Түйткілдер түйіні қашан тарқайды?
Есіл ауданының әкімі Төлеген Закарьянов бұрнағы күні «Үркер» тұрғын алабының тұрғындарымен, ал кеше «Астана-РЭК» АҚ компаниясының ұжымымен жүздесіп, есеп беру жиынын өткізді.
«Үркер» тұрғын алабындағы жиынға 250-ден аса тұрғын қатысты. Аудан әкімінің атқарылған жұмыстар жайлы баяндамасын тыңдаған соң олар аталмыш тұрғын алаптағы абаттандыру, көше жарығы мен жол, инженерлік желілерге, су құбырларына қатысты мәселелерді көтерді. Өз кезегінде Үкілі Ыбырай көшесінің тұрғыны Асқар Сейсенбай:
– Осында көшіп келгенімізге 2 жылдан асты. Бірақ әлі де шешімін күткен бірқатар мәселеміз бар. Мысалы, тіркеуге әлі отыра алмай жүрміз. Бұл – бір. Содан соң «Судың да сұрауы бар» дейді. Пайдаланып жатқан суымыздың шығынын төлейік десек, «Астана су арнасынан» әзірге ешкім келіп тексеріп, қадағалап жатқан жоқ. Одан кейін қоғамдық көлік мәселесі тағы бар. Автобус бізге біраз алыстау тоқтайды. Оның жүру кестесін біздің көшеге қарай тым құрығанда бір аялдамаға ұзартсаңыздар жақсы болар еді. 1-2-сыныпта оқитын немерелеріміз бар, одан бөлек, өзіміз сияқты қариялар да көп тұрады ол жақта. Сондықтан жүріп-тұруымызға ыңғайлы болуы үшін осындай жағдай жасауды ескерсеңіздер екен, – деген өтінішін білдірді.
Осы бағытта жұмыстар жүргізіліп жатқанын, бұл мәселелерді өзінің бақылауында ұстайтынын айтқан әкім аталмыш сұрақтарға осы есептік кездесуден кейін 4 күннен соң нақты жауап беретінін жеткізді.
Ал тұрғындардың мәселелерін құзырлы органдарға жеткізіп, түйткілдердің түйінін шешуге атсалысуды өздеріне міндет санайтынын айтқан «Үркер» тұрғын алабының қоғамдық кеңес төрайымы Рашида Тәшенова да аталмыш тұрғын алаптағы бірқатар мәселенің басын ашты.
– Тұрғындар әкімдікке немесе басқа да құзырлы органдарға дер кезінде хабарласа алмаған уақытта бізге жүгінеді. Жалпы, «Үркер» тұрғын алабының шығыс жағында көше атаулары көрсетілмеген. Содан кейін инженерлік желілерде қандай да бір апаттық жағдай орын алса, «Шығыс Үркерде» су да, электр жарығы да тұтастай сөніп қалады. Қашан жөнделгенше өшіп тұрады. Олай дұрыс емес қой. Неге жөндеу жүргізілгенде желілердің белгілі бір бөлшегі ғана өшіріліп, апат болмаған басқа бөліктері қосулы тұрмайды? – деді ол.
Жиын барысында аудан әкіміне бұдан да басқа көптеген сауалдар қойылды. Барлық сұраққа рет-ретімен жауап қатқан Төлеген Закарьянов мәселелердің назардан тыс қалмайтынын айтты.
Ал «Астана-РЭК» АҚ ұжымымен жүздесу кезінде аудан басшысы өзінің баяндамасынан соң аталмыш компания қызметкерлерін толғандырған сауалдарға жауап берді. Сұрақтардың дені автобус қозғалысы мен жылы аялдама, жаңа үйлердің ауласын абаттандыру, кірме жолдарды жөндеу, су тарту сияқты мәселелер тұрғысында өрбіді.
Алғашқы болып сөз алған 220/110 кВ қосалқы станса қызметінің аға шебері Қастай Байсалдин ұжымдарының өте үлкен екенін, жұмыстан 40-50 адамның бір бағытқа қарай қайтатындарын тілге тиек етіп, өздерінің №44 автобусты ұзақ уақыт күтетіндерін, сонымен қатар, қыстың күндері жылы аялдаманың қажет екенін айтты.
Жалпы, аталмыш аудан төңірегінде 300-ден аса аялдаманың 17-сі жабық түрде екенін айтқан Төлеген Закарьянов инвесторлар есебінен қалада тағы 50 жылы аялдама салынса, соның 25-сі Есіл ауданында орнатылатынын жеткізді. Ал «Астана-РЭК» компаниясының маңына жылы аялдама орнату жөнінде ол өзінің бірнеше нұсқасын ұсынды.
– Инвесторлар құйған қаржысын өтеу үшін аялдаманы орнатуда өздеріне ыңғайлы орынды қарастырады. Мәселен, жақында «Жағалау» тұрғын алабында заманауи аялдаманың орнатылғанын білесіздер. Онда сауда-саттық алаңы мен әжетхана қарастырылып, жолаушыларға барынша жағдай жасалған. Дегенмен біз тұрғындардың өтінішін ескере отырып, кейбір орындарды өзіміз де инвесторларға ұсынып көреміз. Дейтұрғанмен, «Астана-РЭК» компаниясының өз жағдайы да жаман емес. Қажет болса, қарамағындағы жұмысшылар үшін бір жылы аялдама салып береді деп ойлаймын. Бұл туралы компания басшылығымен қосымша сөйлесетін боламыз, – деді
Т.Закарьянов.
Ал өз кезегінде «Астана-РЭК» АҚ мемлекеттік сатып алу бөлімінің бастығы Гүлсана Мұхамедиярова пайдаланылуға берілгеніне көп бола қоймаған «Энергетик» тұрғын үй кешені туралы сөз қозғады. Оның айтуынша, Жібек жолы және Е-246 көшелерінің қиылысындағы
бұл тұрғын үйдің балалар алаңы жайсыз. Онымен қоса, аулаға кіретін жолдарды жөндеу қажет көрінеді. Сол сияқты айналасында құрылыс жүріп жатқандықтан, аздаған жел соқса «Энергетик» тұрғындарын шаңға бөктіреді екен.
Кезегі келгенде сөз алған аталмыш компанияның даму қызметінің жетекші инженері Айдын Әлімқұлова Қайым Мұхамедханов көшесіндегі сумен жабдықтау жұмысының қалай жүріп жатқанын сұрады.
Аталмыш көше бойындағы тұрғын үйлерге судың 10 ақпанға дейін берілетінін кесіп айтқан аудан әкімі «Энергетик» тұрғын үй кешенінің мәселелері рет-ретімен жоспар бойынша шешілетінін жеткізді.
– Тұрғындардың көбі баспаналы болуға асығып, оған қол жеткізген соң жаңа пәтерге тезірек көшіп баруға тырысады. Одан кейін қоныс тойын тойлаумен біраз уақыт өтеді. Содан 10 күннен кейін ғана олар су, жарық, аула жөнінде жаңадан салынған тұрғын үйдің мәселесін айтып, әр нәрсеге көңілдері толмай, шағымдана бастайды. Соның бәрін қоныстанбас бұрын, алдын ала жасатып алуды ойластырған жөн болар еді, – деді ол.