтық ұстанымын танытып келеді.

[smartslider3 slider=2159]

Шежірелі Шиелі­нің құнарлы топырағынан, қарт Қаратаудың аяқталар тұсынан әр салада аты шыққан талай жақсы мен жайсаң қанат қақты. Атап айтқанда, Алаш қайраткері Мұстафа Шоқай, даңқты диқан Ыбырай Жақаев, сырнай сазымен қазақ даласын тербеткен халық композиторы Нартай Бекежанов, даңғайыр ақын Әбділда Тәжібаев, мемлекет қайраткері, геология-минералогия саласының өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан академик Шахмардан Есенов, көркем әдебиетте күш атасы – Қажымұқанның сом бейнесін кестелеген көрнекті қаламгер Қалмақан Әбдіқадыров – осы топырақтың тумалары.

Бүгінгі Әбділда Тәжібаев ауылында туған Ысымның ­Ақайдары ес білген шағынан аталған тұғырлы тұлғалардың аттарын естіп, еңбектеріне қанықты. Есейгенде атақты жерлес­терін қаламына арқау етіп, насихатын күшейтті. Бұған Нартай Бекежанов туралы «Сүлейлердің сүйрігі», «Мұстафа Шоқай. Түркістан үшін», «Мұстафа Шоқай. Мұстафа жолы», «Шахмардан» сынды кітаптары дәлел.

АЛМАТЫҒА ЖЕТЕЛЕГЕН АРМАН

Оқушы кезінен-ақ қаламға әуестігі оянды. Шиелі аудандық «Өскен өңір», республикалық «Қазақстан пионері» (қазіргі «Ұлан») газеттеріне мақалалар жазды. Орта мектепті бітірген соң, жүрегінде әлдилеген журналист боламын деген арманын арқалап Алматыға аттанды. Көрнекті ақын Ғали Орманов жырлағандай, «Жанайын деген бір шырақ ішінде жалтылдап», қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің сырттай бөліміне қабылданды. Сол студент күнінде аудандық «Өскен өңір» газетінен еңбек жолын бастады. Қатегер, тілші болып қызмет істеді. Үш жылдан соң баспасөзде тәжірибе жинақтап, өзі қалаған жоғары оқу орнының күндізгі бөліміне ауысты. Оны 1975 жылы аяқтады.

Қолына диплом тиген соң, Қазақ КСР Телевизия және радиохабар жөніндегі мемлекеттік комитетіне қарасты Қазақ теледидарында (қазіргі «Қазақстан» ұлттық арнасы), «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінде журналист болды. 1988-1992 жылдары өзі оқыған әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетінде аға оқытушы болып қоса қызмет атқарды.

Елімізде демократиялық өрлеу, жаңғырудың алғашқы толқыны кезеңінде, сол 1990 жылдан Жоғарғы Кеңесте, кейін Парламент Сенатында, Әділет министрлігінде, Премьер-министр Кеңсесінде жауапты қызметтер істеді. Ондай жауапкершілігі зор қызметте журналистік мамандық аздық ететінін түсініп, Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетінің заң факультетіне түсіп, үздік бітірді. Заңгер мамандығын алған соң өрісі кеңейді. Қазірге дейін осы екі мамандықты ұштастырып келе жатыр.

АСТАНА КӨШІНІҢ КУӘГЕРІ

Астананы Алатаудан Арқаға көшіру туралы Елбасы ұсынысын өз құлағымен естіп, бұл тарихи оқиғаның куәгері, жаңа елорда орнағанда 1997 жылы Ақмола қаласына ресми көші-қонмен келушілердің алғашқы легінде болды.

«Бірнеше жыл дайындықтан соң 1997 жылдың күзінен мемлекеттік басқару мекемелерінің біртіндеп Ақмолаға көшуі басталды. Қарашада мемлекеттік рәміздер салтанатпен жекізілді. Сол жылы 8 желтоқсан күні еліміздің жоғары өкілді органы – Парламент аяулы Алматымен, заңғар Алатаумен қоштасып, арнайы пойызбен Арқаға бет түзеді.

1997 жылғы 9 желтоқсан күні пойызымыз екпіндетіп Ақмолаға жетті. Салтанатты қарсы алу жиыны өтті. Бір ғажабы – күн жылы еді, қар еріп жатты. Ба­йырғы ақмолалықтар бұл жайтты қысы қатты солтүстікте болған сирек құбылыс деп айтты. Мұны жақсы ырымға баладық.

10 желтоқсан күні Президент, Парламент және Үкімет бірлес­кен салтанатты жиын өткізді, бұдан былай Қазақстанның астанасы Ақмола болатыны күллі әлемге жарияланды. Міне, тағдырдың жазуымен осындай тарихи оқиғаларға қатысып, елорданың алғашқы күнінен осында еңбек еттік.

1998 жылғы мамырдың басында Ақмола атауы Астанаға ауыстырылды. Әуелде жаңылтпаш­тай естілгенмен, бұл атау көңілге қона кетті. 1997 жылы астана көшкен кезде Ақмолада қазақтардың үлесі 20 пайыз маңында болса, арада он жылдай уақыт өткенде елорда тұрғындарының үштен екісін қазақтар құрауы, күллі Арқа өңірінде қазақтардың саны артуы тек тәуелсіздіктің жемісі еді. Алғашқы жылдары аяулы Алматы түсімізге жиі кірсе, енді ұзап шыға қалсақ Астана түсімізге енетін болды. Астана қазақ рухы жайлаған қалаға айналды» деп еске алады қазір кейіпкеріміз.

Астананы көшіру туралы ой қайдан келгені, Ақмола және Астана атауларының қайдан, қалай шыққаны, Астананың келешегі Нұрсұлтан Назарбаевтың «Еуразия жүрегінде» («В сердце Евразии») атты қазақ және орыс тілінде жарық көрген кітабында жан-жақты баяндалған. Сол кітапты қазақшаға тәржімалаған екі аудармашының бірі – Ақайдар Ысымұлы.

2012 жылы Астана әкімдігінің тапсырысымен «Астана» деп аталатын көлемді кітап-альбом қазақ, орыс және ағылшын тілінде басылып шықты. Астанаға келген мәртебелі меймандарға сыйлауға арналған қала тарихын баяндайтын, бүгінгі келбетін мол суретпен келістіре көрсеткен осы кітапты жазуға да атсалысты. Өңірдің, қаланың ежелгі заманнан 1997 жылғы 10 желтоқсанда астана болып жариялануына дейінгі тарихын қамтыған бөлігі оның қаламымнан шықты.

ТІЛ ЖАНАШЫРЫНЫҢ ТЕГЕУРІНІ

Ақайдар Ысымұлы 2002-2017 жылдары «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы» жүйесінде «ҚазТрансОйл» акционерлік қоғамында еңбек етті. Осында мемлекеттік тілді дамыту секторының бас менеджері болды. Сонда техникалық терминдерді түзу ісіне сүбелі үлес қосты. Мемлекеттік тілді дамытудың өзекті мәселелеріне үн қосты. Баспасөз, сайттарға да тіл проблемасы туралы мақалалар жазды. Тиісті жауапты мекемелердің назарын руханият мәселелеріне аударды.

Мәселен, «Бір ел – бір кітап» республикалық шарасын ұйым­дастыру комитетінің мүшесі ретінде көрнекті қаламгерлер мұраларының насихатталуына күш салды.

ҒАЛАМТОРДА ҚАЗАҚ  ФИЛЬМДЕРІН КӨБЕЙТТІ

Ақайдар Ысымұлы сол кездегі Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлына хат жазып, ғаламторда қазақ фильмдерінің аздығын айтып, оларды көбейту ұсынысымен шықты. Соның ішінде Сайын Мұратбековтің шығармалары желісімен түсірілген Шәріп Бейсенбаевтың «Телі өскен ұл» және Сатыбалды Нарымбетов­тің «Күзгі бұралаң жолдар» кинотуындыларының, жалпы «Қазақфильмнің» барша фильм­дерінің қазақша және орысша нұсқаларын ғаламторға салуға ықпал етуді сұрады. Министрлік тарапынан «Қазақфильм» басшылығына тапсырма берілген. Қазір аттары аталған және басқа да ұлттық кинотуындыларды ғаламтордан тамашалауға болады.

ҚАЛАМ ҚУАТЫ

Кейіпкеріміз қоғам өмірінің сан саласында журналистика жанрының барлық түрінде дерлік қалам тартып келеді. Терең талдамалық мақалалар, көркем очерктер, жедел репортаждар, фельетондар, халықаралық памфлеттер жазды. Әдебиет және өнер сынына да атсалысты. Әйгілі ақын, жазушы, аудармашы Қалмақан Әбдіқадыровтың шығармашылығын зерттеді. Жазушының «Қажымұқан» повесінің қырғыз тіліне аударылуына ұйытқы болды. Бұл ­Ақайдар Ысымұлының қаламгерді таныстыру алғысөзімен 1988 жылы Бішкекте басылып шықты. Қазақстан Журналистер одағы салалық конкурстарының бәйгесін алды.

Қаламгердің қаламынан ­«Есабыз әулие», «Шиелі», «Жылдар ізі», «Әлеуетті әулет. Династия Ашляевых» кітаптары, «Шиелі шежіре», айтыс ақыны Махамбетқали Тұрсанұлы туралы «Сырдың бас ақыны» жинақтары шықты. Сондай-ақ замана тынысы, замандастары жайлы толғаған көркем очерктері, ғылыми-зерттеу, танымдық портреттік мақалалары басқа да оннан аса жинаққа енді.

Ақайдар Ысымұлы саяси, ғылыми, көркем аударма саласында да өнімді еңбек етіп келеді. Қазақстан Республикасының көрнекті мемлекет көшбасшыларының еңбектерін аударуға қатысты.

«Әлемдік саясаттану антологиясын» шығаруға араласты. Әлемнің ірі ойшыл ғұламалары әл-Фараби, Пірәдар Августин, Чезаре Беккариа, Макс Вебер, Иоганн Готфрид Гердер, Данте Алигьери, Томас Джефферсон, Жан-Поль Марат, Алексис де Токвиль, Ибн Халдун еңбектерін қазақ тіліне тәржімалап, ғылыми айналымға қосты.

Әлем әдебиетінің классиктері – ағылшын Чарльз Диккенс, Нобель сыйлығының иегері француз Франсуа Мориак, жапон Кобо Абэ шығармаларын қазақ жұртшылығына ана тілімізде ұсынды. Биыл астанада «Фолиант» баспасынан Ақайдар Ысымұлының таныстыру алғысөзімен Қалмақан Әбдіқадыровтың «Қажымұқан» повесі және «Мың бір түн» төрт томдық хикаялары жарыққа шығады. Бұдан басқа Мұстафа Шоқайдың қоғамдық өміріне арналған танымдық ғылыми-саяси энциклопедияны дайындауға қатысуда. Шахмардан Есеновтің қоғамдық саяси-ғылыми өмірін шығармашылық зерттеумен айналысады.

«МҰҚАЛМАСТЫҢ»  МАҚСАТЫ

Ақайдар Ысымұлы 2020 жылы халықтық бақылау қызметімен айналысатын «МҰҚАЛМАС» республикалық қоғамдық бірлестігін құрды. Қазір осы бірлестіктің төрағасы. Ұйым қызметінің мәні – елдегі сайлау үдерістеріне халықтың сенім деңгейін арттыру үшін Қазақстан Республикасы сайлау заңнамасының мүлтіксіз орындалуын тәуелсіз байқауға «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңында көзделген негіздерде қатысу арқылы Қазақстанда әділ әрі ашық сайлау өткізілуіне, сайлау үдерісіне қатысушы партиялардың, басқа да қоғамдық бірлестіктердің, азаматтардың заңды құқықтарының және мүдде­лерінің қорғалуына септесу. Қазір бірлестіктің Қазақстанның 10 өңірінде, соның ішінде елордада құрылымдық бөлімшелері бар, бәрі де әділет органдарында мемлекеттік тіркеуден өтті. Басқа да аймақтарда құрылып жатыр.

Ақайдар Ысымұлының белсенді қоғамдық еңбегі лайықты бағаланып келеді. Оған қазақ журналистикасының қайраткері, Қазақстанның мәдениет қайраткері, тіл жанашыры, Шиелі ауданының құрметті азаматы құрметті атақтары берілген.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button