Қоғам

Тұғыры биік – Тәуелсіздік!

Республика күніне орай Астана қаласының спортты дамыту дирекциясы  «Тұғыры биік – Тәуелсіздік!» атты мерекелік жиын өткізді. Іс-шараға белгілі қоғам қайраткерлері, Олимпиада үздіктері, Астана қаласы құрамасының аға-жаттықтырушылары, сондай-ақ спорт саласы мамандары қатысты. Мақсаты – спортшыларды патриотизмге тәрбиелеу, ұлттық бірегейлікті сақтау, Қазақстанда бейбітшілік пен келісімді нығайту.

2022 жылғы 29 қыркүйекте Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне кинематографиялық мәдениет және мерекелер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды. Аталған заңға сәйкес 25 қазан ұлттық мереке болып белгіленді. Осылайша биыл үшінші рет ұлттық мереке ретінде аталып өтіп жатқан мейрамда елорданың және еліміздің спорт саласын дамытуға үлес қосып жүрген қызметкерлер Астана қалалық мәслихатының төрағасы Ерлан Каналимов пен  Астана қалалық ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрдәулет Әлмұхановтың Алғыс хаттарымен марапатталды. Дирекцияның биыл жеткен жетістіктері мен атқарған жұмыстары туралы бейнеролик көрсетілді.

— Мемлекет басшысының қолдауымен елордадағы спорт саласының даму деңгейі күн сайын қарқын алып келеді. Қазіргі таңда Астана қаласының спортты дамыту дирекциясында спорттың 95 түрі бойынша 3900 спортшыны  90 аға жаттықтырушы жоғары спорт түріне дайындайды. Олардың көбі қалалық, республикалық және халықаралық жарыстарда жүлделі орындарды иеленіп жүр. Ұлттық мереке қарсаңында осындай жетістіктерімізбен қатар елдігіміздің белгісін көрсетіп, бүгін маңызды жиынды өткізіп отырмыз, — деп мекеме басшысы Олжас Акимов жиынға келген спикерлерге сөз берді.

Спикерлер қатарында «Көк тудың желбірегені» әнінің авторы, қоғам қайраткері Алмас Сақбаев, бокстан Лондон Олимпиадасының чемпионы, Қазақстан Ұлттық Олимпиада комитетінің паралимпиадалық спорт түрлері бойынша вице-президенті Серік Сапиев, ауыр атлетикадан төрт дүркін әлем чемпионы, ҚР Еңбек сіңірген спорт шебері Илья Ильин, Рио Олимпиадасының чемпионы, кәсіпқой бокстан орта салмақтағы әлем чемпионы Данияр Елеусінов, Қазақстан спортшылар одағының төрағасы Азамат Қарлығашев болды. Олардың әрқайсысы бұл күннің маңыздылығы мен өздерінің Тәуелсіз Қазақстанның атағын әлемге паш етуде қосқан үлесі туралы баяндады және өскелең ұрпақты өз елінің патриоты болатындай білімді, мықты, өнерлі болуға үндеді. Салтанатты жиын соңы ән мен жырға ұласты.

Райхан Рахметова

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button