Мәдениет

Тұғыры биік тұлғалар

Ұлттық академиялық кітапханада «Тұғыры биік тұлғалар» атты иллюс­тративті көрме ашылды. Жылдың басында дәстүрлі түрде ұйымдас­тырылатын көрмеге биыл еліміз бойынша және ЮНЕСКО көлемінде мерейтойы аталып өтетін тарихи тұлғалар мен ақын-жазушылардың, қазақтан шыққан белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлерінің архив шежірелері, құжаттары, фотолары, еңбектері, кітаптары мен құнды туындылары қойылды.

Көрменің мақсаты – өс­келең ұрпаққа қазақтан шыққан белгілі тұлғаларды, олардың тағылым жолын, туындыларын таныту, кітап оқу мәдениетін қалыптастыру, кітапхананың имиджін көтеру.

«Тұғыры биік тұлғалар» атты иллюстративті кітап көрмесіне биыл 155 жылдығы аталып өтетін халық әртісі, музыка зерттеушісі, композитор А.Затаевичтің, туғанына 145 жыл толатын ағартушы-ғалым, Алашорда қозғалысын құрушылардың бірі М.Тынышбаевтың, «Боздаланың бозторғайы» атанған К.Әзірбаевтың 140 жылдығы, сонымен қатар қазақтың үш бәйтерегі – С.Сейфуллин, І.Жансүгіров, Б.Майлиннің 130 жылдық мерейтойына орай олардың еңбектері, кітаптары, тарихи деректері топтастырылған.

Кітапханаға келушілер қазақтан шыққан тұңғыш академик Қ.Сәтбаевтың (125 жыл), қазақ бейнелеу өнерінің негізін қалаушының бірі Ә.Қастеевтің (120 жыл), қазақ өнерінің жарық жұлдызы, талантты актер әрі режиссер Ш.Аймановтың (110 жыл), Ұлы Отан соғысының батырлары – Р.Қошқарбаев пен Ә.Молдағұлованың (100 жыл) мерейтойына арнайы дайындалған көрмені тамашалай алады.

Биыл ЮНЕСКО көлемінде ғасырлық тойын өткізгелі отырған Б.Соқпақбаевқа арналған көрмеде классик жазушының шығармашылық мұрасы кең көлемде ұсынылған. Әдебиет абызы
Ә.Нұрпейісов­тің 100 жылдығына, қазақ әдебиетінің қос майталманы – Ә.Кекілбаевтың және Ф.Оңғарсынованың 85 жылдық мерей­тойына орайластырылған және басқа да белгілі тұлғалардың шығармашылық жолдары жасақталған көрмеге ­барлығы 500-ге жуық құжат қойылған. Көрме кітапхана оқырмандарына тұрақты түрде жыл бойы ұсынылады.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button